Қазақстанға белгілі бірқатар ғалымдардың осыдан бірнеше жыл бұрын жарияланған мақалалары «ғылыми салмағы жоқ» деген себеппен Scopus халықаралық ғылыми базасынан алынып тасталды. 250-ден астам Қазақстан ғалымдарының еңбегі өшірілді.
Қазақстанда PhD докторлық ғылым дәрежесін алу үшін қазақстандық кандидаттар шетелдік ғылыми басылымдарда ғылыми жұмысын жариялау керек. Бұл шарт 2000 жылдардың басында сынақ ретінде жүргізілді, одан кейін міндеттелген. Содан бері қазақстандықтардың ғылыми мақаласы шетелдік журналдарда көптеп жарық көре бастады. Десе де сан болғанымен сапа жағы ақсап тұрған сыңайлы. Оған шетелдік ғылыми басылымдарда мүйізі қарағайдай ғалымдардың еңбегінің алынып тасталғаны дәлел.
Қазақстандық кандидаттардың ғылыми жұмысы шетелдік ғылыми басылымда жариялау үшін не істеу керек?
Кейбір қазақстандық ғалымдардың айтуынша, шетелдік ғалымдар Қазақстанға көп қызыға бермейді. Сондықтан Қазақстан жайлы ғылыми зерттеу жұмыстарын шығара бермейді. Жас ғалым Нұраддин Садықов та осындай пікірде.
- Қазақстанды көбі біле бермейді. Білгеннің өзінде Орталық Азиядағы орыстанған ел ретінде қабылдайтынын мойындауымыз керек. Батыс ғалымдары Қазақстанға ұлттық калориты басым ел ретінде қарай алмайды. Зерттеу нысаны ретінде шетелдік ғалымдарға қызық емеспіз. Себебі Қазақстанға материалық құндылықтары сақталмаған мемлекет ретінде қарайды. Батыс ғалымдары Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан тіпті Ауғанстанды зерттеуге құмартады. Біздің әдеби мұраларымызға шетелдік ғалымдар қызығушылық танытады деуге келмейді. Сондықтан шетелдік ғылыми журналдарға мақала жариялауда қиындықтар туындайды, - дейді Нұраддин Садықов.
Жас ғалым «Батыс Еуропадағы иммигрант қазақ ақын жазушыларының әдеби мұрасы» атты ғылыми жұмысын жазуға көп уақыт пен күш-жігер кеткенін айтады. Ол Франция, Польша, Германияда сақталған мұрағаттан қазақ әдебиетіндегі жаңа есімдерді тауып, олардың шығармаларына терең бойлап, зерттеген, алайда батыс ғалымдарына бұл тақырып қызықсыз болғандықтан тасада қалып қойғанын айтады. Нұраддин Садықов ғылыми әдепке сай, дисертациясын қорғай алмағаннан кейін ол туралы ақпаратты жариялауға болмайтынын айтып қынжылды.
Қазақстандық ғалымдар PHD докторлығын қорғау үшін бір тақырыпты алады. Оның ауқымы Қазақстан төңірегіндегі немесе әлемдік мәселе болуы мүмкін. Зерттеудің көтеретін жүгі қандай деңгейде? Шетелдік басылымдар ғалымның көтерген тақырыбына қызыға ма? Мәселен қазақ жазушысының өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми дисертациялар қорғалып жатыр. Ал қазақ жазушысының еңбегі шетелдіктер үшін қызық па? Осы кезде ғылыми жұмысты жариялау кезінде мәселе туындайды. Ол ғалымның PHD доктарантураны қорғауына кедергі келтіреді.
Осы ретте жас ғалым Нұраддин Садық гуманитарлы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдарға шетелдік басылымда ғылыми жұмысын жариялау шартын алып тастауды ұсынады.
- Бұл техникалық мамандықтар үшін керек шығар, бірақ гуманитарлы салаға қажеті шамалы. Қазақ әдебиетінің тарихынан, қазақ жазушыларының әдеби мұрасы туралы зерттеген еңбектер шынын айтқанда шетелдегі ғалымдарға керек жоқ. Сол сияқты тарихи ішкі этнографиялық, этимологиялық мәселелер де қызық емес. Сондықтан гуманитарлы мамандықтарға мұндай шектеуді алып тастаса дұрыс болар еді. Ал егер алып тастамайтын болса, білім және ғылым саласын бақылау комитеті мақаланы қандай журналдарға жариялауға болатынын айтып, бағыт-бағдар беріп отырса деген ұысыным бар, - деп өз ойын жеткізді.
Батыс ғалымдарының қазақ ғалымдарының еңбегіне қызығушылық танытпағанымен қоса, қаржылық қиындық және алаяқтық секілді мәселенің ұшы шығады.
Мәселенің ара-жігін тарқатып өтейін. Ғалымдар инфофакторлы жүйедегі шетелдік ғылыми басылымда еңбегін жариялау үшін біраз қаражат жұмсайды. Ең алдымен оны қазақ не орыс тілінде жазады, одан кейін ағылшын тілін білмеген жағдайда оны аудармашыларға аудартады. Шетелдік басылымға жіберіп, қаржысын төлегеннен кейін мақала жарияланады. Алайда инфофакторлы жүйе әр жарты жылда жаңартылып отырады. Осы уақытта мақала жарияланған журнал жаңартылған тізімде жоқ болып шығуы мүмкін. Ал оған ғалымдар 700 еуроға дейін қаражат жұмсайды.
Нұраддин Садықтың айтуынша, бұл жағдай Қазақстанның білім және ғылым саласын бақылау комитеті ғалымдарды шетелдік алаяқтардың талауына беріп отырғанының көрінісі.
Журналдардың өз есептеу коэфициенті бар. Ғылыми дәреже алу үшін PHD докторы 0,1-ден жоғары коэфицентті болуы керек. Ол жылда немесе алты ай сайын жаңартылып тұрады. Сол уақытта кандидаттардың мақаласы жарияланады, бірақ тізімнің келесі жаңартылған кезеңінде журналдың коэфициенті төмендеп кетуі мүмкін. Себебі оған деген сұраныс, оның оқырмандары және оны іздейтін адамдар азайғандықтан ол тізімнен шығып қалады. Оларды «хищник журналдар» деп атайды. Ал оған мақала жариялау құны әртүрлі. Мәселен мың доллар, еуромен есептесеңіз 200,300 еуродан 500, 1000 еуроға дейін барады.
Осы ретте ғылым саласын бақылау комиеті ғылыми мақалаларды тегін жариялайтын басылымдардың барын айтады. Алайда тегін жариялау үшін бір, екі жыл кейде одан көп күту қажет болады. Ал PHD доктарлық немесе профессорлық атақты алу үшін ғылыми мақала уақытылы шығу керек. Сондықтан кандидаттар амалдың жоғынан ақылы журналдарға мақаласын жариялауға мәжбүр.
Қазақстан ғалымдарының әлеуметтік жағдайы
Жаңалық ашып, елге, әлемге жаңа, тың дүние алып келу үшін ғалымдардың жағдайы жақсы болу керек. Бұл – өмір заңдылығы. Қу тіршіліктің қамымен жүргенде ғылым жолында еңбектенуіне уақыт та, мұрша да бола бермейді. Бұл ретте Қазақстандағы ғалымдардың жағдайы керемет деуге келмес. Мәселен Алматы университетінің оқытушысы, жас ғалым Алмас Найманбай Оңтүстік Корея ғалымдарының жағдайы мен Қазақстан ғалымдарының жағдайы жер мен көктей екенін айтады.
- Өз тәжірибемнен айтайын, Оңтүстік Коряеның Дон Вук университетіне барғанда оқытушының, ғалымның деңгейі әкім, министр керек десеңіз президенттің деңгейінен жоғары екенін байқадым. Ғалымдар мен оқытушыларға студенттердің, жалпы халықтың құрметі өте жоғары. Ал әлеуметтік жағдайы бізден он, жиырма есе жоғары десем өтірік айтқаным емес. Жас ғалымның өзінде жеке кабинеті болады. Кітапханалары 24 сағат ашық.
Гази университетінде болдым. Ол жерде де профессорлардың жеке кабинеті мен хатшысы бар. Ал Қазақстанда профессор, академик, ғалымдардың ондай мүмкіндігі жоқ. Әсіресе қазір оларға үлкен салмақ түсіріп, ауыр тиіп жатқан мәселе - зейнет жасынан асқаннан кейін олардың ғылымнан, университет тарапынан шектетілуі, сағат бермей шектеу қоюы, - дейді Алмас Найманбай.
Оқытушылардың өз бетінше ізденуіне кедергі келтіріп отырған мәселелердің бірі – қағазбастылық. Оқытушылардың уақытының көбі - қағаз толтыруға кетіп жатыр. Алматы университетінің оқытушысы Алмас Найманбай 21-ші ғасырда бүкіл әлем цифрлы жүйеге көшіп жатқанда, қағаз толтырудан бас ала алмай отыру елдігімізге сын екенін айтады.
- Бір пәннің бағдарламасы, оқу-әдістемелік кешені, студенттерге дайындайтын тест тапсырмалары бар. Оған лекция, дәрістің тезистерін қосыңыз. Оның бәрін жинақтайтын болсақ біршама бетті алады.
Бір оқытушы бес, алды он пәннен сабақ береді. Әрқайсысын есептейтін болсаңыз отыз, қырық, тіпті жүз беттік оқу бағдарламасы дайындалу керек. Ол - бір. Екіншіден, жарты жылдық немесе жылдық есептеулер тағы бар. Оның ішінде тәрбие, ғылым, студенттер, ата-ана, суденттердің туған жері туралы мәлімет дегендердің бәрін қосатын болсақ әрине ол оқытушы үшін үлкен жұмыс. Оның бәрі қағаз толтырумен ғана бітетін шаруа. Ал комиссия келгенде толтыратын қағаз саны артады, - дейді Алмас Найманбай.
Оқытушылар қалың қағазға көміліп отырғанда ізденуіне, жаңа, тың ғылыми жаңалықтарды тәжірибе жүзінде қолданып, студенттерге жеткізуіне, ғылыммен айналысуына уақыт жетпей қалатыны анық. Қазақстанға керек десеңіз бүкіл әлемге жаңашылдық, тың серпіліс әкелетін ғалымдарды қағазға жегіп қойғанымызда, құжаттардың мұнтаздай толтыруынан да мың есе маңызды дүниелердің шешілуіне кедерге болмай ма деген де күдік бар.