Ә.Тарази: "Қазақ хандығының 550 жылдығын" тойлағанда арғы тамырларымызды да ұмытпау керек

/uploads/thumbnail/20170708165757609_small.jpg

«Нұр Отан» партиясының жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің мәжілісінде белгілі жазушы Әкім Тарази тарихымыздың кемінде екі мың жылдан асатын межені құрайтынын жеткізді.

«Мен 550 жылдық межені қазақ хандығының емес, «қазақ» деп атала бастауымыздың мерейтойы деп ойлаймын. Халық бір түннің ішінде жоқ болып кетіп, қайтадан пайда болмайды», - деді жазушы.

Оның айтуынша, қазақ жұртының атауы әлденеше рет алмасып, нешеме мемлекеттік құрылымдарға айдар болған.

«Біздің бұрын екі атауымыз болды: Осыдан 2200 жыл бұрын «күн» деп аталдық. Күнге табынғанбыз. Сосын, көкке табынып, күнге ай мен жұлдыздарды қосып алып, «көк түріктер» болдық. Яғни, «тұрық» деген сөзден шыққан. Мұның бәрін қамтып, мен тарихшы ғалым, тілтанушы Никита Бичориннің кітабын екі рет басып шығардым. Мұны өзімнің қазақ тарихына қосқан үлесім деп білемін», - деп ой тарқатты Ә.Тарази.

«Ботаханнан санағанда 2200 жыл, сонан бері жасап келе жатқан халықпыз. Қазіргі санақты Қозыбасыда анттасып, қазақ ордасын құрып, қазақ атанғанымызбен есептеп отырмыз. Әйтпесе, тамырымыз тереңде жатыр. Осыны айтулы шараны мерекелеу барысында ұмытпайық. Шара мазмұнында ескеріп отырайық», - деп түйіндеді жазушы.

Cондай-ақ, Ә.Тарази «Мирастық» зиялылардың осындай айтулы шараларды өткізу барысында ысырапшылдыққа жол бермей, сән-салтанаттан бұрын тәрбиелік және идеологиялық құрауышты күшейту жөніндегі ұсынысына қосылатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі 2010 жылы құрылған болатын. Бүгінде Кеңес танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы бойынша ұсынымдар әзірлейтін беделді алаң болып табылады.

Қатысты Мақалалар