Қазақ еліндегі жазылмаған, бірақ қалыптасқан заң бойынша кезектен тыс сайлау өткізу туралы мәселе тағы да көтерілді. Алайда бұл бастама, менің ойымша, сан түрлі аты шыққан ұйымдар мен тұлғаларды ыңғайсыз жағдайға қалдырған сияқты. Әрине, олар өздерінің жайсыз жағдайда қалғандарын білмеген де болар, сондықтан шымылдықтың шетін ашып, бұл бастаманың кейбір қателіктерін көрсетейік:
Біріншіден, Президент және Парламент сайлауының бір жылда бірге өткізілмеу міндеттілігі біздің заңымызда (51-бап) нақты айтылған. Бұл – Орталық Сайлау Комиссиясының бас ауыртатын мәселесі. Бастама көтерушілердің бұл әрекеті, «Біз айтпасақ, Тұрғанқұлов түк те білмейді» деген сияқты ой тастайды. Меніңше, жан-жақтан жамырамай, бұл мәселені ОСК-ның құзырына беруіміз керек.
Екіншіден, бұл бастаманы көтеруші Қазақстан Халық Ассамблеясының айтуынша, жер-жердегі азаматтар саяси- экономикалық жағдайдың қиындағанын ойлап, …кезектен тыс сайлау өткізу туралы мәселе көтеруді сұрапты-мыс. Меніңше, жағдай қиындаса, халық тамақты арзандатуды немесе жалақыны көтеруді сұрайды, ал кезектен тыс сайлау өткізуді сұраған халықты бірінші рет естіп отыр- мын. Айтпақшы, сол арқылы бастама көтерушілер «Қазақстанда экономикалық дағдарыс жоқ» деген Президенттің сөзін жоққа шығарып отыр.
Үшіншіден, сайлауды әділетті деп атау үшін алынған шарттардың ішінде «халықтың өтінішіне орай» деген жолдарды көре алмадым. Әділетті сайлаудың қатаң шарттары бар. Ол шарт сақталмаған уақытта, сайлауға «әділетсіз өтті» деген баға беріледі. Айта кету керек, әділ сайлаудың бір шарты – сайлаудың заңның көрестілген мерзіміне сәйкес, белгілі бір кезең сайын жүргізілуі. Мейлі соғыс болсын, жер сілкінсін, дария теріс ағып кетсін, заңда төрт жылда бір болады деп жазылса, төрт жылда бір болады, егер бес жылда бір рет болады десе, бес жылда бір рет болады. Белгіленген мерзімнің сақталуы – сайлаудың әділ өткендігінің басты кепілдігі.
Төртіншіден, кезектен тыс сайлау өткізу мәселесін халық көтеріп отырса, ол халықтың қазіргі Президенттен шаршағанының көрсеткіші болып табылады. Кезектен тыс сайлау – соның айғағы. Әділетті, бәсекелестердің арасындағы таза тартысқа негізделген сайлауда кімнің Президент боларын құдай біледі. Егер қазіргі Президентіміз біздерді қанағаттандырса, оны уақыты жетпей тәуекелге салып, не жынымыз бар. Демек, кезектен тыс сайлау мәселесін көтерушілер бәрі – бүгінгі Президентке қарсы жандар.
Бесіншіден, саясат маңындағы көптеген тұлғалар мен ұйымдар сайлауды өткізу туралы мәселе шешілмей жатып, болашақ кандидаттардың бірін насихаттауға («важно укрепить единство, согласие и стабильность, консолидировав усилия государства, общества и всех граждан страны вокруг нашего лидера Нурсултана Абишевича Назарбаева»; «Президенту страны Нурсултану Назарбаеву необходимо дать новый мандат общенационального доверия для успешного прохождения страны в период глобальных испытаний») көшкен сияқты. Бұл – қарапайым саяси сауатсыздық және саяси мәдениетсіздік. Адамдар «кезектен тыс сайлау болады ма, әлде бұрынғы президентті қайта сайлау болады ма» деп аңтарылып та қалған сияқты. Сайлау дегеніміз – бәсекелестік, жарыс. Сол жарыстан кімнің бірінші болып келетіндігін ешкім де білмейді. Кешіріңіздер, біздің қоғамда кімнің жеңіп шығатынын әуелі — билік, содан соң алла біледі.
Алтыншыдан, ашығын айталық, көптеген адамдар кезектен тыс сайлауды қазіргі Президентке тағы бес жыл мүмкіндік беру деп түсінеді. Басты дәлел, әлемдегі саяси-қоғамдық, экономикалық қиыншылықтар кезінде басшыны ауыстыра берудің қажеттілігі жоқ деп есептеу. Әрине, бұл пікірдің де өмір сүру құқығы бар екенін мойындауымыз керек. Алайда, осы пікірдің астарында «ертең ел басына қиыншылық туса, ол адамды қайта сайлау қиындық келтірмейді ме екен?» деген қорқыныш, сақтық бар сияқты. Демек осы бастаманы көтерушілер біздің тәжірибелі, ақылды, айлалы Президентімізге сенбейтін сияқты… Меніңше, Президент 2016-жылы сайлауға түсіп, доллар 280 теңгеге көтеріліп, мұнайдың баррелі 10 долларға түсіп кетсе де жеңіп шығады. Батырлар қиыншылық кезінде өзін көрсетуі керек қой. Демек, 95 пайыз халықтың қолдауын алған адамның үш жылдан кейін 51 пайыз алатындығына сенбеген бастамашыл топтарды қатаң жазалау керек сияқты.
"Қазақия" газеті