«Рух» пен «Ауылым – алтын тұғырым!» Бауыржан Қарағызұлының жеке меншігі ме?

/uploads/thumbnail/20180315114420820_small.jpg

«Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап!», «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деген сөздер қыжыртпа үшін жақсы, әрине. Бірақ, ол мына мақаланы бүгін бір-ақ жариялауға жүрмейді. Себебі, бұл «Рух» байқауының қорытындысы шыққан күні жазылған болатын. Оған сол күні алдын ала оқытып алған әдебиет сыншылары Анар Қабдуллина мен Бауыржан Сегізбаев куә.

Сонымен, мақаланы қабылдаған газет редакциясынан бұны не үшін жариялай алмағанын қазбалап сұрамадық. Әйтеуір, «іште пікір өлгенше...» деп уақытылы қолға қалам алғанда, оқырманмен мына бір жайтты бөліспек едік...

Жантықтан асқан жау жоқ. Ондай опасыздар басқа басшылардан гөрі, президенттің айналасына топтасса, аса қауіпті. Алты адамдық асхана ашса да оны «Елбасының тапсырмасы бойынша...» жүзеге асыратын саяси ұстанымға енді «Рухани жаңғыру аясында...» деген паразит кіріспе қосылды. Сауатсыздың саусағы да, бетсіздің бақайы да «рухани жаңғыру аясында» қимылдайтын болып алған. Өте аяр тірлік! Мәселен, құйрығын екі бұтының арасына қысқан қай қорқау арыстанға абырой әперіп еді? Тек көзін ала беріп, оның тапқанынан қапқаны болмаса...

рух

Сонымен, 2017 жылдың 12 сәуірінде Ақорданың сайтында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Оны мемлекеттік БАҚ бірінен соң бірі көшіріп басты. Сонда да шен-шекпенділердің ешқайсысы көшбасшыларының не жазғанын ұқпағанға ұқсайды. Облыс әкімдері өздеріне қарасты аудандарға қазақ және орыс драма театрларының әртістерін жіберіп, бір-екі көрініс қойдырта салды. Болды. Олар өздерін сонымен «рухани жаңғырып отырмыз» деп ойлайды. Бәріне анау мақаланы үтір-нүктесіне дейін жаттатып, мазмұнын сұрап алып барып жұмыс істетпесе, мына сиықтарымен Нұрсұлтан Әбішұлының абыройына нұқсан келтіре беруден әрі аса алмайтындары анық. Ең сорақысы, бір пысықайлар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында» деген желеумен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты жоба ашып алыпты. Атауынан ат үркетін осы жоба бойынша құрылған «жұмыс тобының» жанталасымен едел-жедел «Рух» деп аталатын әдеби байқау ұйымдастырыла қойды. Соның басы-қасында жүріп, әдетінше әсіребелсенділік танытып үлгерген «Әдебиет» порталының бұрынғы басшысы Бауыржан Қарағызұлы: «17 қараша мен 5 желтоқсан аралығында мыңнан астам туынды келіп түсті. Оның 899-ын порталға жарияладық», – деді. Айтуынша, 19 қазы болыпты. Олар 19 күнде қабылданған мыңға жуық шығарманы 3-4 күн аралығында қарап шығыпты-мыс. Арасында бірнеше драматургия, роман, повесть, поэма сынды көлемді дүниелер бар десек, айналдырған 19 адам бір жұма ішінде аты-жөндерге қарап «бал аша салмаса», не оқып үлгеріпті сонда? Бауыржан Қарағызұлының таратқан мәліметінше, тіпті, «көптеген шетелден қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған, алуан түрлі жанрдағы туынды келіп түскен». Қазылық құрамды қарасақ, олар – Төлен Әбдік, Мейірхан Ақдәулет, Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, т.б. қазақтілді қауым. Ал осының ішінен орысшаны былай қоя тұрып, ағылшын тіліндегі шығармаларды оқи алған кім бар? Дегенмен, «өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам». Арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында қазылар алқасының төрағасы Төлен Әбдіктің айтқаны – шығармалардың басым көпшілігі орыс тілінде (қазақ бөлімінде – 403, ал орыс бөлімінде – 493) болған. Одан кейін порталға өзіміз кіріп қарағанда, шынымен Олег Михайловский, Malika, Махаббат Садықова деген тіл меңгерген 3 автордан басқа «шетелдікті» көрмедік.

Тағы бір ғажабы, бұл байқаудың жеңімпаздарға берілген жүлде қоры – 24 миллион теңге! Сондағы 8 аталымның Гран-при иегеріне 2 миллион, бірінші орын алған адамға 1 миллион теңгеден ақшалай сыйлық тігілген. Екінші, үшінші деген «ұсақ-түйек» орындар қарастырылмаған. Ал Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Әбіл Жоламанов: «Жалпы ұйымдастыру жұмыстары мен жүлде қорын қосқанда, 61 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр», – деді арнайы баспасөз мәслихатында. «Әдебиет порталына» аударуын аударып берген оларда кінә жоқ. Енді есептей беріңіз... Тек «ұйымдастыру жұмыстарына» қалайша анау-мынау емес, 37 миллион теңге (!) жұмсалады?! Соны біреу жіктеп-жіліктеп бере ала ма, «баннер ілуге осынша, фуршетке осынша кеткен» деп?

Ал ақын-жазушылардың жасына ешқандай шектеу жоқ. Кез келген мектеп оқушысы Мемлекеттік сыйлықтың 70-80 жастағы иегерлерімен қатар тұрып сайыса алады. «Демократия»! Осы талапқа сүйенген Несіпбек Дәутайұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Исраил Сапарбай, Тұрысбек Сәукетаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Иран-Ғайып сынды мүйізі қарағайдай ағаларды қазылар алқасының емес, үміткерлердің қатарынан көрдік. Солардың уысынан түкке тұрғысыз 1-2 миллионды жұлып әкетпек болған жас буын жазғыштарда да ес жоқ. Бірақ, осындағы студенттер мен жалаңаяқ жас әдебиетшілер болмаса, үй-күйі, атақ-даңқы бар ақын-жазушыларға не жетпей жатыр екен?! Демек, осындай елге еш пайдасы жоқ өтірік іс-шаралар үшін шығындаған миллиондарға әр ауылдан шағын кәсіпорын ашып немесе ақсап жатқан шаруа қожалықтарын дамытсақ, Нұрекең нұсқаған нақты рухани жаңғыру дегеніміз – сол! Мәселен, өткен-өтпегені белгісіз болып қалған мына байқаудан гөрі, жалпы қоры 61 миллион теңгені бір балалар үйіне немесе оңалту орталығына жұмсаудың сауабы да мол болар еді...

Енді «халықаралық байқаудың» жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне келейік. Біріншіден, «жеңімпаздардың» шығармалары «Конкурс ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелерді жүзеге асыруға бағытталған» деген талапқа мүлде жауап бере алмайды! Таптаурын тақырыптары басқа жақта тапырақтап жүр. Тек Несіпбек Айтұлының сол байқау үшін тездетіп «Жаңғыру жыры» деген бірдеңе жаза қойғаны болмаса. Оның өзі – идеясы, мазмұны жоқ құр сөз. Соған бірінші орынды ұстата салғаннан-ақ, қазылардың әншейін «қазы-қарта жеу үшін» келгенін аңғару қиын емес. Екіншіден, «миллионерлер» арасында жаңа есім жоқ. Сатылымда – сол баяғы киіз болып қалған көне сақалдар мен Бауыржан Қарағызұлының жақсы араласатын дос-жарандары. Осы орайда айта кетер бір жайт, байқаулары басталған күні Бауыржан Қарағызұлы фейсбук әлеуметтік желісінің мессенджерінен «Рухани жан кіру!» деген топ ашты. Сол сәтте бір-бірінің ортанқол жазбаларын көпірте мақтап, жағымпаздықтан «жандары кірген» жас жазғыштардың ішінен кімдердің жүлде алатыны белгілі болып қалған-ды. Баукең сабаз оларға бәрі өз қолында тұрғанын: «Биыл жүлдеге ілікпегендерің келесі жылы аласыңдар. Онда ілікпегендеріңе арғы жылы береміз. Бәрің де жүлдесіз қалмайсыңдар!», – деген емеурінмен ұқтырып қойды. Бұл сөзімізге сол жазғанын оқыған жүздеген жас ақын-жазушылардың адамнан емес, Алладан қорқатындары куәлік ете алар. Сонда немене, оның аралас-құраласынан басқа қазақтан қолына қалам ұстаған талант табылмай ма?! Әлде, «Рух» пен «Ауылым – алтын тұғырым» байқауы Бауыржан Қарағызұлының жеке меншігі ме? Бұлай дейтініміз, «Ауыл» партиясы мен «Әдебиет порталы» бірлесе ұйымдастырған екінші байқауда да кімнің нешінші орын алатынын сол ғана шешіп жүргенін қатысушылардың бәрі біледі. Жылдағы «жеңімпаздарының» дені өз маңайынан болып шығатыны айдан анық.

ауылым

Сөйтіп, бұл «Рух» байқауы жеңімпаздарының кітаптарын 2018 жылғы бюджет қаражаты есебінен кем дегенде 2 мың данадан шығарып беріп, қаламақысын төлеу жоспарланған. Ал рухани жаңғыруға осы тұрғыдан бір қарап көрсек, ол – таңдамалысы жарық көрген сақа жазғышқа емес, тырнақалдысын шығара алмай жүрген жас талантқа қолдау көрсету болуы тиіс-тін. Осы орайда, тағы бір шикілік бар. Мәселен, байқау жеңімпазы ресейлік орыс пен британиялық ағылшын болса (қанша дегенмен «халықаралық байқау» ғой), олардың да кітабын Қазақстанның мемлекеттік бюджеті есебінен шығарып бермек пе еді, бұл шырақтар? Жалпы, олар да біздің тиын-тебенге 2-3 мың дана кітап шығартып алуға зәру ме екен? Олай болса, өзгені емес, өзімізді ғана рухани жаңғырту бағытын көздеген президент саясаты қайда қалады? Және сорақысы, бұл әр қазының «сүйген құлына» шүлен тарату ісі жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасады екен...

Қысқасы, біз қазіргі қазақ қоғамының ептеп жаңғыра бастамай, әлі мәңгіріп отырғанына тағы бір мәрте көз жеткізгенімізді ғана жаздық. Әсіресе, елдегі әдебиет саласы өкілдерінің қатты мәңгіріп, мәңгүрттеніп біткені сонша, олар үшін елбасының мақаласы не, Еркеғалидың мақаласы не, бәрібір сияқты...

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар