Алаш арманы

/uploads/thumbnail/20180131193948353_small.jpg

(Ақымет  Байтұрсынұлының  рухына) 

1. Рух

  Жыланның жүрісіндей жылжып еппен

  Содан бері самарқау жүз жыл өткен. 

  Жалған дүние ұялып, 

  Ақиқаттың алдында дір-дір еткен.

  Шындығын сол ғасырдың ұққанда әр күн,   

  Жұртымның жүрегінен жұтты аңғардым. 

   Ессіз тарих жазықсыз басын алған 

   Аузынан «Алаш!» сөзі шыққандардың...  

  Өрт кеткендей өгейсіп жасыл қырат,   

  Көмілді егей арман, асыл мұрат.

  Қаны қайсар қара жер солқылдайды  

  Ерлерін бауырына басып жылап. 

  Ашаршылық.  Қырылды, ел жасқанды,  

 Қайғы басты кешегі шер басқанды. 

 Алты түмен батырдың қолға түскен 

 Төрт түмені мезгілсіз жер жастанды.

 Қайғы түсіп соңынан, қуалап мұң,  

 Түбі сая болмады қу ағаштың. 

 Адамзат тарихының ауыр күні 

 Өтіп жатты басынан бұл алаштың. 

  1. Ақымет   

 Өр рухын жаулауға құртты малын,   

 Салық келіп сандалтты жұртты қалың. 

 «Байтұрсынов атылсын!» деген

  Сұрланып, қолын қойды мұртты залым. 

  Оқ шықты аш мылтықтың ұңғысынан,  

  Адамзат айырылды тұңғышынан

  Қасқайып оққа қарап тұрды Ақымет. 

 Түңіліп ол көрмеген тумысынан.   

  Шейіт боздақ! 

  Еріп ұшты келте нұрмен   

 Өксиді қап-қара аспан шер төгілген. 

 Өлімді өкінішссіз қабылдады  

Атыларын қайран ер ерте білген...  

  1. Тапсырма   

 «Қазақстан, біз кеттік, сен қаласың!

  Мені өмірге әкелген сен де, анашым! 

 Ер өлді, елім қалды, жеңді Алашым, 

 Жалғандықты күні ертең сен жабасың!   

 Топырағынан аңқысын қазақы ұғым,  

 Әлемді тамсандырсын азат үнің. 

 Мен Жәннатқа алаңсыз кірем, жұртым,

Естілсе тас бұлақтай таза тілің!   

Аман бол, беу Алматым, ізгі астанам, 

Сыйладың қартаймайтын мың жас маған. 

 Кешікпей еркіндіктің таңы атады, 

 Күресті ұл жалғайды біз бастаған. 

 Есен бол егей далам, Қостанайым,  

 Жоғымды сен түгенде, жоқшы ағайын. 

 Мен несіне ажалдан жасқанайын?! 

  Мен далама жерленсем, бақ санайын!    

 Ақ бас таулар, аман бол, о, сері шың!   

Сен бабамның теңдессіз мекенісің. 

 Етегіңде ел-жұртым туын тігіп, 

 Қайта жаза бастайды кешегісін.

 Мен жығылдым қазағым, бел астым да,

 Бөленерсің бейбіт ел сен ақ нұрға. 

 Ұмытпа, біз жатқанмен көр астында, 

 Ақиқат қалмайтынын жер астында!..                     

       ***  

Өмірден кетті осылай тасқын дарын,  

 Бүгін біз тарта міндік аттың жалын. 

Жау алмайды шалдықпай орындасақ,

Шын ғалымның шырылдап тапсырғанын. 

Әділет Ахметұлы

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар