Мынау жазық, анау құм, қыраттарда, Сонау таулар көз жетпес ұзақтарда, Менің Ата – бабамның басы жатыр, Баршасына сыйлай көр Жұмақты Алла. Сол бабалар даңқы әлі ұмтылмауда, Өр мақтаныш бастап жүр ұлтымды алға, Тарихым бар ерліктің исі аңқыған , Батыр халық қылыпты жұртымды Алла. Бір заманды, кері заман алмастырды, Күштілер әлсіздерді жалмап тынды, Білге қаған, Күлтегін қағанатын Керей менен Жәнібек жалғастырды. Содан соң Бұрындық хан атқа қонды, Ел билеп отыз бір жыл тақта болды. Қасым хан жер кеңейтіп, ел көбейтіп, Қазаққа салып кетті қасқа жолды. Мамаш , Таһир, Бұйдаштай хандар өтті, Елді мықты қылсақ деп арман етті. Ахмет хан, Тоғым хан жерді сақтап, Хақназар ел нығайтып алда бопты. Шығайдан соң Тәуекел ел басқарды, Сол тұста Баба сұлтан жер жастанды. Есім ханның кезінде ел күшейіп, Ойсырата жеңіпті Ойраттарды. Қайып ханның тұсында даламыз бай. Болат хан мен мақтанды Қазақ ұдай, Жәңгір хан мен Әз - Тәуке арман еткен, Үш жүздің басын қосты хан Абылай. Солар салған адаспай сара жолдан, Халқына кемел басшы дара қорған, Нұрсұлтандай ұл берді Алла бізге Қазаққа хан, Алашқа аға болған. Ей, Аллам өзің сақта жұртымды аман, Халқыма мәңгі бейбіт тусын заман. Нұр ағамыз бастаған Нұрлы жолмен, Бүгінгіден биіктеп тұрсын бағам. Амин... Тілек Мұратұлы – 1991 жыл Шығыс Түркістанның Алтай аймағы Қаба ауданында Сарбұлақ ауылында дүниеге келген. Бірнеше республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері. Қазір Қарасай ауданы Орталық кітапханасының әдіскері. Өмірлік ұстанымы : «Әр Қазақ менің жалғызым»(Сабыр Адай).
