«Жетісу жәрдемі» Аягөзге аттанды

/uploads/thumbnail/20180323152914909_small.jpg

Бүгін Талдықорған қаласындағы «Иман» мешітінің бастамасымен және облыс орталығына қарасты елдімекендердегі жамағаттардың ұйытқы болуының арқасында «Жетісу жәрдемі» атты қайрымдылық керуені Аягөз ауданына аттанды. Жетісу жұртшылығы судан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысына 16 тоннаға жуық азық-түлік және киім кешек сынды тұрмысқа керекті заттарды жіберді.

Апат айтып келмейді. Көктем уақытында күн жылынып, қардың еруіне байланысты ШҚО-ғы Аягөз ауданын су басып, әп сәтте халықтың берекесін қашырды. Бүгінде тосыннан келген апаттан абдырап қалған халықтың жағдайы мүшкіл десек артық айтпағанымыз. Осыны ескерген Жетісу жамағаты бір кісідей атсалысып, қайрымдылық керуенін аттандырып отыр.

Алматы облысы

«Аягөз ауданын су басқан сәтте бізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың атынан шұғыл хат келді. Онда судан зардап шеккендерге көмек қолын созу керектігі айтылған. Сол кезден бастап барлық әлеуметтік желілерде хабарландыру жариялап, дереу іске кірісіп кеттік. Біз осы кезде халықтың ықыласына таң қалдық. Кейбір адамдар қол ұшын созу мақсатында үстіндегі кимін шешіп бергендері де болды», — дейді Талдықорған өңірінің бас имамы Ардақ Оразбаев.

Алматы облысы

Иә, мешіт жамағаты бұл іске зор ықылас танытқан. Яғни, қолында не бар, мүмкіндігінше жәрдем көрсетуге тырысып баққандығын көруге болады. Бірі азық-түліктей көмектессе, енді бірі киім-кешектерін әкелген. «Жүктерді көлікке тиеп жүрген азмаматтарымызға ешқандай зат қалып қалмасын, тіпті жерге шашылып қалған күріштің өзін сыпырып, салып жіберіңдер. Қорадағы тауығына жем қылып берсін деп жатырмыз. Неге? Себебі, мұның барлығы халықтың шын ниетімен берген дүниесі», — дейді имам.

Ардақ Нүсіпханұлының сөзіне сүйенсек, аяқ киім сататын бір саудагердің өзі 30-40 данаға дейін су жаңа аяқ киімдерін әкеліп берген. Сондай-ақ, жиналған заттардың ішінен құрылыс материалдарын да кезіктіруге болады. Мәселен, бір құрылыс дүкенінің иесі құны 547 мың теңге тұратын жерге төселетін линолеумын қайырымдылық керуеніне қосып отыр.

Жалпы, бүгін Талдықорған өңірінен 10 тоннаға жуық, ал, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарынан қосымша тағы 6 тонна заттай көмек қосылып, жолға шықты. Өкіл имам «Жетісу жәрдеміне» қаржылай көмектескендердің де қатары көп екенін айтады. Көп түкірсе көл болады демекші, қайырымдылық шарасында 3 милион теңгенің үстінде қаржы жиналған. «Біз осы істі қолға алған сәтте ниет танытып, тамшыдай болса да өз үлестерін қосу мақсатында 200-400 теңге әкеліп берген азаматтар да болды. Яғни, әркім жағдайына қарай көмектерін беріп жатты. Қарияларымыз зейнетақыларынан 5000 теңгесін сындырып, үлестерін қосып жатыр. Осы ағайындарға Алла разы болсын!», — дейді А.Оразбаев.

Алматы облысы

Мешіт жамағаты осы қаражатқа Аягөз ауданындағы тұрмыс төмен бір отбасына үй алып беруді көздеп отыр. Айтуларынша, generique cialis ол жақтағы орташа бағадағы үйдің құны үш немесе үш жарым миллион теңгенің төңірегінде екен.

Атап айтсақ, бұл қаражаттың тең жартысы Талдықорған қаласының жамағатынан, қалған бөлігі облыс орталығына жақын орналасқан елдімекендерден жиналған. Сонымен қатар, керуенді бір өзі бастап бара жатқан өкіл имам Жетісу жұртшылығының атынан Аягөз ауданында 350 адамға ас берілетіндігін де айтып қалды.

«Діни басқармамыз бұл қайрымдылық керуенін жіберуді ШҚО-на жақын орналасқан өңірлерге тапсырған болатын. Алайда, Оңтүстік Қазақстан облысы және Астана мен Алматы қаласы ешқандай тапсырма алмастан өздері ниет танытып, олар да керуендерін аттандырып отыр. Қайрымдылық көрсету — біздің қанымызда бар қасиет. Оны берген адамда да, алған адам да қуанады», — дейді өкіл имам.

Ардақ Нүсіпханұлы осы шараға бір кісідей атсалысқан барлық мешіт жамағатына және хабарландыруды жарнамалап, елге жеткізіп отырған БАҚ өкілдеріне, блогерлерге шынайы алғысын білдірді.

Алматы облысы

Байкен Садауақасов, Талдықорған қаласының тұрғыны, мешіт жамағаты:

— Міне, Талдықорған өңірінің бас имамы Ардақ ұстазымыз бастап, ол кісіні барлық мешіт жамағаты бірауыздан қолдап судан зардап шеккен ағайындарға қолдан келгенше қөмек қолын созып жатыр. Ниет танытқан барлық бауырларымызға Алла разы болсын. Апат айтып келмейді. Бұл да бір Алланың бізге жіберген сынағы деп білеміз. Тек, соған сабыр қалып, мойынсына білуіміз керек. Осындай қиын қыстау кезеңде бір-бірімізге тіреу болып, көмектесіп жатсақ — қазақтығымыздың, мұсылмандығымыздың нышаны деп білемін.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар