Алматы облысында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жас Отан» Жастар қанаты мен нашар еститін және саңырау балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының қолға алуымен «Жүректен жүреке» акциясы ұйымдастырылды.
Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы, “Жас Отан” ЖҚ ұйытқы болуымен мүмкіндігі шектеулі жастар арасында “Жүректен жүрекке” байқауы өтті. Аталмыш облыстық байқау Астана қаласының 20 жылдық мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – облысымызға қарасты шалғай аудан, қалалардағы мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылық деңгейін дамытуға барынша қолдау көрсету, олардың ерекше қабілеттерін көпшілікке таныстыру. Үміткерлер 5 кезең бойынша өзара сынға түсті. Ең әуелі спорттық шарада белсенділіктерімен көзге түссе, кейінгі бөлімдерде қолөнер бұйымдарын жасау, сурет салу, би билеп, ән шырқау сынды шығармашылық қырларын танытты.
«Бүгінгі шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірге деген құштарлығын арттырып, өнерге бейімдеу, ерекше қабілеттілерін көпшілікке таныстырып, сахнаға шығару», - дейді байқауды ұйымдастырған облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Б.Жақсыгелдинов: “Біз жастар болып, жалпы халық болып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды сыртқа шектетпей, керісінше қоғамда белсенді болуларына ықпал етуіміз керек. Осындай шығармашылық байқаулар арқылы өмірге деген құштарлықтары артады деп ойлаймыз ”- деп атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша биылғы жылы қатысушылар қатары әлдеқайда көбейген. Жамбыл ауданының өрені Мейіржан Матиш те аталмыш байқауға қатысуды армандаған екен. Алайда, жас талант иесі сайыстан бес күн бұрын дүниеден өтіп, қайғылы жағдай орын алған. Дегенмен, қылқалам шеберінің туындылары көрмеге қойылып, көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.
Пікір қалдыру