Ықылас Ожайұлы. Голограмма(Джон Кехо  немесе Сұраған ақын)

/uploads/thumbnail/20180220124845023_small.jpg

Біз кез келген мәтінді сөз деп қана түсінетін мүгедек  танымға түстік. Әрине, «ноқталы ми» шеңберінен шыға алмауымыздың  басты импульсі   үш ғасырлық отарлау саясатында жатыр. Отарлау дегеніміз  –   нысанаға алынған  этностың еркін ой ағысын толығымен тежеп, бозжусан болмысын басқалай бағытқа  өзгертіп жіберу ғой.  Тоқыраған танымнан бір  мысалды  куәгерлікке тартайық.  Айталық, батырлар жырында көп кездесетін «Отқа салса жанбайтын суға салса батпайтын» түсінігі  дәл қазір біздер үшін  батырды әсіре көтермелеу секілді болып қабылданары  анық. Осы бір отқа жанбау оқиғасы киелі төрт кітап  парағында да қатталып қалған екен. Бұл  көбіне Ибраһим пайғамбар өміріне тиесілі. Көне хиссада пайғамбар қарсыластары ішіне ағаш өртеліп  әбден  нарттай қызарған  ор ішіне  Ибраһимді лақтырғаны баяндалады (Аталған оқиға Құранда  «Әнбия» сүресінің 69-аятында да  айтылады). Бір қызығы, жоғарыдағы  кітаптардың  барлығы да бір ауыздан  Ибраһим пайғамбардың  бұл  отқа  жанудың  орнына, керісінше  селк-селк етіп тоңғандығын  әрі  аталған «қияметтен» аман-сау құтылғанын алға тартады.  Міне, хиссаның ұзын-ырғасы осы ғана. Біз күдікке жосын ұялатып бұл хисса дерегіне нанбайтындар қарасының  мол екендігін ептеп ішіміз сезеді (Алайда  біздер  үшін бұл ешқандай  да  жалған  ақпар емес). Оқиғаның осылайша  құбылып кетуіне басты  дәйек  болған АДАМ  РУХЫНЫҢ  күші  мен дәргейі  дейміз.  Ибраһим пайғамбар лаулаған отқа неге жанбады? Бұл нендей заңдылықтардың негізінде жүзеге асты, міне бұған еш бас қатырғымыз жоқ. Керек десеңіз сол пайғамбардың өзі ет пен сүйектен жаратылған адам баласы екендігін есімізден шығарып аламыз. Біз көбіне мұндай тұлғалардың (полигамия немесе сақалы секілді) сыртқы сипаттарына ғана еліктегеніміз болмаса, ал ішкі рухани жан қабаттарына атымен де аттап басқымыз келмейді. Пайғамбарлар мен данышпандардың (дұрысы тұлғаның)  басты миссиясы адамды өз танымына тәрбиелеп, өзі жеткен кемел рух кеңістігіне көтеру ғой. Көне Мирдад кітабындағы бір ғақлия: «Сіздің әр ойыңыз аспанда жалындаған үлкен әріптермен жазылып,  ол әр адамға көрінеді деп ойласаңыз, шындығында да  дәл солай болады», – дейді.  Ендеше  «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын»  ұғымы әсіре сөз  емес, адам  рухының  шын анықтамасы екен. Сол үшін де  біздің бабатаным  рухын  игерген  осындай  жандарға  БАТЫР  деп  айрықша  атау  беріп  отыр. Сонымен  батыр дегеніміз тек биологиялық  бұла күш иесі ғана емес, өз рухын емін-еркін  игерген  ғажайып адам (Ал мұндай РУХҚА қожайын болған  жанның мысалына Ибраһим ғалайһсаламның оқиғасы куә деген ойдамыз). Біз өкінішке қарай  рухтың  мұндай  дәргейіндегі  жойқын  кереметтерді «бақсылық» деген бір-ақ  атаудың  айналасына ғана топтап,   белінен сыздық та салдық.  Әйгілі Архимедтің  «Егер  маған  тіреу  нүктесін берсеңдер жер шарын да төңкеріп тастаймын» пайымында тек физикалық  мазмұн ғана емес,  алапат  рухтың да  әмірі  жатыр. «Адам бұ дүниеге келгенде біреуге қызмет ету үшін емес ( табынғаны пайғамбар болса да), өз кесесін тауысып ішу үшін, өз рухын тану үшін келді», – дейді Таласбек  Әсемқұлов. Бұл постулат адам өз рухын танығанда ғана болмыстың мәні айшықтала түсетінін ишаралап тұр ғой.  Ендеше,  ақыл ми  мен материяның, ал  рух  Алла  мен  адам арасын байланыстырған  бейне бір көпір іспетті. Біз бұдан адам  баласының асқақ мандатын пайымдаймыз. Төмендегі Сұраған Рахметұлының өлеңі де осы өлшем жайын  сөз етіп отыр.

 

                                 Қара жерменен ғазиз де қарбыз

                                 басым тең.

                                 Сана жұлдызы жарқырап аққан

                                 жасыл сең.

                                 Алғашқы заңдылық жазылған

                                 тастар айтады:

                                «Қаймана халық құдайдан жалғыз

                                  жас үлкен...»

 

                                  Алты құрлығым ауаның, будың

                                  Күшінен,

                                  Тұрса да оның өлімі қос аяқ

                                  Малғұн – Кісіден.

                                  Екінші формула:

                                  Етпенен жүрекке қатыссыз:

                                  Жалпы жұртымды-жарты құдай деп

                                  түсінем!

 

Канадалық танымгер жазушы Джон Кехо өзінің «Подсознание может все» кітабында  голограмма деген ұғымға арнайы тоқталады. «Әлем – бұл алып голограмма. Ал голограмма дегеніміз – «біртұтас дене». Яғни ғалам – бүтін ағза деген сөз» дейді автор (Осы теорияны тұңғыш рет тапқаны үшін 1947 жылы Денеш Габор (Денис Гарбор) деген венгр ғалымына Нобель сыйлығының лауреаты атағы берілген  екен). Кехо аталған ұғымға терең талдау жасай  отырып, адам  таңданарлық  мынадай  ақпар  береді.

Ол «Упанишад» (Көне Ведалық санскрит тілінде жазылған діни-философиялық трактат) кітабынан: «Бір тал шөп (жазықыз) жұлынғанда, барлық әлем дір етеді» деген ойға сілтеме жасайды. Сосын бұл  ұғымның айнадай  ақиқат екендігіне ғылыми  тұрғыдан  айғақтар  іздейді.

Рас, дүниенің «біртұтас», сондай-ақ бір-бірімен етене байланыста екендігін алаштың рухани көсемі Әлихан Бөкейхан да өз еңбегінде атап өткен екен. Біз әдетте «жеті жоқ» тізімін  жақсы білеміз ғой.  Бірақ та «...құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ» деп жалғаса беретін осы тізімге «неге бұлай» деп бірде біреуіміз қарымта сауал қатпаған секілдіміз. Жаратылыстың өзара байланыста болатынын әрі бірінсіз бірінің күні жоқ екендігіне алаш арысының мына бір жазбасы  куәгер бола  алады  деген ойдамыз.

«...Жылқының жалындағы, мойнындағы, сирағындағы сірке-бүгелектің жұмыртқасы. Бүгелек құрт мүшелін жылқының таз қартында өткізеді. Жылқы қасынысқанда сіркені сілекейіне жұқтырып алып жұтып салады. Сірке таз қарын барғанда, қоныс жаңа келісті ғой деп құбылып құрт болады. Құрт жасы толғанда тезекпен араласа жерге түсіп, желіннің басында бұршақ мүшелін өткізіп, бүгелек болып шыға келеді...», – дейді. Бұл  қарапайым ғана мысал болғаныменен ішкі мазмұны өте зор.  Ал мұны не  үшін  айтып  сөз  шығындап  отыр  дейсіз  ғой.

Егерде жылқы болмаса бүгелектің де атымен болмайтынын, жоғарыда аңдатқан жылқыда өт болмауының жұмбағы да осы бір жаратылыс сырында  жатқандығы үшін Әлихан  дерегін әдейі  келтіріп  отырмыз.

Шығыстың алыптар галереясының сапындағы Сағди Ширази: «Барлық адам бір ғана адамның денесін құрайды. Сол сияқты неше миллиард адам бір ғана адамның болмысын құрап тұр. Бойыңда бірер клеткаң ауруға шалдықса, соның азабын бүкіл тәнің тартады. Бұл да бейне бір сол секілді. Жер шарының басқа бір шетіндегі бір адамның баласы қасірет пен қайғыға душар болып, соған жүрегің еш ауырып сыздамаса, тәйірі, сен  адам емессің», – дейді данышпан. Мінеки, жәй ғана екі аяқты пенде емес, адам болудың  парызы әманда қиын. Осыған қарап отырып дүниенің «біртұтас дене» екендігін, бұл мысалдар жер бетінде орын алған кез келген келеңсіздікке әрбір жан иесінің пұшайман хал кешетіндігін сезіндіріп тұрғандай. Сонымен «Упанишад» парағына дестеленген: «Жазықсыз жұлынған жалғыз тал шөпке дүние дір етеді» қағидасы  рас па?! Мұны кім сезуі мүмкін?! Ақын жүрегі ауарай  бақылағышы секілді дейтін еді  ғой.  Не де  болса себебін  Сұраған  ақыннан сұрастырып  көрелік.

 

                                   Себебі, дейсің бе, себебін сұрасаң

                                   Ол былай:

                                   Қандай бір күштен миымыз қалған

                                   сорғымай.

                                   Жер ҚҰПИЯСЫН саған қақ бөліп

                                   Ашып берер ем,

                                   Қолымды қаққан инеліктердің

                                   қорлығы-ай.

«Қара жерді қаққа бөлу» адам қолынан келетін іс екендігін Архимед әлде қашан айтып тастаған дедік. Дәл осыған пар қиянатқа да адам баласы еш ойланбастан бара алады. Десек те пенденің мұндай парықсыз пиғылына күллі тіршілік атаулының жаны қас. Әнеки жұмыр жердің тыныштығы үшін де инеліктің шыр-пыр  болып отырғаны осы ғой. Қазіргі жаһандану үдерісінің қарқыны қатты. Жер бетін  бұрнағы «біртұтас» ұғымына қарай ұйытып барады (Біз бұл жерде виртуалды әлемдегі біртұтастық жайын айтып отырмыз). Мүмкін енді бір елу жылдың бедерінде бүкіл адамзат баласы «біздің жер үсті» деп сөйлейтін болар. Қалай десек те қара жер тек адамның ғана ақылымен  емес,  инеліктің де игі тілегі үшін  аман-сау  тұрған  тәрізді...

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар