Биыл Астана қаласының жиырма жылдығы Республика көлемінде кеңінен аталып өтілмек. Атаулы датаға орай Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасында Елордамыздың ширек ғасырға жуық уақытта жеткен жетістіктерін талқылау мақсатында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жиынға І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың оқытушылары, сала мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Басқосу барында «Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты» мекемесінің жеке құрам бойынша Талдықорған филиалының директоры Еркебұлан Бақабаев алғаш сөз алды. Ол Астана қаласының жиырма жылдығына орай атқарылатын шаралар жайын айтып, бұған архивтер саласының да қосар үлесі бар екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар мекеме басшысы: «Елбасымыз осыдан 20 жыл бұрын Астананы Ақмола қаласына көшірген жағдайда дамудың 32 тиімділігі бар екенін айқындап берген болатын. Бүгінде біз соның көрінісіне куә болып отырмыз», — деп атап өтті.
Сонымен қатар жиынға қатысқан сала мамандары Астананың жиырма жылдағы дамуын үш кезеңге бөліп қарастырды. Яғни, ол 1998-2005 жыл, 2005-2010 жыл және 2011 мен 2017 жылдар. Мәселен, 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астана бейбітшілік қаласы атанса, 2000 жылы халықаралық астаналар мен ірі қалалар ішіндегі ассамблеяға елордамыз мүше болған. Сондай-ақ, әр жылда сәнімен сәулеті келіскен әсем ғимараттардың бой көтергендігі және Ұлы дала төрінде өткен «Экспо-2017» халықаралық көрмесі айтуға тұрарлық мақтаныш.
Келесі де сөз тізгінін І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың гуманитарлық факультеті, журналистика кафедрасының меңгерушісі Жұмағали Есенбек алды. Ол аталмыш университетте Астананың 20 жылдығына орай студенттердің қатысуымен түрлі мәдени танымдық шаралар өтіп жатқандағын айтты.
Ал, өз кезегінде сөз алған Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы Қуанған Өнербек Елбасының сарабдал саясатын тілге тиек етті. «Президентке елорданы Алматыдан Ақмола қаласына көшіру идеясы тосыннан келмеген еді. Яғни, мемлекеттің астанасы шекараға жақын тұру үлкен қауіпті төндіреді, сондықтан ол Қазақстан картасының нақ ортасында орналасу керек. Осы жағынан алғанда Елбасымыз дұрыс шешім қабылдаған», — деп келтірді.
Сонымен қатар Қ.Өнербек елорданы басқа шаһарға ауыстыру туралы шешім шыққанда кандидат қалалардың ішінен Талдықорған ең көп дауыс жинағандығы туралы қызықты мәлемет айтты. Айтуынша, табиғаты қолайлы және экономикасы жағынан үлкен магистралды жолдың бойында жатқандықтан жасыл желекті шаһар 74 пайыз дауыс жинаған. Екінші орынды Қарағанды алса, Ақмола үшінші орынды құраған. Алайда, Елбасы Астана орталықта болу керектігін ескеріп, Ақмола қаласын таңдап алған. Одан бөлек, Ақмоланы таңдап алудағы басты себептердің бірі – Солтүстік өңірді қазақшаландыру болса, екінші жағы сол жақтың экономикасын дамыту. Осындай жайттар Ақмола қаласының елдің астанасы атануына себеп болған екен.
Дөңгелек үстелге жиналғандар осылайша Елорданың 20 жылда жеткен жетістіктерін сөз етіп, алдағы уақытта да дамып, жанай түсуіне тілектес екендіктерін жеткізді.
Жиын соңында мекеме басшысы Еркебұлан Бақабаев архив саласында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. «Бүгінде қарапайым халық архив қызметкерлерін тек шаң басқан құжаттарды ретке келтіріп немесе елдердің сұранысына жауап берумен ғана айналысады деп ойлайды. Негізі, архивтің үш негізгі бағыты бар. Алғашқысы құнды құжаттарды қадағалау болса, одан кейін сол құжаттарды жинақтау және оны халыққа жеткізу. Біз осындағы құндылықтарды неғұрлым халыққа оңай, әрі тиімді жеткізу мақсатында түрлі бағытта анықтамалық кітаптарды шығарамыз. Мәселен, 1932-2000 жылдарда Алматы обылысының аумағында орын алған тарихи өзгерістер туралы кітабымыз жарық көрді. Ойлап қарасаң мұның барлығы үлкен еңбекті талап етеді», —дейді.
Пікір қалдыру