Еуропалық қайта құру және даму банкі ОҚО-да инвестиция салуға ынталы

/uploads/thumbnail/20180521154032876_small.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің Астана қаласындағы Өкілдігінің басшысы А.Омарова бастаған жұмысшы топпен кездесті. Басқосу барысында өңірде баламалы энергия көздерін өндіретін салаға инвестиция салу мәселесі сөз болды. Өңір басшысы аймақта  қолайлы инвестициялық климат қалыптасқандығын және инвесторларға барлық жағдайлар мен жеңілдіктер жасалынатынын жеткізді.

«Облыстағы 11 индустриялық аймақта  170-ке жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында мемлекет есебінен индустриялық аймақтағы кәсіпорындар ішкі және сыртқы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.  ЕҚДБ-мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін өз тарапымыздан ынтымақтасуға әрқашан дайынбыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетерлігі, бұған дейін аймақ басшысы ЕҚДБ-ның Қазақстандағы басшысы  Агрис Прейманиспен жүздескен болатын. Бұл кездесуде жалпы құны 33 млн. евроны құрайтын Шымкент қаласын сумен жабдықтау жобасы және   Шымкент-Ташкент автомобиль жолын салу мен  Шардара ГЭС-ін жаңғырту сынды жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланған.

Кездесу соңында Еуропалық қайта құру және даму банкі аталған жобаларды алдағы уақытта жүзеге асыруға ынталы екендігін жеткізді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар