Бүгін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен Астанада Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтуде, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Халықаралық форумға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым Жомарт Тоқаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Сенат және Мәжіліс депутаттары, теолог-ғалымдар, облыстың бас имамдары қатысты.
Форумда ҚР Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз Еуразия мұсылмандарын біріктіретін ортақ тарих пен мәдениет барын айтып өтті.
«Сырттан келген тасқындарға төтеп беру үшін Еуразия мұсылмандары мәдени және рухани интеграцияны жандандыруымыз керек. Біз діни тұлғаларымыздың өнегелерін дәріптеуіміз керек. Тұлғатану ізденістерін жүргізіп, бірнеше тілде ортақ хрестоматиялармен оқулықтар шығаруды керек деп санаймын. Сондай-ақ ортақ тұлғалардың жыл сайын дәстүрлі оқуларын жүйелі түрде ұйымдастырған абзал. Осындай игі жобалармен рухани интеграциямызды арттыра түсеміз деген сенімдемін. Еуразия мұсылмандары радикализмнің кез келген түрін оның ішінде дін атын жамылған сопылық әрекеттерді ешқашан қолдамауға тиісті. Керісінше исламға қатысты қорқыныш орын алмас үшін діни радикализмге орынды сын айтып, ортақ ұстанымдарымызды жариялап отыруымыз керек. Еуразия кеңістігіндегі мұсылман халықтары негізінен зайырлы мемлекеттерде өмір сүреді. Әлбетте зайырлы мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері бар. Дегенмен дінді саясиландырмау қағидасы зайырлы мемлекеттердің барлығына ортақ деп санаймын. Олай болса біз қандай жағдайда да дінді саясаттың құралына айналдырмауымыз қажет. Қазіргі әлемдегі күрделенген діни ахуал дін қызметкерлерінің жауапкершілігін одан сайын арттыра түсті. Осы мақсатта мүфтият екі рет республикалық имамдар форумын, Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы, «Имамның тұлғалық келбеті», «Үздік зияткерлік имам» сынды тәлімді құжаттарды қабылдады. Мүфтияттың бастамасымен орталық Азия ғұламаларының форумы да өтті. Аталған іс-шаралар діни басқарма жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Қадірлі ағайын сан ғасырлық тарихы бар халқымыз түрік мәдениетінің мирасқор ұрпағы. Біз шариғат қағидасы мен дала заңын үйлестіріп, үлкенге ізет, кішіге құрмет ұстанымын ту етіп келген елміз. Тәуелсіз жас мемлекетіміз ұлтаралық діндер арасындағы алауыздықтар мен дау-дамайларға тосқауыл қоюға талпынып, тыныштық пен татулықты басты тірек етіп келеді. Соның жарқын мысалы ретінде Елбасы бастамасымен 2003 жылдан бері әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес дүркін сьездін өткіздік. Өйткені баршамыз Адам ата мен Хауа ананың ұрпағымыз. Алла Тағала Қасиетті Құранда «Уа, адам баласы шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден Адам мен Хауадан жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік», деп баяндаған. Қазақ халқында бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай деген нақыл бар. Ендеше баршамыз бір ғаламшарды мекен етіп отырғаннан кейін бір атаның баласындай ынтымақта өмір сүруге тиістіміз», - деді бас мүфти Серікбай қажы Ораз.
Халықаралық форумның мақсаты мен міндеті – жаңа замандағы мұсылман қауымының жауапкершілігі мен өзара түсінігін қалыптастыру, әлемдегі сын-қатерлерге жауап беру, бүгінгі мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін арттыру, ортаазиялық тарихи діни мектептің рөлін арттыру, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына орай қазақ топырағынан шыққан әлемге танымал діни тұлғалардың еңбегін насихаттау, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру, Еуразия кеңістігінде діни ықпалдастық пен рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу, т.б.
Пікір қалдыру