БҚО-да дәнді, майлы дақылдар мол өндірілмек

/uploads/thumbnail/20180426100937143_small.jpg

Биыл БҚО-дағы ауыл шаруашылығы дақылдары егістігінің жалпы аумағы 513,5 мың гектарды құрайды. Өткен жылы егістік аумағы 491,4 мың гектар шамасында болған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақовтың айтуынша, егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар соңғы жылдары дәнді және майлы дақылдар өсіруге мән беруде. Осы орайда Елбасы биылғы Жолдауында аграрлық саясаттың еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайту қажеттігін айтқан болатын.

– Облыс тұқыммен толық қамтылған. Жаздық дәнді дақылдар тұқымына деген қажеттілік 20 мың 770 тонна болса, қолда бары – 22 мың 150 тонна. Өңірде жоғары репродукциялы тұқым өндірісімен бір элиталық және бес тұқым шаруашылығы айналысады. Тұқым шаруашылықтарымен 6,8 мың тонна тұқым өндіріліп, 3,5 мың тонна жоғары сапалы, аудандастырылған дәнді дақылдар тұқымы саттыққа дайындалған. Оның шінде жаздық бидай тұқымы 2800 тоннаны, арпа 428 тоннаны, сұлы 63 тоннаны құрайды. Шаруалар жетпейтін тұқымды тұқым шаруашылықтарынан сатып ала алады, – деді Сатқан Ержанұлы. Мысалға, өңірдегі жалғыз элиталық тұқым шаруашылығы «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС 209 тонна «Волгоуральская» сұрыпты бидайдың элиталық тұқымын, 424 тонна «Волгоуральская» сұрыпты 1-репродукциялы бидай, 50 тонна «Донецкий-8» сұрыпты элиталық арпа, 229 тонна «Донецкий-8» сұрыпты 1-репродукциялы және 140 тонна 2, 3-репродукциялы арпа тұқымдарын саттыққа ұсынады. Сондай-ақ «Тұлпар LTD» ЖШС 200 тонна «Волгоуральская» сұрыпты 1-репродукциялы, 300 тонна «Саратовская-42» сұрыпты 2-репродукциялы, «Раздолье» ЖШС 1461 тонна «Альбидум-32» сұрыпты 1-репродукциялы бидай тұқымдарын шаруаларға тиімді бағамен ұсынады. Егінмен айналысатын шаруашылықтардың майлы дақылдар тұқымына деген қажеттілігі 500 тоннаны құрайды. Бүгінде шаруашылықтар 725 тонна (145%) майлы дақылдар тұқымын дайындаған.

Биылғы жылға облысқа тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау бағдарламасы бойынша 192,4 млн. теңге бөлінді. Аталмыш қаржылық қолдау тауар өндірушілердің, элиталық және  өзге де тұқым шаруашылықтарының сұрыптарды жаңалау, элиталық 1- репродукциялы және гибридті тұқымдарды сатып алу шығындарын ішінара арзандатуға бағытталған. Бұл бағдарлама аудандастырылған тұқым сұрыптарын сатып алу шығындарының 70%-ын және ауыл шаруашылығы дақылдарының аудандастырылмаған сұрыптарын сатып алу шығындарының 30%-ын субсидиялауды көздейді.

Биыл облыстағы 622 шаруашылық құрылымы егін егуге қам жасауда. Көктемгі далалық жұмыстарға 4215 трактор, 4965 дәнсепкіш, 811 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс»,«Хорш» маркалы жоғары өнімді 47 егіс кешені қатысады. Өңірдегі көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 12 мың тонна дизель отыны бөлінді. Сәуір айына 5 мың тонна, мамыр айына 7 мың тонна жанар-жағармай жеткізілетін болды.

Қатысты Мақалалар