Қазақстан кәсіпорындарын білікті маман-кадрлармен қамтамасыз етеміз

/uploads/thumbnail/20180426111034212_small.jpg

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақала­сында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабі­летімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек… Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық  келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деп атап көрсетті.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масы міндеттерінің бірі – цифрлы индустрия құру, яғни ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету, өнеркәсіптік кәсіпорындардың цифрландыру деңгейін арттыру есебінен елдің цифрлық жаңаруын қалыптастыру болып табылады. Осы міндетті жүзеге асыру үшін тиісті маман-кадрлар қажет, сондықтан қажетті біліктілікке ие, техникалық және инженерлік білімді меңгерген бакалавр, магистрлер мен докто­ранттарды даярлауды «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңыз­ды құрамдас бөлігі ретінде қарастырған жөн.

Бұл мақсат-міндеттердің орын­далуы бірқатар нақты қадамдарды қажет етеді. Атап айтқанда, бірін­шіден, озық әлемдік тәжірибеге негізделген профессорлық-оқыту­шылық құрам қызметінің және ғылыми-зерттеу жұмысының тиім­ділігі мен сапасын арттыруды қамтамасыз ететін инновациялық білім беру технологияларын енгізу маңызды. Екіншіден, білім беру мен ғылымды және өндірісті интегра­циялау, «университет-индустрия» ынтымақтастығын дамыту. Үшін­шіден, университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту және жетілдіру. Төртіншіден, отандық, шетелдік кәсіпорындардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми орта­лықтардың жоғары білікті маман­дарын тарту.

Satbayev Unіversіty оқу орнының  «Автоматтандыру және басқару» кафед­расы  республикамыздағы жетекші бейіндік орталық  болып саналады. Бүгінде бұл кафедраға маңызды міндет – «автоматтандыру және басқару» маман­дығы бойынша Қазақстан кәсіпорындарын  білікті маман-кадрлармен қамтамасыз ету жүктелген.

«Автоматтандыру және басқару» кафедрасының ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтыл­ғандай, бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынын мақсатты бағдарына айналдырған. Сондықтан да болар, бүгінде біздің оқу және зерттеу орталығымыздың республикалық және халықаралық деңгейдегі танымалдылығы артып келеді.

Кафедрада кәсіптік білім берудің, ғылымның өндіріспен интегра­циясына айрықша көңіл бөлінеді. Оқу процесін нарықтық және ұлттық экономиканың ағымдағы және перспективалық қажеттілік­теріне бағдарлау бойынша нақты шаралар қабылданған. Бізде жоғары білікті 3 ғылым докторы, 8 – ғылым кандидаты, 5 – PhD маман-ғалым­дары бар, сапалық көрсеткіш  –  84%-ды құрайды. Барлық оқыту­шыларымыз жыл сайын, жобалық және енгізуші компаниялар мен жетекші жоғары оқу орындарында түрлі курстарда өз біліктіліктерін арттыруда. Мәселен, бірқатар мамандарымыз Мәскеу құрыш және қорытпалар институтында және Томск политехникалық универси­тетінде (Ресей), Люблин политехни­калық университетінде (Польша), Назарбаев Университетінде (НУ) біліктілік арттыру курстарынан өтті. Ал Б.А.Сүлейменов, Н.С.Сәр­сенбаев және З.И.Самигулиналар Назарбаев Университетінің білікті­лікті арттыру курсы аясында танысу мақсатында Шотландия және Жапония уни­верситеттеріне барып келді.

 

 

ӘЛЕМДЕГІ ЖЕТЕКШІ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ЖАБДЫҚТАРЫ МЕН БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ӨНІМДЕРІ  ПАЙДАЛАНЫЛАДЫ

 

Көп сатылы «бакалавриат – магистратура – докторантура» жүйесі шеңберінде «Автоматтан­дыру және басқару» мамандығы бойынша мамандарды тиімді дайындау мақсатында кафедраның материалдық-техникалық базасы түбегейлі қайта құрылды. Қазір оқыту процесінде автоматтандыру және басқару саласындағы әлемдегі жетекші компаниялардың (Sіemens, Honeywell, SchneіderElectrіc, Yoko­gawa, Festo, Fіsher-Rosemount, OWEN) жабдықтары мен бағдар­ламалық өнімдері  пайдаланылады.

Кафедра базасында «KazNTU- Honeywell» автоматтандыру, ғылы­ми-зерттеу  және  оқу  орталығы  құ­рыл­ған,  онда  студенттер, магис­т­рант­тар және докторанттар дәріс алады, американдық Honeywell аэроғарыштық компаниясының бағдарламалық өнімдерін пайдалану тәжірибесін қалыптастыруда.

Автоматтандыру жүйесі бойынша  студенттеріміз Қазақстан – Гер­мания «KazNTU-Sіemens» ғылы­ми-зерттеу және оқу орталығында әлемге танымал «Sіemens» фирма­сының автоматтандыру, техникалық және бағдарламалық өнімдерімен жұмыс істеуге дағдылануда.

Электр энергетикалық процес­терді және роботталған кешендерді автоматты басқарудың  нақты әдіс­тері Schneіder Electrіc компаниясымен жабдықталған арнайы мамандан­дырылған оқу орталығында пысық­талады. Орталық құрамында үш зертхана («Автоматтандырылған жүйелер», «Электрлік энергетика­лық жүйелерді зерттеу», «Электрлік сүлбелерді жобалау және монтаж») жұмыс істейді. Зертхана төмен вольтты энергетикалық жүйелерді жобалау, монтаждау және баптауға оқытуға, электр энергиясын алу, түрлендіру және тарату процестері үшін мақұлданған нақты физикалық модельдерде тәжірибе жасауға арналған арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Бүгінде салалық орталықтар мен зертханалардың қазіргі заманғы жабдықтары білім беру функция­ларын орындаумен қатар, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін де пайдаланылуда. Соңғы бес жылда кәсіпорындардың тапсырыстарымен және ҚР БҒМ гранттық қаржылан­дыру желісі бойынша кафедра ға­лым­дары 10 ғылыми-зерттеу жоба­ларын орындады немесе орындау сатысында.

Біздің ұжымымыз белгілі шетел­дік жоғары оқу орындары:  Флорен­ция (Италия) университетімен, Словак технологиялық универ­ситетімен, Люблин технологиялық университетімен (Польша), Ж.Фу­рье атындағы (Гренобль қ., Фран­ция) университетпен, Саппоро уни­верситетімен (Жапония) және олар­дың оқу орталықтарымен белсенді ынтымақтастық қатынас орнатқан. Оқытушылар, докторант­тар мен магистранттар ғылыми тағылым­дамадан өтіп тұрады. Бұл универ­ситеттердің профессорлары докто­ранттардың шетелдік кеңес­шілері болып табылады, сондай-ақ шетелдік ғалымдар дәрістер оқып,  бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге де атсалысады.

Кафедраның жұмысын жетілдіру бойынша мақсатты бағытталған қызметтің нәтижесінде Автоматтан­дыру  және басқару  мамандығы 2018 жылы ASІІN (Германия) аккре­дитациялық агенттігі халықаралық аккредитацияға ие болды. Осы маман­дық мамандарын дайындайтын 16 кафедра арасындағы біліктілік бәсекесінде біздің кафедра жыл сайын 1-орынды иеленіп, білім беру бағдарламаларының ұлттық рейтин­гінде жоғары көрсеткішке жетіп жүр.

 

 

ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ІT САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ПӘНДЕР ЕНГІЗІЛДІ

 

«Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масының талаптарын орындау мақсатында оқу бағдарламасына қазіргі заманғы ІT саласындағы мынандай жаңа пәндер енгізілді: Технологиялық процестерді интел­лектуалды басқару жүйелері, Техни­калық жүйелерді басқару мен диаг­ностикалаудағы жасанды интеллект әдістері, Робототехника және робо­тотехникалық жүйелер, Өндірістік процестерді роботтан­дыру. Барлық оқыту деңгейлерінде: бакалавриат, магистратура және докторантура үшін жаңартылған білім беру бағдарламалары  әзір­ленді. Қазіргі уақытта 10 оқу құралдарын: зерт­ханалық және тәжірибелік сабақ­тарға әдістемелік нұсқауларды, сту­денттерге өзіндік жұмыс жүргізуге  арналған әдіс­темелік нұсқауларды баспаға дайындау бойынша жұ­мыстар аяқталуға жақын.

Міне, Автоматтандыру және басқару кафедрасында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымы осындай.  Елбасы тұжырымдап берген: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басым­дық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйе­сінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген мақ­сатты міндет бізге үлкен жауап­кершілік жүктейді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарына біздің бака­лавриат, магистратура және докто­рантура түлектері табысты атса­лысатын болады.

Батырбек Сүлейменов

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті,

Автоматтандыру және басқару  кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д.

Алматы ақшамы

Қатысты Мақалалар