Талдықорған қаласында "Аналарға тағзым" ескерткіші салынуы мүмкін. Мұндай идеяны облыс əкіміне "Егемен Қазақстан" газетінде талай жыл еңбек еткен зейнеткер журналист Күмісжан Байжан ұсынды.
Өңір басшысы Амандық Баталов Жетісу жерінің нəзік жандарын халықаралық əйелдер күнімен құттықтады. Амандық Баталов өз сөзінде атап өткендей, қазір Алматы облысындағы бизнес субъектілерінің 40 пайызға жуығын қыз-келіншектер басқарып, жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Салтанатты жиын барысында құрметке бөленген аналар мен нәзік жандылар ризашылығын білдіріп, өз ұсыныстарын да жеткізді. Зейнеткер журналист Күмісжан Байжан облысқа аналарға тағзым ететін ескерткіш қажет екенін айтты.
Облыс әкімі Амандық Баталов бұл бастаманы қызу қолдайтынын айтты. Себебі Жетісу жеріндегі қыз-келіншектер аймақтың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Мемлекеттік қызметкерлердің тең жартысына жуығы нәзік жандылар. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 70 пайызы әйел-аналардан құралған. Алматы облысында 80 «Алтын алқа» иегері және 265 «Күміс алқа» иегері бар. Қазір олардың қатары тағы толыға түскен.
"Өте жақсы идея. Мен қолдаймын. Болашақта "Аналарға тағзым" ескерткіші Талдықорғаннан бой көтерсе қандай керемет", - деді А. Баталов.
Зәуре Шонбаева, «Алтын алқа» иегері:
– Сегіз балам бар. Үш қызым, бес ұлым. Екі ұлым Мәскеуге барып келді. Қазір әкесіне көмектесіп жатыр. Бәрі ибалы, тәрбиелі. Қазақстанның болашағы, алтын уықтай азаматтары болады деп сенемін.
Жансая Мұсылманбекова, «Күміс алқа» иегері:
– Жасым 33-те, 6 баланың анасымын. 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп жатырмыз. Жолдасым екеуміз жоспарлаған жоқпыз. Бізге Алланың бергені ғой, соған тәуба деп жүрміз. Арманым 4 қызымды, 2 ұлымды Қазақстанның бір үлгілі азаматы қылып тәрбиелегім келеді. Менің бар арманым сол.
Пікір қалдыру