Ағымдағы оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 1, 2, 5 және 7 сынып оқушылары білім алуда.
Бүгін Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Сәрсемханқызының қатысуымен брифинг өтті.
Бейбіткүл Кәрімованың айтуынша, өздеріңізге белгілі, ағымдағы оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 1, 2, 5 және 7 сынып оқушылары білім алуда.
Бүгін сіздермен кездесуіміздің басты тақырыбы жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің келесі кезеңі – жаңа оқу жылында ендірілетін 3, 6 және 8 сынып оқулықтарын дайындау барысы.
Алдымен осы оқулықтардың сапасын бағалау жүйесіндегі жаңалықтарға қысқаша тоқталатын болсақ 2017 жылдың желтоқсан айында «Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, сараптама жүргізу, оларды басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидасына» өзгерістер енгізілді,-дейді ол.
Осы құжаттағы басты өзгерістер:
- орта мектепке арналған оқу әдебиеттерінің авторлық ұжымына талап күшейтілді. Қазіргі кезде авторлық ұжым құрамында ғалым, әдіскер және мұғалім болуы керек;
- әрбір төрт жылда оқу басылымдарын қайта өңдеу туралы қағида алынып тасталды. Авторлық ұжым оқу әдебиеттерін білім беру стандарттарына, үлгілік оқу бағдарламаларына елеулі өзгерістер енгізген жағдайды, оның сапасының мониторингі нәтижелерін ескере отырып қана өңдейді;
- негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлеріне арналған оқулықтарды сынақтан өткізу нормасы бекітілді;
- пәндік комиссиялар оқулықтардың және оқу-әдістемелік кешендердің сараптама, сынақ, оқулықтар сапасын қоғамдық бағалаудың аралық және соңғы қорытындыларын қарастырады. 3, 6 және 8 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер пәндік комиссиялардың 2 отырысында қарастырылды,-деп атап өтті ол.
Сонымен қатар бұл оқулықтар республикамыздың барлық өңірлерінде оқулық авторларының қатысуымен арнайы семинарларда талқыланды. Бұл семинарларда авторлар өз оқулықтарының тұжырымдамасымен, құрылымы және мазмұнымен мектеп мұғалімдерін, әдістемелік орталықтардың әдіскерлерін таныстырды. Талқылаулар, пікір алмасулар ұйымдастырылды. Бұл шараға 160 оқулық авторлары мен 7000-нан аса мұғалімдер қатысты.
Осы оқулықтар бойынша «Оқулық сапасын бағалау» порталына да сын-пікірлер түсті,-деп баяндады Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Бейбіткүл Сәрсемханқызының ақпаратынша, оқыту процесіне енгізілетін оқулықтарды іріктеудегі шешуші іс-шара - пәндік және Республикалық комиссиялардың отырыстары болды. Бұл комиссиялар қазақ және орыс тілінде оқытатын мектептерге арналған 186 оқулықтарды қарастырып, 138-ін мектептерде қолдануға ұсынды.
Білім және ғылым министірінің бұйрығымен Мектепке дейінгі және орта білім оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін басып шығаруға дайындауды үйлестіру жөніндегі жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобы құрамында 15 журналист пен баспасөз өкілдері, 17 лингвист-ғалымдар (Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мамандары), пәндер бойынша 75 маман (23 ғалым, 44 мектеп мұғалімдері, 8 әдіскер) болды,-деп атап өтті ол.
Жұмыс тобы 2018 жылдың 9-26 сәуір аралығында 3, 6 және 8 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған оқу әдебиеттеріне баспа алды пысықтау жұмыстарын жүргізді.
Әр пән мамандары пәндік және Республикалық комиссиялар берген ескертулер мен ұсыныстар бойынша жұмыстар жүргізді. Жұмыс барысында оқулықтардағы мәліметтер нақтыланып, тапсырмаларға, иллюстацияларға, анықтамаларға және көркем шығармалардың үзінділеріне қатысты ұсыныстар жасалды. Ұсыныстар мен ескертулер бірден авторлармен келісе отырып өңделді. Баспасөз өкілдері оқулықтардағы барлық мәтіндердің әлеуметтік қабылдауына қатысты мұқият қарап шықты. Тіл біліміне қатысты мамандар оқулықтардағы терминдердің аудармасын және сөздердің жазылуын бір ізге түсірді. Осы атқарылған жұмыстар оқулықтардың сапасын жақсартуға елеулі үлесін тигізді деп сенеміз.
Әр пән бойынша атқарылған нақты жұмыстар туралы Жұмыс тобының мүшелері толығырақ айтып береді,-деп сөзін қорытындылады Бейбіткүл Сәрсемханқызы.