Ту тіккен айбарлы бекемдеп тұғырын. Қазақтың көрсеткен мәңгілік ғұмырын. Шаңырақ көтерген іргелі орданың, Ырымдап қадаған қайыспас уығын. Маңдайын сипаған сахара самалы. Бахадүр ерлердің орнатқан қамалы. Керей мен Жәнібек көтерген байрақтың, Айтулы әлемге атағы тарады. Тұранның даласы Түркінің бесігі. Оғылан Алаштың жазылған несібі. Арқаның төріне ат басын тіреуге, Әуелеп келеді Алтайдан көш үні. Көк тасы сөйлеген көшпенді бабалар. Қойнауы тарих, сыр тұнған далам әр. Уақыт керуені бұйдасын ұстаған, Тайпалып келеді қазақтай қара нар. Көк түрік үндері балбалда жаңғырып. Көк аспан нұрымен ататын таң күліп. Көк бөрі рухы жебеген халықтың, Көк туы биікте желбіреу заңдылық. Жандос Аманжолұлы – 1990 жылы туған. С Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі