Тарихыңмен әр санада жаңғырып, Қазақ елі мәртебесі – мәңгілік!

/uploads/thumbnail/20170708165453152_small.jpg

"Қазақ хандығының 550 жылдығы" шығармашылық бәйгесіне

 

Біздің тарих – бұл –дағы қалың тарих,

Оқулығы жұп –жұқа бірақ –тағы

Қ.Мырзалиев

Тәуелсіз ел тарихы – отаншылдықтың, ерліктің, елдіктің не екенін дәлелдейтін тамыры терең бай тарих. Елім, отаным деген қасиетті ұғымдар әр адамзаттың өз табалдырығынан басталады. Егемен еліміздің ертеңін нұлы етер «барыс» текті намысты ұрпақ бойында ұлттық сана көрініс тапса, ақыл ойы мен жүрегінде туған жеріне деген сүйіспеншілік орын алса, бұл қоғамымыздың қалыпты дамуы, өркениетке ұмтылу жолындағы нәтижелі көрінісі болып саналмақ.

Тарихқа бір сәт шегінсек...

ХҮ ғасырда қуатты қазақ хандығын құрдық,  хандықтың ең алғашқы алып жатқан аумағы Қозыбасы мен Шу аймағы болған. Ал негізін қалаған Жәнібек пен Керей болатын.Қазақ хандығы өз алдына қойған тарихи міндеттердің ішінде қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық аумағын кеңейту. Осыған қарап, есіл ерлеріміз –Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын қуатты елге айналдырып, көркейткісі келгенін көре аламыз.Жәнібектен кейін таққа Керей ханның ұлы Бұрындық отырды.  Бұрындықтан соң хан тағына Жәнібектің ұлы Қасым хан болды. Қасым хан тұсында қазақ хандығы саяси, әлеуметтік – экономикалық жағынан дамыды. Алыс – жақын елдерге Қасымның аты әйгілі болып, Қазақ хандығы қуатты, іргелі елге айналды. «Қой үстіне бозтороғай жұмыртқалаған» тамаша бір мамыражай заман болды,алайда тәуелсіз қазақ елі бейбіт өмір сүре алмады. Біз ұзына бойы тарихымызда Ұлы далада небір қиындықтарды басымыздан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жортуылдарды өткерген, сан рет қирап, сан рет бой түзеген «тарихтың тағдырлы көші» дейтін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген; салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын сарайда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз.

Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты – езіліп-егілген, жабығып жапа шеккен, тарығып –зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ.

Біздің халқымыз тарихтың қатпар – қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген қиын да қызықты, талайлы тағдыр кешті. Ол негізінен тәуелсіздік жолындағы күреспен өтті. Бүгінгі Қазақстанның алдына уақыт қойып отырған міндеттердің ауқымы мен артар жауапкершілік жүгін әлгіндей оқиғалардың таңбалы тарихи тізбегін, ата – бабаларымыздың жүздеген ұрпақтарының жанын жай таптырмаған азапты ізденістерін ескермей тұрып бағалау да, бағамдау да қиын.

Ежелден қонақжай, даладай дархан қазағым өздігінен ешкімге соқтықпай соғыс ашпаған, қашанда бейбітшілікті ту етіп ұстаған бейбіт халық болған. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай  жай  жатқан елміз. Елімізден құт –береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз...Достығымызды сақтай білген елміз, дәм – тұзды ақтай білген елміз» ,- деген Қазыбек бидің сөзі тегіннен тегін емес. Алайда , кең – байтақ жерінде мамыражай тіршілік кешкен бейбіт елге көз алартушылар көп болды.

Өткен жылдар өшкен жоқ, санада тұр,

Талай сауыт тоздырды дала –батыр, - деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, солардың бәріне халқымыз қарсы тұрып тосқауыл бола білді.Жүгі нарда, қазаны теңде болып көшіп – қонып өмір сүрген ата – бабаларымыз үш нәрсені бойтұмардай сақтап қадірлеген. Ол ел мен жер және ана тілі. Қандай халық болмасын осы үшеуінсіз тәуелсізел бола алмайтынын біздің бабаларымыз қандай көрегенділікпен болжаған десеңізші.Сондықтан да көз алартқан дұшпандарына қасық қаны қалғанша шайқасып, шыбын жанын шүберекке түйді.

Иә, қазақ халқының басынан небір қилы заман өтті. Тарихта аты шулы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қаралы атқа ие болған 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы қазақ жерін ойсыратып кетті.

Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді...

Елім –ай... – деп күңіренген осынау өлең жолдары тек ән сөздері емес, жоңғардың жойқынында талай боздақтарынан айырылған елдің зары, халық қасіреті.Қаймана қазақ Алқакөлге аялдап, қасиетті Қаратаудың  баурайында бас қосты.

ХҮІІІ – ХІХ ғасырларда халқымыз еркіндік пен тәуелсіздігінен айырылды.Азуын айға білеген Ресей үкіметінің құрамына ену қазақ халқы үшін жоңғар шапқыншылығының езгісінен құтылудың жолы болды.Бірақ ұлы держава қазақтардың мойнына отаршылдық қамытын кигізді.Көмек күткен Ресейіміз қазақ халқын аздыра бастады. Ұланғайыр даламыз империя меншігіне айналды. Халқымыздың басынан қара тұман серпілмеді.

Орысқа бодан болған үш ғасырдың ішінде тарихымыз, ар –ожданымыз  табанға тапталды. Зұлматтың құрығына түсті. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқыдық. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Қазақтың «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлағаны, Қазтуған жыраудың: «Қайран да менің Еділім» деп қабырғасы сөгілгені; үш жүздің басын қоса алмай Абылайдың пұшайман болуы; Бұқар жыраудың жер тіреп күңіренуі; «Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны, Әдіра қалғыр Үш Қиян» деп Мұрат ақынның күйзелгені; «Бас – басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын» , - деп Абайдың қабырғасы қайысатын осы тұс еді.

ХІХ ғасыр империя меншігіне айналған жерімізді азат етеміз деп С.Датұлы, И.Тайманұлы, М.Өтемісұлы, К.Қасымұлы сияқты қазақ батырлары, ХХ ғасырда Б.Әшекеев, Ә.Жанбосынов, А.Иманов сынды батырлар халық көтерілісін бастады.

 ХІХғасырдың екінші жартысында Шоқан, Ыбырай, Абай  халықты озық елдер қатарына қалыптасуға, білімге шақырса, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев сияқты халық ұлдары ұлт санасын оятты, «елім» деп еңіреп, «халқым» деп қайысты.

1916жылы маусым жарлығына жігіт бермейміз деп қарсылық көрсеткендер оққы ұшты. Өз жерімізде өзіміз қырғынға ұшырап, қуғынға түстік. Мыңдаған жандар өз атамекенін тастап кетуге мәжбүр болды.

1930-1933жылдарда болған адам айтса нанғысыз ашаршылық...

Зиялы қауымды қынадай қырған 1937-1938жылдар...

1937жылғы асыра сілтеудің кесірі – қазақ әдебиетінде жайқалып келе жатқан жас теректердің тамырын қиды. Ақтаңдақ жылдардағы қазақ деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер де тәуелсіздігімізге жеткізер ұлы жолдағы құрбандар еді.

Қалың елім, қалың қара ағашым,

Қайраты мол, айбынды ер, алашым!

Өзі-ақ құлар, сыр берме, сабыр қыл,

Ақымақтар байқамаған шамасын, - деп жырлаған Мағжан жырлары ертеңгі болашаққа деген ел үмітін оятты, азат күндерге деген сенімін нығайтты.

Бітті бәрі, басылды дау – дабыра,

Өзеніме иемін тауларыма

Егеменді ел болып қайтарыңдар

Менің кеткен кегімді жауларыма!-деген  сол кезеңдердегі Ілияс жырлары да халқына егемендіктің ертеңі алыс еместігін сездіргендей.

1941-1945жылдар аралығында адамзат тарихында болмаған алапат соғыста қазақ ұландары ерекше ерлік көрсетті.

Ойға түссе зығырданыңды қайнататын, пұшайман қылып сергелдеңге салатын, досың түгілі жауыңа да тілемейтін осындай қорлықты басымыздан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз. Біз осы күнге арып – ашып, жадап – жүдеп, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, санамыздан айрыла жаздап жеттік.

Алла көзіміздің жасын көріп, тілегімізді беріп, басымыздан бақ тайған зар заманымыз артта қалып, жаңа заманның есігін аштық.

Міне, көріп отырғандай, тұтас алмай, теріп айтқанның өзінде осылай жалғаса беретін тарихтың ащы сабақтары аз емес. Бұл сабақтар бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді. Ол бізге бірлік бар жерде береке бар екенін, ала ауыздық орын алған жерде азып – тозу болатынын ескертеді.

Иә, талай қыс, талай желтоқсан ауып өтті арманмен астасып, үмітті сүйретіп, сенімді арқалап... Сөйтсек, біздің ата – бабалар күткен бақыттың кілті желтоқсанның мойнына тұмар болып түйіліпті. Түйіншек шешілгелі де біраз жыл. Осынша уақыттың ішінде буынын қатайтып, қадамын нықтап, жан – жақты қамданып алуды мақсат еткен еліміз біршама жетістікке қол жеткізді. «Орнында бар оңалар» демекші ел орнында, жер орнында. Жерге жетер байлық жоқ. Же болса ел болады. Ел болса, ер болады. Түрлі ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.

Біздің сүйікті Отанымыз – Қазақстан. Көрсең көз тоймас асқар шыңды таулары, айдын шалқар көлдері, жайыла аққан өзендері, ормандары – осының бәрі жайнай түрленіп, жасанып – жасарып жатыр.

Ұланғайыр атырап, Ертіс пен Еділге дейін, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік атажұрты.Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жойылмай, іргелі ел, жоралы жұрт, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – оның еңбексүйгіш жігерінің, асқақ рухының арқасы. Сонау сақтардан басталып, ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі Қазақ елі.Қалқанына қазан – қазан ет тураған, жебемен тіс шұқыған батыр елдің ұрпағымыз!

Қазақ халқы, барша қазақстандықтар рухани биіктен танылып, қиын кезеңде қайраттандырған, құлшынар тұста айбаттандырған тұлғамен бірге толысып келеді.  «ХХІ ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін» деп бағын жандырған қайраткердің демеуімен рухани тұтасудың жаңа жарқын кезеңіне қадам басты: ұлт қадірлеген көшбасшымен, заман сомдаған Елбасымен.

Абылай да, Абылайға дейін аумалы –төкпелі ғасырларды қайратымен қайнатқан айбындылар да елдің көш соңында тозуын емес, суырылып алға озуын тіледі. «Кеуде бір жерді жол қылып, шөлең бір жерді көл қылып» төрдегімен теңессем деді. «Құрап жанды көп қылып, өз алдына ел қылып» өрдегімен кеңессем деді.

Қазақстан Еуропа төрінен адамзатқа көшелі ойын, көсем сөзін жеткізді. Тарихында бар көсемдігін, табиғатында бар парасатын танытты. Қиырлар мен қияндарға төрткүл дүниенің терезесі тең болсын деген сарабдал саясатын танытты. Шартарапты аузына қаратты. Бүгінгі қазақ даналар мен даралардың кемеңгерлігі қонған тұлғаның тәлімімен тербеліп жетті. Сол тұлғаның өз сөзімен айтсақ, бүгінге: «Тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты тату халқы бар Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар».

Қазақтың қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан ғайыр шексіз даласы бүгінде дүбірге толы. Өйткені бабалар ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен талай басқыншы жаудан қорғап қалған алып кеңістіктегі құрылған тәуелсіз елімізді дүние жүзі танып, сындарлы саясатына жан – жақты қолдау білдіруі ғанибет.Тәуелсіздікті көксеп, көксей жүріп күресіп қанша буын алмасты, қанша арман өз бесігінде тұншығып, қанша үн өз күйігіне шарпылды, өртенді... Бүгінгі күн сол бабалардың желеп – жебеуімен, Елбасының бастап – бағамдауымен, халықтың қолдап – қуаттауымен келген ақжарма қуаныштың күні, сан мың тілектің жарылқанған сәті, «ақ түйенің қарны жарылды» деген әдемі тіркестің астарындағы айтпақ болған ақиқаты осы болар?!

Елбасымыз еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жариялады. «Қазақстан -2050» - Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол.

Елбасымыз – әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, бүгінгі заманның көшбасшысы, тумысынан кие дарыған қайраткер, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Кемеңгері. Елінің аманатын арқалаған тірегі, алтын діңгегі!

Елім деп еміренген ұлын, ерінің қадірін білген біздің тәуелсіздігіміз, 550жыл бұрын өркениетті елдің іргетасын қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығы баянды болғай.Рухың бұла, мекенің берекелі болғай! Қазақ елі, мәңгі жасай бер!

 Жақсылыққа құштармын,

Заңымды берік ұстандым.

Тәуелсіз тойым тойланған

Әлемге атым ұшқан күн.

Тұғырлы болып тағымыз,

Баянды болсын бағымыз.

Тәуелсіз елдің ұрпағы

Білімнің отын жағамыз.

Айтулы болып әр күнің,

Қарыштай берсін қарқының,

Сұқ көздерден сақтағай,

Тоқырап бір де тоқтамай!

Утеулиева Рзагул Аткосшиевна

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы

Ақжігіт ауылы

 demeu2

Қатысты Мақалалар