Талдықорғанда «Тағзым» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Төртінші рет ұйымдастырылып отырған рухани шара әдебиет айдында қалам тербеген ақын жазушылар мен журналистер өмірі мен шығармашылығына арналды.
Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына Жетісудың сегіз бірдей өнер тарланын еске алуға арналған әдеби сазды кеш өтті. Кеш жүргізушісі белігілі ақын Жұматай Оспанұлы. Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған «Тағзым» атты шараға Алматы облысы әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетіп, облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйтқы болған. Мұндағы мақсаты – өңірдегі ұлт мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып келкен өнер майталмандарының еңбегін кеңінен дәріптеу арқылы жастарға үлгі өнеге сыйлау.
Кеште ақын Темірғали Рүстембеков, Құдаш Мұқашев, әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрген Бақыт Әлімов, Рафат Әбдіғұловтардың өмірінен сыр шертіліп, өлеңдері мен шығармалары оқылды. Ал тележурналистикада тер төккен Еділ Төкенов, Тұрсынбек Айтбек, Наталья Борсенко туралы бейнефильмдер көрсетіліп, олардың эфирге дайындаған материалдары жұрт назарына ұсынылды. Сондай-ақ театр актеры Асан Исаевтың сахнадағы өміріне арналған деректі туынды да кеш қатысушыларының көңілін тебірентті.
Әдеби кеште еске алынған әрбір тұлғаның бейнесі қылқаламмен қағазға түсіріліп, туыстарына табысталды. Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының тағлымы мол шараны ұйымдастырудағы басты мақсаты өнер оғландарын еске алу арқылы жастар жадысында жаңғырту.
Кеш шымылдығы от ауызды, орақ тілді зағиып ақын Темірғали Рүстембековтің 14 жасында әке-шешесін сағына жазған жыр шумақтарымен түрілді. Осыдан соң ақынның өмірі жайлы «Жетісу» телеарнасы арнайы дайындаған бейнебаян жұрт назарына ұсынылып, қызы Күнсая Оспанова әкесі туралы естеліктерімен бөлісті. Келесі кезекте жұрт лирик ақын, бірнеше драмалық шығармалар мен дастандардың авторы Құдаш Мұқашевті еске алды. Қысқа ғана қырық бір жылдық ғұмырында артына өшпес із қалдырып кеткен Құдаш ақын мен оның жары Ақжолтайдың жастық шағы шебер сомдалған сахналық қойылымда көрініс тапты. Дәл осылай басталған тағылымды шара әуезді ән, толғамды жыр жолдарымен жалғасып, қазақ журналистикасының қос тарланы Бақыт Әлімов, Рафат Әбдіғұловқа, «Жетісу» телеарнасына елеулі еңбек сіңірген Еділ Төкенов, Наталья Борсенко, Тұрсынбек Ыбырайымбекұлына және сахналық текті өнердің теңдесіз шебері Асан Исаевқа арналды. Жиналған жұрт алдында сөз алған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев : «Ұлтымыздың рухани, мәдени мұрасы – сөз өнерінің асыл қазынасына өлшеусіз үлес қосқан Жетісу өлкесінің мәдениет және әдебиет саласының қайраткерлеріне құрмет көрсету – біздің басты парызымыз. Осыдан төрт жыл бұрын ақын Ахметбек Кендірбекұлының бастамасымен қолға алынған «Тағзым» шарасы жыл сайын жалғасып, дәстүрге айналды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жоба авторына айтар алғысымыз шексіз. Бұл іс бұдан былай да жалғаса бермек. Мәңгілікке бағыт алған қазақ елі барда арыстай азаматтардың есімі ел есінен еш өшпейтін болады» – деді.
Шара барысында кеш кейіпкерлерінің қылқалам шеберлері салған суреттері туған-туыс, ет жақындарына табыс етілді.
Пікір қалдыру