«Қазақстан дауысы» жобасы аяқталған соң Батыс тобында өзгерістер орын алды. Оған бірден бір себеп топ әншісі Бауыржан Ретбаевтың жеңімпаз болуы. Эксклюзивті жаңалықпен бүгін топтың продюсері Ұлықпан Жолдасов бөлісті.
Батыс деген аты үшін біраз сынға ұшыраған топ енді «Дауыс.KZ» деп аталады. Бұл Ұлықпан мырзаның Бауыржанның жеңісіне және «Қазақстан дауысының» құрметіне арнайы дайындаған сыйы. Себебі топтағы екі әнші де сол жобаның қатысушылары. Бердібек Құлғараев өткен жылғы «Қазақстан дауысы» жобасында бақ сынап, жеңіске бір табан жақын келсе, Бауыржан Ретбаев барлық көрерменді мойындатқан биылғы жеңімпаз. Бір қызығы, Ұлықпан Жолдасов Бауыржанның жеңуіне тілектес болғанымен, бірде-бір рет дауыс бермепті.
«Дауыс берем десем, 140 теңгем жоқ емес. Бірақ менің қолдауымды Ұлықпан өзінің баласына бұрып отыр деп түсінуі мүмкін. Менің бір ғана дауысымнан ештеңе өзгеріп кетпейді ғой», — дейді Ұлықпан Жолдасов.
Бауыржанның жобадан босап, топтың шығармашылық жұмыстарына толықтай кірісуін асыға күтіп отырған жетекшісі: «Кейбір кісілер жазып жатты, Бауыржанға қатты қолдау көрсетіп жатыр, Ұлықпанға ақша керек болған шығар деп. Бірақ мен айта кетейін жеңімпаздың 5 миллионынан 5 тиында алмаймын. Ол жүлдеге менің, Дауыс.KZ тобының ешқандай қатысы жоқ, ол Бауыржанның еңбегі. Өзіне киім әлде көлік алады ма, көшеге шашып жібереді ме,өртеп жібереді ме өзі біледі», - деді.
baistars.kz