Елбасы жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз үшін 10 бағытты айқындап берген еді. «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» атты тоғызыншы бағытында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрестің жалғасы беретінін айтты. Соған орай «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өткен болатын.
Басқосуда БҚО әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Хамидолла Құсдәулетов облыстағы әділет құрылымдарында 2015-2017 жылдар ішінде жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы облыстағы әділет құрылымдарына жеке және заңды тұлғалардан 149 шағым түскен. Барлық өтініш пен арыздар заңмен бекітілген мерзім ішінде қаралған. Мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі уақтылы көрсетілуіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады.
Мәжілісте сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалында партияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалу барысы туралы аудан әкімі, филиал төрағасы Альберт Есалиев баяндады.
– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ауданның сегіз ауылдық округінде тұрғындардың өз-өзіне қызмет көрсету орталықтары ашылды. Бұл жұмыс ең алдымен электронды қызмет санының және ауыл халқының компьютерлік сауаттылығының артуына бағытталып отыр. Дегенмен кейбір қызмет көрсету орындарында қиындықтар туындап отыр. Бұған себеп – интернет желісі жылдамдығының нашарлығы. Бұл мәселені шешу үшін тиісті құрылымдық мекемелерге ұсыныстар енгізілуде, – деді ол.
Басқосуда тұрғындар тарапынан жеке сот орындаушылардың жұмысына көп сын айтылатыны, қожалық орналасқан жер телімін өз атына, не туысына аударуда кейбір адамдардың қиындықтарға кезігіп жататыны кең талқыланды. Қазіргі ақпараттық технология дамыған кезеңде аудандық әділет басқармасы сайтының іске қосылмауы да сынға алынды.