Бүгін "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Мирас" республикалық кеңесінің мүшелері Алматы қаласындағы университеттердің студенттерімен кездесіп, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында салынатын жатақханалардың жобасымен танысты.
Кеңес мүшелері Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттерінің студенттерімен кездесіп, олардың жатақханадағы жағдайымен танысты.
Сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның студенттер қалашығында болып, жатақханалардың құрылыс жобасымен танысты.
Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың айтуынша, жоспарланған жаңа екі жатақхананың құрылысына орта есеппен 6-7 миллиард теңге қарастырылған. Олардың жалпы ауданы 45 500 шаршы метрді құрайтын болады, бөлмелер саны - 543.
Атап өтілгендей, әрбір салынатын шаршы метрге 450 АҚШ долларынан жұмсалады. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бұл цифраның Астанамен салыстырғанда аз екендігін атап өтті.
"Шаршы метріне 450 АҚШ долларынан келсе, бұл Астанамен салыстырғанда түк емес. Елордада бір шаршы метріне 627 АҚШ долларынан жұмсалып отыр", - деді ол.
Ұлттық университет басшысы Елбасының қолдауымен бұл жоба алдағы бір айда өз жұмысын бастайтынын жеткізді. Оның айтуынша, студенттерді жатақханалармен толықтай қамту арқылы шетелден келетін студенттердің санын арттыруға болады. Қазіргі таңда, аталмыш ЖОО-да 1500-ден астам шетелдік студент білім алуда.
Сондай-ақ "Нұр Отан" партиясының өкілдеріне ҚазҰУ-ның студенттер қалашығында бой көтеретін №2 Ғалымдар үйінің құрылыс жобасы таныстырылды.
Айта кетейік, еліміз ЖОО-ларында білім алып жатқан 530 мың студенттің 204 мыңы өзге елді мекендерден келген жастар. Жатақханаларға сұраныс Алматы қаласында - 21 557, Астана қаласында - 14 239, Қарағанды облысында 8253 адамға жетіп отыр. Жалпы республика бойынша 77 500 студент жатақханаға мұқтаж.
Айта кетсек, «Мирас кеңесі – 2010 жылы 15 қазанда «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған консультативтік-кеңесу органы. Қоғамдық кеңес құрамына Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері енген. Кеңес Шешімдері ұсынымдық сипатта болып келеді.
2014 жылғы мамырда партияның облыстық филиалдары жанынан «Мирас» Қоғамдық кеңесінің аймақтық алаңдарын құру жөнінде жұмыс басталып кетті. Кеңестік аймақтық алаңы сондай-ақ әр аймақта мәдениет, өнер және білім беру салалары өкілдерінің басын қосып, жергілікті жерде Қазақстан Республикасының мәдениет, өнер, киноматография, тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дамыту саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асыру бойынша «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдары, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамдық иституттары қызметтерінің бірыңғай стратегиясын әзірлеу мақсатында құрылады.
Жолдас Өрісбаев