Оңтүстік Қазақстан облысында көмір бағасын қолдан көтерген кәсіпкерлерге 9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме беріп хабарлайды. Олар Шымкент пен Түркістан қалаларында, сондай-ақ Арыс ауданындағы базарларда көмірді 20 мың теңгеден сатқан. Негізінен оның нарықтағы бағасы – 10-13 мың теңге. Бұл заңбұзушылықтарды Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің өңірлік департаментінің мамандары арнайы тексеріс кезінде анықтапты. Іс жергілікті мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.
Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Таштанов:
– Бұл жерде ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 69-бабына сәйкес бағаны ұстап тұру келісімдер іс әрекетіне қатысты жалпы 13 нарық субьектісіне тергеу жүргізілді. Оның ішінде 9 нарық субьектісіне монополияға қарсы заңнамасын бұзушылық белгілері анықталып, қазіргі таңда ол бойынша іс материалдар соттың қарауына жолданған болатын,-деді.