Көктем келсе көрікті қыздай құлпырып сала беретін Алматының әр бұрышында, міне, бір ай бойы әз-Наурыз тойланып жатыр. Әсіресе, білім шаңырақтары мен мектепке дейінгі мекемелердегі өтіп жатқан мерекелер тіпті ерекше мазмұнда. Сондай бір тамаша мереке Әуезов ауданындағы №97 жалпы білім беретін мектеп ауласында өтті. Бір шаңырақ астында бірнеше ұлт балалары тату-тәтті өмір сүріп, білім алып жатыр. Сондықтан олардың негізгі тақырыбы әз-Наурыз бен ұлы достыққа арналды.
Кең аула алып киіз үй іспетті безендірілген. Алтыбақанға тербелген оқушылардың жүзі тіпті шат. Әсем әуен тек мектеп ауласын ғана кернеген жоқ, көрші үйлердің тұрғындары да мерекені сырттай қызықтап қарап тұрды. Сонымен, жаңару мен жасампаздықтың бастауы, достық пен ынтымақтың, дәулетті тіршілік атаулының бұлақ көзі болған әз-Наурыз тойы басталып, көктемнің келгенін «сүйіншілеп» білдірген, театрландырылған көрініс көрсетілді. Барша мереке қонақтары мен мектеп ұжымын осынау білім шаңырағының басшысы Зоя Қойшыбаева құттықтады.
– Қазақ халқы ертеден-ақ Наурыз келді, құт кірді, ырыс келді» деп көктемнің келгеніне қуанып, бірліктің, берекенің кезеңі басталды деп айрықша құрметтеген. Шынымен де күннің көзінің жылуы баршамызға көтеріңкі көңіл-күй ғана сыйлап қойған жоқ, білімге, еңбекке деген ынтамызды да арттыра түскендей. Бүгінгі мереке үстінде жақында ғана «Алтын қолдар» деп аталатын халықаралық сәндік қолданбалы байқауға қатысып, бірінші дәрежелі жүлдені жеңіп алған 11-сынып оқушысы Никита Малофеевке арнайы дипломды табыс еткелі тұрмын. Біздің мектеп бүгін осындай қос қуанышты тойлап отыр, – деген Зоя Қашқынбайқызы жеңімпазбен бірге оның жетекшісі О.Тимощенконы да құттықтады.
Мектептің хор ұжымы «Ғажайып әлем» әнін орындаса, 11-сынып оқушылары «Наурыз» атты флешмоб биді биледі. Мектептің 5-сыныбында оқитын кішкентай бишілер «Калинка» биін, 6 «а» сынып оқушысы Екатерина Фокина «Хорезм» биін, «Эдельвейс» би тобы «Павлиндер» биін, Анастасия Семенова «Мен қазақтың қызымын» әнін, 5 «а» сынып оқушысы Анастасия Мачнева ізгі тілегімен, 7-сынып оқушылары әдемі биімен, 9-сынып оқушылары «Сүгір» биін билеп, мерекенің көркін кіргізді. Ізгілікке толы мереке өте көңілді әрі мазмұнды болып өтті. Ұлттық ойындарға да кезек берілді. Әсіресе, 9–11-сынып оқушыларының «Кім жылдам жейді?» жарысы өте қызықты әрі тартымдылығымен есте қалды. Мектептің денешынықтыру пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында қазақша күрес, тоғызқұмалақ, бәйге, тымақ ұру сияқты ұлттық ойындардың жарысы да әз-Наурыздың қызықты өтуіне игі әсер етті. Мектеп оқушыларының мерекесіне арнайы келіп қатысып отырған ата-аналардың ақ тілегін қадірменді қария, асыл әже бата беріп жеткізді. Ұлттық киім киген ару қыздар шашу шашып, келген жылды қарсы алудың ырымын жасады.
Рая Ескендір
Алматы Ақшамы