Алматыда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының тапсырысымен Алтынсарин көшесі бойымен өтетін «Орта қысымдағы жерасты газ құбырын жаңарту» жобасын қолға алды. Жандосов көшесінен басталатын газ құбырының жалпы ұзындығы – 2,8 шақырым. Жаңа газ құбыры алматылықтарды газбен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етпек. Жоба бойынша қайта жасау жұмыстары Алтынсарин көшесі бойымен Жандосов көшесінен Жұбанов көшесіне дейін солға қарай жолдың батыс жағын қамтиды. Атқарылатын жұмыс ені – 5 метр.
Жаңарту жұмыстарын биылғы жылдың 16 шілдесінде аяқтау жоспарланған.
Айта кету керек, Алтынсарин көшесінің кейбір учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүретіндіктен, оңтүстік бағытта (батыс жағында) көлік қозғалысына шектеу қойылып, қиындықтар туындауы мүмкін.
Көлік қозғалысына шектеу қойылатын учаскелер:
1) Жандосов көшесінен Шаляпин көшесіне дейін 4 сәуір мен 16 мамыр аралығы;
2) Шаляпин көшесінен Абай даңғылына дейін 6 сәуір мен 25 мамыр аралығы;
3) Абай даңғылынан Жұбанов көшесі бойымен 21 мамыр мен 18 маусым аралығы;
4) Жұбанов көшесінен Абай даңғылына қарай 28 мамырдан 16 шілдеге дейін.
Қала тұрғындарына барынша қолайлы болу үшін жаңарту жұмыстары сегмент бойынша, яғни әр 100 метр сайын жұмыстар атқарылып, қазылған аймақтардың үсті жабылып, асфальт төселеді. Атап айтқанда, Жандосов көшесінен солтүстік бағытта Абай даңғылына дейін, Абай даңғылынан оңтүстік бағытта Жандосов көшесіне дейін. Сондай-ақ, Абай даңғылынан Жұбанов көшесіне дейін жүреді.
Алматы ақшамы