ОҚО-да су шайып кеткен ескі қорымдағы мүрделер басқа жерге көшірілді

/uploads/thumbnail/20180518001826919_small.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында су шайып кеткен ескі қорымдағы мүрделер басқа жерге көшірілді. Бұл туралы Зертас ауылының әкімі Лесбек Серікбаев хабарлады.

Ауыл әкімінің сөзінше, мүрделерді көшіру жұмыстары аяқталуға жақын.

«Мүрделерді көшіру жұмыстарының барлығы шариғат жолымен жасалды. Ескі қорымда 20 адамның сүйегі жерленген. Бұлақтар суын уақытша тоқтату жұмыстары су сорғыш қондырғылардың көмегімен жүргізілді»,-дейді Зертас ауылының әкімі.

Қорымдағы мүрделерді көшіру жұмыстары ауа райының жауын-шашынды болуына баланысты уақытша тоқтатылған болатын.

«Көшіру кезінде екі экскаватор қолданылды. Біз су шыққан жерлерді қазып, құбырлар тастадық. Су сол құбырлармен каналға ақты. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Дегенмен 80 пайыздық жүмыс аяқталды деуге болады. Енді ол жерлерге тас тастап, ол аумақты көму жұмыстары ғана қалып тұр. Бәрі реттелген соң, ол жерлерге ағаш отырғызатын боламыз»,-дейді Лесбек Серікбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Зертас ауылындағы ескі қорымды су шайып, марқұмдардың сүйегі жер бетіне шығып қалғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Ол кезде ауыл әкімі қорымның астынан бес бірдей бұлақ көзі шыққанын айтқан еді. Ондағы сулар қорымның жанын жарқабаққа айналдырып, соның салдарынан бірнеше марқұмның сүйектері суға ағып кеткені белгілі болған.

Қатысты Мақалалар