"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне
Бәрін айтта, бірін айт, Ұғынар мұны ел қайда, Елді бастар ер қайда? Аға сұлтан, абыздар Елінді қамап, көрге айда Барса келмес жерге айда. Күш кеткен соң қолыңнан Зарлаудан, сарнау не пайда? Дулат Бабатайұлы
Өткен жылы және биылғы жылы елімізде мемлекеттілік және идеология тақырыбы кең талқыға түсті. Оның әр түрлі себебі бар деуге болады. Біріншісі «Қазақ елі, Мәңгілік ел» болса, екіншісі Украинада орын алып жатқан оқиғаларға бізді де аландатты. Алдағы уақытта бізде де осы жағдай орын алып кетпейме деп қобалжытты. Үшіншісі «Қазақ» атауымен тарих бетіне шыққанымызға мемлекеттігіміздің 550 жылдығы болды. Бірінші тақырыпты басқа мақалада кеңірек талдайтын боламыз. Соңғы екі тақырыпты қарастырсақ. Осы екі мәселеде біздің елімізде мемлекеттілік және біріктіруші идеология мәселелері кеңінен пікір таласқа айналып қоймай, оны нақты шешудің жолдарын қарастыруға итермелеуде деуге де болады. Алдымен Украинаға тоқталсақ. Украинада орын алып отырған жағдайлар шекаралық мәселеге көп түрлі факторлармен қарау керектігін аңғартты. Отандық саясаттанушы Е.Карин өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай дейді: «Украина төңірегінде қалыптасқан бүгінгі жағдай Қазақстан үшін де өз кезегіндегі бір сынақ, сын сәт деп те айтуға болады. Өйткені бұл оқиғалар посткеңестік кеңістікте қалыптасқан мемлекетаралық қарым-қатынастардың негізгі принциптеріне ықпал жасауда. Айталық, аймақтық қауіпсіздіктің бірден-бір құқықтық негізі болып есептелетін 1994 жылдың 5-желтоқсанында Будапештте қабылданған меморандумда, АҚШ, Ресей және Ұлыбритания Украина, Белорусия және Қазақстанның шекараларының беріктігіне, аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне кепілдік еткен болатын. Енді болса, арада бар болғаны 20 жыл ғана өте, Ресей Украинаға қарулы күштерін кіргізуге шешім қабылдап отыр. Сөйтіп, бұл шешім, посткеңестік кеңістігіндегі қауіпсіздіктің барлық құқықтық негізіне бір сәтте балта шапқандай болды» деп пікір білдірді. Көріп отырғанымыздай болып жатқан оқиғалар халықаралық қатынастағы құқықтық нормалардың да, кейде пайдаға аспай қалатының білдіріп отыр. Демек шекара мен елдің тұтастығы ол кең ауқымды факторлармен қаралады. Сол факторларға санамалай отыра, біз аталған мәселелерге қаншалықты жауап бере аламыз және болашақта Қазақ елінің шекарасының мызғымастығы мен елдің тұтастығының қалай болатының жорамалдауға болады. Қырымды Ресей тез арада еш қиналмастан өзіне қосып ала салды. Белгілі дипломат Қ.Тоқаев өз еңбегінде «... орыс жері Қырымды Укрианаға беріп жібергені белгілі, енді жаңа жағдайда оның кімдікі екендігіне ешкім таласпайды (Беласу 225б)» деген болатын. Алайда Ресей халықаралық нормаларды аяққа таптай отырып қосып алды. Сонымен қатар, Шығыс Украинада орыс этносның басымдығы Украинаның тұтастығына кері әсерін тигізіп жатыр. Осыған байланысты сарапшылар кейбір мәселелерде Украина мен Қазақстанның ұқсастығы бар екендігін айтып аландаушылық білдіріп жатыр. Украинадағы орын алған жағдайлар посткеңестік мемлекеттерде әліде болса мемлекеттік ортақ бірігушілік идея мен идеологияның нақты қалыптаспағандығын көрсетіп отыр деуде мамандар. Қазақ елінің солтүстік және шығыс аймақтарында мемлекет құраушы ұлттың саны басқа аймақтарға қарағанда айтарлықтай саны салыстырмалы тұрғыда аз орналастқан. Көрші елдің шовинистері аталған аймақтарға көз алартушылық пікірлерінде білдірді. Демек бізге де мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды сақтаудың түрлі жолдарын қарастырып шешу қажеттігі туындады десекте болады. Мамандар бұл мәселені бұрындарыда көтерген болатын. Шынайы жағдай мамандар пікірінің дұрыстығын көрсетіп отыр. Сондықтанда, алдағы уақытта солтүстік және шығыс аймақтарда мемлекет құрушы ұлттың санын арттыру үш түрлі бағытта жүретіндігін көрсетіп отыр. Оралмандарды (қандастарымызды) орналастыру. Осы жылы үкімет оралмандарды Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына орналастыру жөнінде қаулы қабылдады. Оңтүстіктегі төрт облыста еліміздің халқының елу пайыздан астамы тұрады. Демек аталған облыстарға да халықты орналастыру табиғи тепе тендікті сақтау болып табылады. Соңғы күндері шеттен келген қандастарымызды шеттету фактілеріне әліде болса болып жатқандығына қатысты тағыда БАҚ беттерінде мәселе қозғалуда. Дәл қазіргі таңда әлемдік геосаяси жағдай ушығып, кей (Украина, Сирия және т.б) мемлекеттердің тұтастығына тікелей қауіптер болып жатқанда, біздің елде мұндай жайттар орын алып жатқаны құптарлық нәрсе емес. Ол елдерде орын алған жайттар бізде орын алмастығына ешкім кепілдік бере алмайды. Жастарды оқуға тарту. Білім және ғылым министрлігі «Мәңгілік ел жастары — индустрияға!» атты мемлекеттік бағдарлама жасап, соның аясында оңтүстіктің жастарына солтүстіктегі оқу орындарынан арнайы 2050 білім грантын дайындады. Оның 1050-і жоғары оқу орнына, 1000-ы колледждерге бөліп қарастырған. Грантты иеленген жастар атаныпта кетті. Оңтүстік шаруаларын солтүстікке және шығысқа шақыру. Мемлекет тұтастығынан бөлек табиғи қажеттілікте бар. Бұрынғы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баядамасында «демографиялық туу осылай қала беретін болса, 2050 жылға қарай солтүстік облыстарда халық саны 1 млн-ға кемісе, ал оңтүстіктегі облыстарда 5 млн-ға артады» деп болжам келтірген болатын. Бұл бағытта нақты ресми бағдарлама бойынша шақырту болмаса да, жергілікті шенеуніктердің шақыруымен қолға алынып жатқаны байқалады. Мысалы, Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданы әкім Оңтүстік Қазақстан облысының шаруа-дихандарын шақырған болатын. Сонымен бірге, қазіргі таңда оңтүстіктің шығыста еңбек етіп жатқан шаруаларын тілге тиек етіп, алдағы уақытта барыс-келісті артыру туралы сөз болды. Сарыағаштағы жақында болған оқиға оңтүстіктегі шаруаларға жер ресурсының жетіспеушілігі мәселеге негіз болып, одан әрі басқаша сипат алған. Алдағы уақыттарда оңтүстіктегі шаруаларда осыған ұқсас оқиға орын алмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Жоғарыда айтқанымыздай халық саны өсуі тағыда артады деп жатыр. Солтүстік облыстарға көшуге ынталандыру арқылы бұл мәселені белгілі бір денгейде шешуге болады деген ойдамыз. Жоғарыдағы аталған үш бағыттағы жұмыстар іске асыру үшін төмендегі үш жайтқа мән бергенде ғана жүзеге асады: Солтүстік және шығыс аймақтарда инфрақұрылымға мән беруімізді қажет етеді. Қазіргі заман Столыпин реформасы кезіндегі дей «жер болса, салықтан босатылса болды» деп көше бермейді. Инфрақұрылымға, ауыз су, жарық, жол мәселесі сонымен бірге әрбір ата-ана өзінің баласының болашағына алаңдайды. Ол жаққа барушылар «қаншалықты менің балаларымның болашағы жарқын болады?» деген сұраққа жауап іздейді. Міне, осы аталған жағдайлар шешілгенде ғана сол аймақтарға бару қызығушылық туғызып, үлкен бір үрдіске айналады. Жағдай тек көшіп келушілерге ғана жасалса, тұрғылықты тұрғындармен арада әлеуметтік дүрдараздыққа алып баруы мүмкін. Сондықтан да жергілікті тұрғындардың да әлеуметтік жағдайларын өсірудің жолдарын қарастыруды қажет етеді. Кеңес өкіметі тың игеру кезінде орыстандыру саясатын жаба білді. Тіпті келушілерді құшақ жая қарсы алу көңіл күйінде қалыптастырды. Бізде көшіп барушыларды құшақ жая қарсы алып, жергілікті тұрғындар мен көшіп келуші ағайын арасында бауырмашылдық сезімін қалыптастыра білуміз керек. Ол дегеніміз қарапайым сөздік қолданысымыздағы тұрпайы сөздерді мысалға келтірсем. «Южандар», «северьян», қытайдан келген қандастарымызды «қытай», өзбекстаннан келгенді «өзбек» деу секілді сөздерден арылып, Сабыр Адай айтпақшы «әр қазақ менің жалғызым» деген түсінікте болуымыз қажет. Осындай жағдайда ғана жоғарыда аталған мемлекет тарапынан үш бағытта жүріп жатқан іс қимылдар өз нәтижесін беретін болады. Қазіргі таңда Қазақ еліндегі ұлт пен ұлыстарды ұлттық идеологияға топтастыру үшін алдымен мемлекеттілік пен мемлекетшілдікті арқау еткен дұрыс деген пікірдеміз. Мемлекетшілдік идеология ол - ұлтына, дініне, тіліне қарамастан, осы Қазақ елін жан жүрегімен сүйетін елжанды (патриот) азаматтарды қалыптастыру. Неге жалпылама мемлекетшіл азаматты қалыптастыру. Себебі дәл қазір ұлттық идеологияны қалыптасырудағы тактикалық әрекет болып саналады. Өйткені ұлттық идеология дегенде бір қатар мемлекет құрушы ұлт азаматтары мен этнос өкілдері қабылдауы қиындау сияқты. Жалпы мемлекетшілдік қағиданы негіздеу арқылы ұлттық идеологияның негіздерін сол арқылы сініре білеміз. Мемлекетшілдік идеологияға шекарамыздың мызғымастығы мен еліміздің тұтастығының бүгіні мен болашағына кепіл болады. Мемлекетшілдік азаматты тәрбиелеу арқылы ең алдымен мемлекет құрушы қазақ ұлты ұтатын болады. Мемлекетшіл азаматты тәрбиелеп шығу үшін мемлекеттілік сананы әрбір азаматтың бойында қалыптастыру қажет деген пікірдеміз. Биылғы жылдың басы мемлекеттігіміздің «Қазақ» атауымен тарих сахнасына шыққандығымызға 550 жыл болғандығын талқылау, таныту және атап өту қызу талқыға түсіп кетті. Мемлекеттілік сананы қалыптастырудың қазіргі заманауи бір қыры және пайдалы компаненті ретінде тарихи туризмді жатқызуға болады. Тарихи туризм арқылы қолға таяқ ұстатқандай мемлекеттігіміздің әргі қадым заманнан келе жатқандығын дәлдейтін бірден бір құрал. Біздің ақпараттық кеңістікте жиі жиі болып тұратын ұқсас мынадай оқиғалар болып тұрады. Көршілес мемлекеттің немесе өз еліміздің кейбір азаматтарының жалпы біздің елдің мемлекеттігі мен тарихына деген күмәндерін білдіруі ақпараттық кеңістікте алай-дүлей жағдай орын алады. Осы оқиға бір жылда бірнеше рет қайталанып отырады. Жоғарыда айтып кеткендей Украина мәселесі бұл тақырыпқа күш бере түсті. Сондықтан осы тақырыпқа қайта келіп сол бір сарындағы күмән келтіру мен дәлелдеулер жалғаса беретін сияқты. Оны шешу жолдарын қарастыру орынды секелді. Еліміздің тарихына қатысты жансақ пікір жазғандардан да қауіптісі еліміздің кейбір азаматтарының арасында да осыған ұқсас пікірдің болуында. Бұл түсінік түптің түбінде мемлекеттілігімізге зиянымен қатар, оны жоққа шығаруға дейін бару ықтималдылығында. Қазақ ұлтының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі статусының төмендеуіне әсер етуі. Мемлекетіміздегі ұлттық және этносаралық тұтастығына қауіптілігі. Үлкен мақсатқа жету үшін мықты идеяға бірігу керек. Ал оны жоққа шығару, мықты идеяның болмауына алып келеді. Академик Жабайхан Әбдилдин: «ұлттық идеяның табиғатын түсініп алуымыз керек. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ұлт бар жерде ол да бар. Ұлтпен бірге өмір сүреді, жойылмайды, құбылып өзгермейді. Менің түсінігімде ұлттық идея табиғи түрде пайда болады. Ол ұлттың өмір сүруі, тілегі, ниеті, ойы. Мен осы жөнінде талай рет айтқанмын да, жазғанмын да. Идея дегенді көпшілік халық дұрыс түсінбейді. Идея деген бір адамның ойынан шығатын нәрсе емес. Бір субъективті ой емес ол. Идея деген – өте күрделі ой. Мысалы, өмірде түрлі қайшылықтар болады. Қайшылық деген – жаман нәрсе емес, одан қорқуға болмайды. Ол дамыған елде, дамыған ғылымда міндетті түрде болатын жағдай. Сол сияқты, проблемалар туындап жатады. Сол қайшылықтарды, проблемаларды қалай шешу керек, қалай алға жылжу керек деген сауалдарға жауап беретін күрделі ой» деген болатын. Демек біріктіруші идея деген біреуді ойыннан шығатын ой еместігі. Тарих негізге негізделген болуы тиіс. Қазіргі танда бізге әрбір ел азаматының бойында мемлекеттілік сананы қалыптастыру. Мемлекеттілік сана ол идоеологияның негізгі қайнар көзі болса, ал сол қайнардан су ішкендер мемлекетшіл азамат болып қалыптасады. Дұрыс түсінуіміз керек біздің мемлекеттігіміз ежелден бар елміз. Бұл жерде идеологиялық тұрғыдан мемлееттілік сананы қалыптастыру. Мәселе біздің қазіргі таңда мемлекеттілік сананы қалыптастыра алдық па? Иә немесе жоқ деп айту қиын. Енді біздегі басты міндет мемлекеттілік сананы қалыптастыру жолындағы әрекет деп санаймын. Жалпы адамның санасының қалыптастырушы ежелден келе жатқан құрал кітап десек. «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылдағаннан бері көптеген игі істер қолға алынды. Енді сол бағдарлама ішінде жарық көрген дүниелердің ішінде айрықша еңбектерді айтар болсақ. Бабалар сөзінің 100 томдығы, Қазақтың ата заңдарының 10 томдығы және т.б көптеген дүниелер пайда болуда. Осы еңбектер дәстүр мен ділімізді және тарихи санамызды қалыптастыруда үлкен рөл алатыны рас. Алайда, олардың таралым саны тым аз. Небары 3000 данадан әрі аспай жатыр. Осы туындылар әрбір үйде тұруға лайықты кітаптар. Оныңда тираждарының санының аздығы халқымыздың бай тарихымен толыққанды білуге мүмкіндік бермей жатқан сияқты. Сонымен қатар, тарихымызды кеңінен насихаттау үшін жаңа және басқада тәсілдерді пайдаланған жөн. Олар кино, интернет арқылы электронды кітап нұсқаларын көбейтіп, қол жетімділігін қарастыру. Жоғарыда айтқандай тарихи туризм мемлекеттілік сананы қалыптастыруда заманауи тұрғыдан үлкен рөл атқарады деген ойдамыз. Тарихи туризм мемлекеттің тарихына қатысты ұлттық парктерді құру арқылы іске асады. Бұл дегеніміз, тек тарихты біліп қою емес, мемлекеттік идеологиямен біте қайнасқан деуге болады. Себебі, идеологияның ең негізгі аспектілерінің бірі тарихи аспектісі болып саналады. Еліміздің азаматтары үшін патриоттық рухына әсері жақсы болады. Себебі, тарихты көзбен көру айтарлықтай тиімді жеткізудің бір түрі. Қазіргі танда тарихи туризм табысты сала болып тұр. Осы мәселемен жоғарыдағы еліміздің тарихын жоққа шығарушы немесе қаралауға бейім адамдарға қарсы мықты аргумент ретінде және өскелен ұрпақпен, ел тарихынан хабары аз азаматтарымыздың тарихы санасын қалыптастырып, таныстыруда маңызы зор. Тарихи туризммен табыс тауып, отындық және шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік болар еді. Шетелдіктердің келуі елімізді жаңа қырынан терең тарихымен таныстырар едік. Ал көпшіліктің білуі белгілі бір дәрежеде ұлттық брендпен, мемлекет имиджіне айналуын елеулі әсерін тигізеді. Бұл еліміздің тарихынан сыр шертетін ұлттық тарихи парктер құру туралы. Мынадай үш түрлі ұлттық тарихи парктер құруға болар еді. Қазақ хандығынның құрылған жері Хантау, Шу өзені, Қозыбасы болып саналады. Бұл жер «Қазақ» атауымен мемлекеттілігіміздің бастау алған жері болып табылады. Қазақ хандығының Ордасы болған Ұлытау қазіргі Жезқазқан аймағы. Арғы қадым заманнан бері тарихымызда да, мемлекеттігіміздің негізі болған жер. Алтайдан түркі-қазақ тарихынан сыр шертетін ұлттық тарихи парк құру. Еліміздің жерінде тек қазақ хандығының ғана емес, барша түркінің алтын бесігі болып саналады. Біз қарашанырақ иесі екендігімізді дәлелдей түсер едік. Осы жылы «Қазақ» атауымен қалыптасқан мемлекеттігіміздің 550 жылдығына орай он түрлі іс шара белгіленгенді. Енді он түрлі іс шара өтеді. Дұрыс. Осы іс шаралар бір жылға жоспарланған одан әрі мемлекеттігімізді тұрақты ұлықтайтын шаралар қарастырылмаған сияқты. Ал осындай тарихи туризмге негізделген парктер осынау науқаннан кейінде ұлықтап отыратын тұрақты орынға айналған болар еді. Осыған ұқсас тарихи туризмге негізделген парктер шетелдерде де бар. Оған басқа бір мақалада тоқтала кетерміз. Мұндай жобалар тарихи туризмге ғана емес, еліміздің идеологиялық тұрғыдан нығайта түсуіне септігін тигізеді. . Оң жақтағы фото Қозыбасы_(тау).jpg (421 × 546 нүкте, файл өлшемі: 42 КБ, MIME түрі
Хантауы, Шу өзені, Қозыбасы өнірінде тарихи туризм паркін құру. Географиялық тұрғыдан Алматы-Астана, еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін жалғап жатқан жерде түйіскен. Қазақ хандығының құрылған жері тарихи деректер бойынша осы жер екендігі айтылған. 550 жылдық қарсанында іске асыруға қолайлы шақ деуге болады. Бұл дегеніміз келушілерінің санының көп болуына өз әсерін тигіздеді. Ұлттық болмыс тұрғысынан қарайтын болсақ. Алғаш рет «Қазақ» атауымен мемлекеттілігіміздің қаланған жер екендігін өскелен ұрпақ біліп жүретін болады. Керей мен Жәнібек хандардан бастап, одан әрі жалғасатын хандар тізбегіне кең мағұлымат берілуі, және т.б әр түрлі ел тарихына қатысты деректермен таныстыруға болады. Бұл болашақта мемлекетшілдік пен отаншылдықтың тамыры әрі де жатқандығын танытады. Осы өнірдің экономикалық және әлеуметтік әл ауқатының өсуіне септігін тигізеді.
Еліміздің белі бекігеннен кейін тарихи деректерде Ұлытауда хан ордасы болғандығы туралы айтылады. Ұлытау туралы тарихшылардың пайымдауына қарағанда одан әріде де хан ордалары болған дейді. Жезқазған-Бейнеу теміржолы салынып бітті. Алдағы уақытта батыспен орталық өнірлерін қосып, үлкен дәлізге айналады. Демек әрі бері келіп кетуші, қатынаушы адамдар саны көп болады деп топшылауға болады. Ұлытаудан тарихи туризм паркін құру экономикалық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да тиімді болар еді. Сонымен қатар осы өнірде Алаша хан, Жошы хан кесенелері, таңбалы тастар таяу орналасқандықтан халыққа, туристерге танытуға мүмкіндік артыруға негіз болады.
Түркі-қазаққа қатысты тарихи туризм паркін Алтайдан құруға болады. Алтай барлық түркі жұртының бастауы болып саналады. Шығыс Қазақстан Қотан-Қараңғай ауданнан құрса болар еді. Алтай тауы төрт мемлекеттің жерін басып жатыр. Дәл қазіргі жағдайда аталған мемлекеттердің ішінде біз ғана түркі жұртына кіреміз Бұл дегенміз қарашаңырақтың иесі екендігімізді дәлелдей түседі. Мемлекет басшымыз Түркияға барған сапарында былай деген болатын. «Түркі халықтарының одақтастығының» жобасын бір қадам алға жылжытып, туын белгіледі. 200 миллионнан астам Түркі жұртын бірігуге үндеді. Өз сөзінде: «Біз бүкіл түркі халқының ата жұртында тұрып жатырмыз. 1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін біз Ресей патшалығының, одан Кеңес Одағының боданы болдық. 150 жылдың ішінде қазақ деген халық өзінің ұлттық салт дәстүрін, тілін, дінін, дәстүрін ұмытуға аз қалды. Жаратқанның қолдауымен 1991 жылы біз өзіміздің тәуелсіздігімізді жарияладық . Сіздердің бабаларыңыз атажұрттан бері қарай жылжыған кезде Түркі қағанатының ішінен түрік деген атты өздерімен алып кетті. Қазірге дейін түркінің ішінде жігіттің сұлтаны, ең жақсы жігіт қандай дегенде «қазақ» дейді. Сол қазақ біз» - деді елбасы Н.Назарбаев. Қотан-қарағай жалпы туристер барып тұратын туристік аймақ болып саналады. Аталған жоба іске асып жататын болса 200 млн түркінің ішінде ел мәртебесін бір көтеріп қана қоймай, елімізді сыртқа танытуға тағы бір мүмкіндіктің жолы. Ұлттық құндылықтар тұрғысынан еліміздің тек пайдалы ғана болады. Мұнда түркі қазақ жұртының тарихынан кең мәліметтер беретін жәдігерлер қоюға болады.
Сонымен қатар, тарихи қалаларымызда көне көне жәдігерлерді қайта қалыпына келтіріп, тарихи туризмнің орталыған айналдыруға болады. Отырар, Түркістан, Тараз және басқа да қалаларды. Бұрынғы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан осы қалалар арқылы табыс көзіне айналдыруға болады. Экономикамыздың қуатын артыратын салаға айналар еді. Мұнай алпауыттардың текетіресінен бағасы түсіп кетті демесек жалпы әлемдегі табыс көзі бойынша бірінші орынды иеленсе, одан кейінгі екінші орынға осы туризм жатады екен. Тарихи қалаларды, қорған, қамалдарды қайта қалпына келтірсек алдағы уақытта «Ұлы Жібек Жолы» қайтта жаңғырып, «Батыс Еуропа Батыс Қытай» деген атпен іске қосылғалы жатыр. Ресей мен батыс текетіресі аяқталып жатса осы тас жолдың бойында Бес ғасырдан кейін тағыда батыс пен шығыстың арасында көпір болғалы тұр. Әрі бері өтушілер елімізге турис ретінде келері хақ. Осы арқылы табысымызды еселесек ең негізгісі мемлекеттілігіміз мен сан мың жылдық тарихымыз бар екендігін соқырға таяқ ұстатқандай көрсеткен болар едік. Біз осы саланы жолға қойып алсақ идеологиямыз ақшаны талап етуші саладан табыс түсіруші салаға айналып, ертенгі осы елдін елжанды (патриот) азаматтарын қалыптастырушы құрал болып табылар еді. Қазіргі кезде біз сыртқы әлемге ядролық қарудан бастарту мен бейбіт сүйгіш ел деген танытумен келеміз. Біз аталған жобалар сол бұрынғы көне мәдениеттің де өкілі ретінде өзімізді таныта алар едік. Мемлекетімізге деген халықаралық қауымдастықтын алдында ұпай жинауға жақсы болар. Біріншіден көшпенділер ұрпағы болсақ, екіншісі әлем тарих әдістемесіндегі осы күнге дейінгі кеткен қателік «көшпенділер қала салмаған» деген жансақ ойды сызып, ежелгі қала, қорған, қамалдарымызды көрсету арқылы бір замандағы әлемнің жүрегі болғандығымызды сырт елдерге нақты заттай айғақпен дәледеген болар едік. Дәледеп қана қоймай сол арқылы табыс табамыз және Қазақ елінің имиджін жаңа қырынан қуаттай түскен болар еді. Әрине, бұл айтылғандарды жасау онай іске жатпайды. Десекте алдағы уақытта жасап жатсақ. Келешегі мол жоба екендігіне сенімдіміз. Еліміздің тарихын танытудың бір тәсілін айтып өттік. Бұл еліміз үшін керек. Идеологиялық тұрғыдан өлшеусіз үлес қосып, алдағы уақытта шетелдік немесе отандық азаматтардың кейбірлері еліміздің тарихына деген күмәндерін барынша басуға мықты рөл ойнайды.
Ахмағанбетов Руслан - 1991 жылы Тараз қаласы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Еуразия ұлттық университеті Саясаттану мамандығның магистранты.
