Боздақ (Толғау)

/uploads/thumbnail/20170708165612425_small.jpg

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

Бір құдайдың дидарын Сен көрмегенде кім көрер?! – Бұхар жырау Он сан Алаш тұсында, «Абылайлап» таң атқан. «Абылайлап» күн батқан. Тар құрсақты анадан, Таудай болып туылып, Тәңірі текті жаратқан. Арқада тұрып алқына, Адырнасынан ағытып, Қытайға кекті оқ атқан. Орманын нулы ойратып, Қаласын шулы қиратып, Төрт тұяқтыны тулатып, Күнбатысты күңіренте, Күн түбіне жол артқан. Аспан текті далада, Маңдайы айдай нұрланып, Абызы терең толғатқан. Қолына болған қаруы, Жолына болған жарағы, Нөкері талмай түн қатқан. Көктемгі бүрдей көгерген, Төрт құбыламды теңерген, Хан Абылай тұсында: Жағамды жыртып жау алмай, Арнамды бұрып дау алмай, Қылышым қынға сұғылмай, Көйлегім қаннан жуылмай, Кескілескен дүспанның, Кеудеден жаны шырылдай. Елім елше күн өлтіп, Ерім бөріше түн жортып, Көкшені күнге сүйдіріп, Арқаның белін идіріп, Оң иығымда – Қаратау, Сол иығымда – Алатау, Айбатымды асырып, Айламды ішке жасырып, Ер түркінің тұқымы, Ер Шыңғыстың рухын, Жарты әлемге жаңғыртып, Жатқан бір дарқан ел едім. Шағала шалқар көл едім!.. Ажал бір айтпай жеткенде, Сапарға қайытпас кеткенде, Дүния бастан пыр ұшып, Хан Абылай өткенде: Жігерімді жер қылдым, Шаттығымды шер қылдым, Көзімнің жасы көл болдың, Хан Тәңір қаққа айрылып, Алтайды төртке бөлдірдім. Азу тісі қағылған, Арландай ащы ұлыдым. Қыл арқаннан қиылған, Құлынд да болып шыңғырдым. Ата бір дүспан асқан соң, Абдырап елім сасқан соң, Қойнымнан алып жарымды, Алдына салып малымды, Шығармай алып жанымды, Он саусағыңдай жұмылған, Өзіңнен қалған Он Алаш, Алты Алаш болып арыдық. Жат бауыр тартқан қияға, Суып бір қалған ұяға, Тәуелді рухым қона алмай, Таңында әрең атырып, Күнінде зорға батырып, Қарны бір тойса қуанған, Тексізден төре тайраңдап, Тайтұяқ жұтып пара алған, Мойнында қаны бодаусыз, Ақиқат судай сұраусыз, Жирма бір дейтін қатыгез, Қабағы күрең ғасырда, Қайыра қайта жыл санап, Қария таудай күңіреніп, Қаныммен жазған жыры ма, Қайран да көңіл толар ма? Торғыннан жібек кидіріп, Торқадан белін будырып, Тоғыз ай елін күттіріп, Тоқсан да қатын толғатса; Алты Алаштан алпыс ер, Үш жүзімнен үш жүз ұл, Жолыңа құрбан аталса, Қапыда кеткен қасқалар, Қапыда кеткен қасқалар, Қайранда орның толар ма? Қайранда орның толар ма?! umtyl zarykkan Ұмтыл ЗАРЫҚҚАНҰЛЫ – 1987жылы 26желтоқсанда Шығыс Түркістанның Алтай аймағы Қаба ауданында өмірге келген. Қазір Л.Н.Гумилеов атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистранты. «Бозжусан бүр жарғанда...» жыр жинағының авторы. demeu2

Қатысты Мақалалар