Әр қазақ - менің жалғызым

/uploads/thumbnail/20170708170004135_small.png

«Қазақ хандығына – 550 жыл» шығармашылық бәйгесіне

Құрметті қазақ жастары, менің замандастарым, құрдастарым!

Лебізімді сіздерге арнағым келеді. Сөзімнің басын салтанатты жиында тұрғандай «Құрметті» деп бастауымның өзіндік мәні бар.

Біз, қазақ, ежелден жаны жомарт, пейілі дархан, көңілі кең, бауырмал, меймандос, қонақжай халықпыз ғой. Басынан небір қилы-қилы замандарды өткеріп, бүгінге береке-бірлігіміз бекем күйінде жеткеніміз сол ниетімізге қарай Тәңірдің берген сыйы болар. Ең алғаш он бесінші ғасырдың орта шенінде қазақ тайпаларының басын қосып, Керей мен Жәнібектей арыстан жүрек азаматтар хандық құрды. Көптеген ғалымдарымыз «Қазақ тарихының тамыры тереңде. Оны он бесінші ғасырмен шектемеуіміз керек» деген пікір айтады. Рас делік, оған ешқандай таласымыз жоқ. Бірақ, бұл жерде әңгіме хандық жайында болып тұрғанын ескерейік.

Биыл 550 жылдық дүбірлі той, тарихи той. Арғы-бергі тарихымызға көз жіберсек, сана-сезіміміз серпіліп, алға көз жібермес бұрын, өткеннің тәжірибесінен сабақ алсақ, құптарлық-ақ жәйт емес пе?! Қай жағынан келсек те, бұл мерейлі тойдың болмысы дара, бітімі бөлек. Өз алдына дербестік алып, жаңа хандықтың іргесін көтерген Әз Жәнібек пен Керей хандарымыздың армандары асқақ еді. Кез-келген ұлт үшін дербес, тәуелсіз болудан ыстық, қастерлі ұғым болмаса керек. Қазақ елінің басынан небір алмағайып замандар өтті. Айтқан ауызға жеңіл, әйтпесе, халқымыз жүріп өткен жол - үлкен сын өткел, мәртебелі белес, жұртымыздың жадынан өшпейтін алтын әріпті ақиқат. Қазақ елі өз тарихында небір қиындықтарды басынан кешірген, сан рет қирап, сан рет бой түзеген, осынау ұзақ көште жақсыны да, жаманды да көрген. Қазақтың «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлағаны, «Зар, зар заман, зар заман» деп Мұрат ақынның қабырғасы қайыса күңіренгені, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп Абайдың күйзеліп, пұшайман болғаны осы тұс еді.

Бүгінде ел есін жиды, еңсесін көтерді. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың тарихи тағдырының ең бір тар жол, тайғақ кешу, тауқыметті тұстарынан жүрегінің түбі, табанының бүрі, көңілінің нұры бар қолбасшыларының арқасында аман өтті.

Енді алдағы жарқын болашаққа көз жіберіп, алдыға мақсат қылып қойған «Мәңгілік ел» болуымыз үшін қам қылуымыз қажет. Ол үшін, біріншіден, өткенімізді, тарихымызды өзіміздің бес саусағымыздай білейік. Сонда біздің елімізде, жерімізде ғұмыр кешкен небір марғасқаларымыздың өмір тарихымен танысып, оларды мақтан тұтарымыз анық. Халқының саны 200 мыңнан асатын моңғол халқы өздерінің жас өскіндеріне бала күнінен «Сенің Шыңғыс хандай жарты әлемді жаулап алған бабаң болған» деп үйретеді екен. Олар Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп кеудесін кере мақтанады. Бізде осылай үлгі ететін хандарымыз, бектеріміз көп-ақ. Тек олардың есімдерін күнделікті тәрбие құралы ретінде пайдалана бермейтініміз өкінішті.

Екіншіден, «Қазақ пен қазақ қазақ тілінде сөйлесуі тиіс». Айналайын, қаракөздерім, бір-бірімізбен тек ана тілінде сөйлесейік. Елбасымыз осы бастаманы көтергеніне қаншама жыл өтті. Енді шындап бет бұратын уақыт жеткен сияқты. Еліміздің болашақта тізгінін ұстар тұрғыластарым, бүгіннен бастап мемлекеттік тілдің көсегесін көгертуге бар күш-жігерімізді жұмсайық. Ол үшін көп нәрсенің қажет жоқ. Жұмыс орныңда, қоғамдық көлікте, қызмет көрсету орталықтарында, достар арасында тек мемлекеттік тілде сөйлеп, достарыңнан да соны талап ет.

Үшіншіден, ұлттық дүниеге құштар болайық. «Менталитет» деген нәрсе бар емес пе? Салт-дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды жоғалтып алмау – уақыт талабы. Себебі, «тамырын тереңге жібере алмаған дарақтың ғұмыры келте». Сондықтан, өткеніміздің өнегесі мен бүгінгіні сабақтастыра білуіміз қажет.

Төртіншіден, отбасы институтының заңдылықтарын қатаң сақтай білуіміз қажет. Біздің қыздарымыз ибалы, ұлдарымыз иманды болғанда ғана, «тастанды бала», «көкек ана» деген дерттер орын алмайды. Жолдан бала тауып, оны балалар үйіне өткізген қыздың болашағы жарқын деп ойламаймын. Сәбидің көз жасына арқалаған ер азамат жөнінде де солай. Бұл мемлекетіміздің демографиялық жағдайының да көтерілуіне өз кесірін тигізуде. Баланы жолдан емес, жөнімен, ақ некемен тапса, ол бір баламен шектелмейді ғой. Сондықтан, ақ некемен отау көтеріңіздер, сәбидің сыңғырлы күлкісі шаңырақтарыңызды шаттыққа бөлесін. Еліміздің демографиялық ахуалы жақсарып, 20 миллионға тезірек жетейік, Құдай бұйыртса.

Бесіншіден, біліммен қаруланайық. Мамандығымыздың майталман шебері болсақ, әлемнің ең соңғы, озық техникаларын меңгеріп жатсақ, қанекей!

«Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істі бәрі бос» дегендей, достарым, менің ойыма қосып-аларларыңыз бар екенін біліп отырмын. Ендеше, ортаға салыңыздар.

demeu2

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.

Қатысты Мақалалар