(ғасырлар толғауы) XV-XVI ғасырлардың айтқаны: «Дүбір-дүбір дүрбелең, Құрық салып күрмеген... Дүрдараз боп замана, Соқпақ ізін сүрлеген. Аяр жауың терістен, Аңызақтай үрлеген. Долы жауың соғатын, Дауыл болған іргеден. Бір хандықтан бөлініп, Бір хандықтан жеңіліп. Дешті Қыпшақ, Түркістан, Жатты отқа көміліп. Тірлігіңнен түңілді, Бірлігіңнен бөрі ұлып. Қайран елден бақ кетті, Қабырғасы сөгіліп. Қан оранбақ құт кеуде, Көздің жасы біткенде... Күндік асын жетім жұрт, Көш үстінде ішкенде. Түннен кетті тыныштық, Күннен хайыр күткенде. Еңкеймес рухы елімнің, Емтимес хәлге түскенде. Дұшпан тартты туыңды, Бұзбақ болып діліңді. Қаймана жұрт тірлігі, Күз күніндей құбылды. Азаматың оққа ұшып, Қазанатың сүрінді. Әулиелер азынап, Абыздарым түңілді...» *** «Бұлт артынан күн шықты! Бұлт артынан күн шықты! Ту ұстаған ұлыңнан, Жат жүрегі түршікті! Қан оранған алапқа, Қайта бүрлеп гүл шықты! Тайдан шықты сәйгүлік! Алыптардан дүр шықты! Керей менен Жәнібек, Әрі батыр, әрі бек! Тұғырға ту көтерді, Ұлтымды әлем таны деп! Өтей Бойдақ айтыпты: «Бірлікте бар әділет! Бүтіндей ел болмаққа, Сол бірлігің дәрі!» деп, Берекеміз байсалды, Осы кезде байқалды. Қалмақ, Ойрат басқыншы, Шаңырағы шайқалды. Жетісуға құт дарып, Аш өзекке май тамды. Қару алып қайсар ер, Қалың жауын тойтарды. Күн иіскеп найзасын, Баба кегін қайтарды. Жаужүрек боп жас ұлы! Ардақталды асылы! Семсер болды қолында, Көктің түскен жасыны! Ырыс болып құйылды, Жаратқанның шашуы! Ұлықталмақ сондықтан Ұлттың Ұлы ғасыры!» XVII ғасырдың айтқаны: «Ыза да, ыза ызғарлы, Шырқыңды заман бұзған-ды. Төске жатсаң топырақ, Тоңы қарып, сызданды. Тентек жауың төріңе, Мың ұмтылып, жүз барды. Мола болып ұл қалды, «Олжа» болып қыз қалды... Қанға шомып түз қалды, Қаңғалақтап із қалды. Кеше ғана құрылған, Жоңғар көзі тұзданды. Етене деп жүрген жұрт, Енді ашып тұр жүз дауды. Етегіңде жүрген құл, Елдігіңді қызғанды...» *** «Аспаныңда ай туды! Аспаныңда ай туды! Ырыс қонған дәуірге, Сан салауат айтылды! Қанаттанды тастүлек! Қайсарланды жас жүрек! Бірлігіміз түзелді, Бүтін тұрып бас,білек! Бұл заманды айтады, Қазақ көзін ашты деп. «Қой үстіне бозторғай Жұмыртқасын басты» деп! Сол рухыңмен тасындым! Бірлігіңе бас ұрдым! Үніменен тілдесті, Бабам балбал тасымның. «Ескі жолы Есімнің», «Қасқа жолы Қасымның», Қағидасы атанды, Қайта туған ғасырлың! Сайрам менен Сығанақ! Құшақ жайған тұр алап! Бақ қарады осы кез, Түңдігімнен сығалап! Сондықтанда бұл ғасыр, Ту боп биік тұрады ақ! Келер күнге үлгідей, Өткен күннен ұлағат!» XVIII ғасырдың айтқаны: «Зарла да, зарла, зарлы үнім, Запыран ішкен тағдырым! Ақтабан боп шұбырып, Азынадым, қаңғыдым! Алқакөл боп сұлама, Ажал құя салды уын! Жау аяққа таптады, Аналардың жаулығын! Дұшпан аяп жатпады, Елді аяққа таптады. Қарияның қу басын, Қызыл шоққа қақтады! Тау асқанда бос тайлақ, Ел елеңі жатпады. Ажал болып тіксінді, Атқан күннің батқаны! Құс екеш сол құстар да, Шырыл қағып ұшқанда. Адам түгіл заманнан, Аңырап рух шыққанда. Жеті тұстан бұл жоңғар, Жеңін түріп қысқанда. Бұдан ауыр ақиқат, Бұдан жаман түс бар ма?! Қыз-қырқынын күң қылып, Қыл мойынды құл қылып. Шаңырақты өртеді, Уығыңды сындырып. Жоңғар сонда есірді, Гүл даламды тұл қылып. Жатты сонда азаптан, Жайсаң елім шыңғырып...» *** «Отамалы өтті жұрт! Отамалы өтті жұрт! Мың құдірет арқалап, Мына зауза кепті жұрт! Тәңіріміз төбеден, Таудай ырыс төкті жұрт! Құт дарыған қонысқа, Ат тұяғы жетті жұрт! Арқаны өрлеп төскейге, Атан түйе шөкті жұрт! Мұратыңа жет енді! Мақсатыңа жет енді! Арқан салып сүйрейсің, Ат сауырлап бөтенді. Қинап шыққан қан, терің, Қытықтайды шекеңді Уа, ағайын, сүйінші! Уа, ағайын, сүйінші! Аузы қарыс алты Алаш, Ардақтаған бір ұлы Абылайды хан етіп, Ақ киізге көтерді! Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай. Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай. Ақтамберді, Алтыбай, Ер Еспенбет тағы бар, Бәсентиін батыры, Малайсары сардарлар, Керейден бар Жәнібек Шөңкей, Бура Ақпантай. Бұқар жырау дәуірі, Тіл қуаты дарыды. Тәттіқара, Үмбетей, Тағылымы тағы Ұлы! Жанақ, Көтеш, Абыл, Шал, Жырдың жанған жалыны! Қаз дауысты Қазыбек, Төле би мен Әйтеке, Әнет баба ұстаздың, Ұлағатын таныды. Батыр баба заманы, Ақын баба жарығы! Есіл менен Еділден, Ел қуаты көрінген. Ақ Жайық пен Ертістен, Ел ырысы төгілген. Алатау мен Қаратау, Астасқанда көгіммен. Айрандайын ұйыды. Алтау ала бөлінген. Көрген зорлық бір мысқал, Жусағандай тұрмыс, хәл. Жаз жайлауы Сарыарқа, Ақ Шәуліде мың қыстау! Торғай, Нұра,Сарысу, Көкшетауда сексен көл, Етекгіне сыйдырып, Ел қондырды Шыңғыстау! Үш жүз тізе қосқанда, Айың туды аспанда. Аңырақай, Орбұлақ, Жаудың қолы қашқанда. Қарасиыр бойынан, «Қалмақ қырған» тосқанда. Жеті түмен қол болдың, Жаңғырып тау, тастар да. Бабалардан бұл батыр, Сардар шықты тұлғасы ұл. Ізі қалды қазақтың Қуаң дала, құмда сүр. Елге бітті дейтұғын, Өң-бойына мұнда шыр. Қазағымның ырысын, Қайтып берді бұл ғасыр!» XIX ғасырдың толғауы: ««Мұнар да мұнар, мұнар күн» Мұңыңды сенің ұғармын. Зар кетпеген басынан, Мұңлықтың бірі шығармын. Тұл қуаныш тигізбейі, Түтіп, түтіп туар күн. Қарашадан хал кетті, Қара жолда қуардым. Қайран есіл ерлерім, Қайыспаған белдерің. Енді ие болады, Еңіреген елге кім? Кенесары, Махамбет, Исатайдың өлгенін Өз көзіммен көргенім, Басын кесіп бергенін, Ұмытпаймын енді елім... Ақ патшаның әмірі, Атқан оқтай дарыды. Отарлаған саясат, Отқа түсті жан үні. Аязындай қаңтардың, Қазағымды қарыды. Ояз, болыс, старшын, Зомбылықтың ауыры. Міне, осылай бұзылды, Берекенің дәуірі. Сан қамалды тұрғызып, Қазаққа әмір жүргізіп. Бар сауатсыз қауымға, Жоқ салықты ілгізіп. Шенді-шекпен парақор, Жандайшабы жалақор, Елді қойды бүлдіріп. «Мұнар да мұнар, мұнар күн», Бұл жұттан қалай шығармын?! Ерлердің ісі еш кетіп, Еңкіл де еңкіл жылармын. Салық салса зіл-батпан, Сауырлап құлап тынармын. Іргеңді бұзса бұл дауыл, Ендігі қайтіп бұғармын!» *** «Уа, жараңдар,жараңдар! Уа, жараңдар, жараңдар! Көкжиекте көз ашқан, Шұғылаға қараңдар! Надандықтан арылып, Адамдықты ал, аңғар! Алдарыңда адаспас, Айдай жарық заман бар! Көңіліңде кірбің ғой, Білім іздер бұл күн ғой! Ырыздықты мен осы, Босағаңа ілдім ғой! Алтынсарин Ыбырай, Ұстаздарың үлгің ғой! Бұл ғасырға өкпең жоқ, Мен Абайды тудым ғой! «Ғылым таппай мақтанба!» Сен кез болдың ақ таңға! Бермес Құдай ілімін, Бей берекет жатқанға. Шоқан тудым басыңа, Шындық іздер шақтарда. Бұл ғасырдан асатын, Басқа қонған бақ бар ма?!» XX ғасырдың толғауы: «Қырғын да қырғын, қырғын күн, Қызығын елдің бүлдірдің. Қаймана жұрттың еңсесін, Қара жел боп сындырдың. Қазан төңкерісінде, Қан аңқыған бір қырғын! Аштық келіп одан соң, Ашты аранын бір қырғын! Қиын-қиын заң кепті, Үйір-үйір мал кетті. Дүбір-дүбір әскермен, Ел үстіне зар жетті. Тарбағатай,Алтайдан, Асқан жұртым әрі кетті. «Қорабайдан» хәл кетті, Қарашадан жан кетті. «Жеті ағайын жұт деген», Жоқшылықты жіктеген. Бір отауды қалдырмай, Белдемеден бүктеген. Жол қиялай қу сүйек, Жатты өліп жұрт деген. Бір қиямет бұл болды, Ұмыта алмас ұлт деген. Шарқ ұрғанмен шапқылап, Басқа қонбас бақ бірақ. Алаш партиясының, Абыройы артты нақ. Оларды да сорлатты, Түрмелерге жапқылап. 5 арысым бар еді, Елге берген бақ-қуат. «Халық жауы» дегізді, Қара мылтық атқылап. Түрме торы тұрды ұлып, Қылмыс ісі қым-қуыт. Қалғандарын жіберді, «Итжеккенге» қудырып. Мағжан менен Міржақып, Шемен шерін жыр қылып. Ахмет, Ілияс, Бейімбет, Ғұмырларын үлгі қып. Жүсіпбек пен Сәкендер, Найқалмады сыр бүгіп. Шәкәрімді ол жұтты, Қарғыс атқыр, құр құдық. Заман алды қырына, Аз көргендей мұны да. Бас көтердік тағы біз, Фашизмнің туына. Ел аттанды соғысқа, Жұдырық боп жұмыла. Қалды қарты, баласы, Сол майданның тылына. Ел іргесін қорғамай. Есіл қанын арнамай. Ерлер ісі бітер ме? Қару алып, жауламай. Оққа да ұшты асылдар, Үшбу хат та жолдамай. Қонып жатты әр үйге, «Қарақағаз» қарғадай. Ерлігімен танылған, Орден, медаль тағынған. Батырларым биігім, Айналайын, арыңнан! Талғат Бигельдиновтей, Төлеген бар Тоқтаров, Әлия мен Мәншүгім, Жау шебінен табылған. Нұркені бар Әбдіріов, Қошқарбаев Рақымжан. Рейхстахқа ту тігіп, Айбар кеткен жауымнан. Мәлігім бар Ғабдуллин, Атқан оғы дарыған. Батырларым Сағадат, Момышұлы Бауыржан. Қан майданның қанжары, Қазақты да жалмады. Ол аз десең тағы бар, Палигонның зардабы. Демі уға тұншықты, Дегелеңнің таулары. 40 жылдай атомның, Сынақтары орнады. Қу даладай қуарды, Құдіретім қолдағы. Бұрыңғы зар бір басқа, Ендігі зар тым басқа. 86 қысында, Мың зауал бар бұл баста. Қайратым мен Ләззатым, Ербол менен Сәбира, Бас көтерді жастарым, Бодан болып тұрмасқа. Алматының төрінде. Желтоқсанның желінде, Алаң қанға оранды, Алаң туды елімде. Соққы көрген жастарым, Басын тікті өлімге. Сондағы арман еді ғой, Тәуелсіздік тегінде. «Қасқалдағым» қайымда, «Шүрегей» жүр көлімде. Қырғын да қырғын, қырғын күн, Қызығын елдің бүлдірдің. Қаймана жұрттың еңсесін, Қара жел боп сындырдың. Зауал көрген бір ғасыр, Зарлап айтқан мың жырмын. Қалып қойған бір ғасыр, Құрсауында шынжырдың. Тілімізден айырған, Дінімізден айырған, Ділімізден айырған, Қарғыс атқыр, қырғын күн!» *** «Азаттықтың таңы атты! Азаттықтың таңы атты! Бар әлемді қазағым, Ауызына қаратты! Көк байрағым асқақтап, Көктен нұрын таратты. Әнұраным қалықтап, Ұлт жүрегін оятты. Азаттықты түсіндік, Азаттыққа тұщындық. Байтақ елміз бүгінде, Берекелі, күшім нық. Алғаш ұлттың ұланын, Ғарышқа да ұшырдық. Жамандықтан сырт алып, Жақсыға қол ұсындық. Намысымыз қайралды, Наурызымыз тойланды. Егеменді еліме, Елбасы да сайланды. Дінім болды діңгегім, Тіл мейрамы тойланды. Жер құнары артқандай, Ел көңілі жайланды. Замананың көшімен, Көшіп жүріп көсілем. Салдық жаңа Астана, Сарыарқаның төсінен. Жеңісіме қуанып, Желдей болып есілем, Жиырмасыншы ғасырым, Аяқталды осымен» ХХІ ғасырдың айтқаны: «Уа, ғасырлар, ғасырлар! Маған шашу шашыңдар! Өздеріңдей өр емес, 24-те жасым бар! Келер күнім кемелді! Өткен уақыт асылдар! Қазыналы қартым бар! Жалын атқан жасым бар! Олар бүгін тәуелсіз! Бақытты олар расында! Елбасының таңдауы, Ел ертеңі, арманы! Қия шалмас қиырда, Қыранымыз самғады. Айдарымнан жел есті, Айшықты күн алдағы! Осы біздің қуаныш, Осы «Нұрлы жолдағы»! Бақ-береке менде бар! Құт-шежіре менде бар! Егемендік ендігі, Елге қуат, елге жар! Ертең әлем көретін, Эксподай көрме бар! Өз-өзіңді жетелеп, Өз еркіңмен өрлеп ал! Балуаным білекті! Боксшымыз жүректі! Олимп шыңы сілкініп, Жетістігім түлепті! Зіл темірден найқалмай, Абыройды дүр етті! Спорттан да танылдық, Жетелеп сан түлекті! Ғасырлардан жаңғырып, Мен келемін сән құрып! Түнім тыныш, шүкірлік! Атқан әркез таң күліп! Мерекелі елімде, Берекелі бар ғұрып. Өрендері өрелі, Қариясы паң күліп! Өткеніміз бай мұра, Ертеңіміз мәңгілік! Пейілімдей кең далам, Пейішімсің сен маған! Бейбіт елдің ұлымын, Берекеңді бер маған! Еншім алда, ертең-ақ, Озықтармен тең болам! Таңғалдырып жаһанды, Талай шыңды енді алам! Мәртебелі тарихы, «Мәңгілік ел» мен болам!»

Нұржан БАЙТУСОВ

Пікір қалдыру