Алматыда Еуразиялық медиа форум барысында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирия дағдарысын реттеудегі Астана процесінің рөлі туралы айтты, деп жазады Qamshy.kz
Министр Астана процесінің бірігейлігі ретінде келіссөздерге Ресей, Иран, Түркия сияқты мүдделі елдердің қатысып жатқанын атап өтті.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астана процесі мүдделі тараптармен қатар Сириялық оппозицияны да қабылдап, олардың арасында келісім жүргізуге тырысып жатыр. Бұл тараптардың көзқарастары бір-біріне қарама-қайшы. Астана процесі кезінде оппозициялық тарап залдан шығып кеткенін де айтуға болады. Кейін олар Нұрсұлтан Назарбаевты құрметтегендіктен және Қазақстанның осы процестегі ашық әрі айқын бейтараптығы үшін ғана залға кіретіндігін мәлім етті», - деді Қ.Әбдірахманов.
Астанада жасалған келісім Сирия дағдарысын шешуге, шиеленіс жалынын аазайтуға бағытталған.
Оның айтуынша, бұл Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір екендігін дәлелдесе керек.
«Қазір әлемде қандай жағдайды көріп отырмыз? Елдердің арасындағы саяси, әскери, экономикалық бәсеке белең алып барады. Бізді халықаралық дипломатиялық мәдениеттің тоқырап бара жатқандығы алаңдатады. Соған қарамастан Қазақстан достық пен бірліктің, ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отыр», - деді Қайрат Әбдірахманов.
ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мырза форумның бірінші мәжілісінде: "Қазақстанның ашықтығы ақпарат саласындағы кейбір мәселелерге төтеп беріп, турбуленттік пен болжамсыздықтың артуы бұқаралық ақпарат құралдарына молынан мүмкіндік беретінін" айта кетті. Орталық Азия мен Қазақстанның тыныштығына әлем бұқаралық ақпарат құралдары қызыға қарайтынын, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының әсері екенін де Қайрат Әбдірахманов мырза айтты.
Айта кету керек, Алматыда Орталық Азиядағы тәуелсіз диалог алаңы аталған Еуразия медиа форумына 60-тан астам елден 500 делегат қатысуда. Алқалы жиында сарапшылар мен саясаткерлер, экономистер мен қоғамдық пікір иелері Қазақстанның, Еуразияның, жалпы әлемдік қауымдастықтың экономикалық, геосаяси, мәдени-әлеуметтік мәселелерін талқылайды. Форумның алғашқы күні шеберлік дәрістерінен басталды.
Форум шеңберінде жақын және алыс шетелдік, әлемдік деңгейдегі медиа сарапшылар, осы заманғы көкейкесті мәселелер жөнінде тақырыптық дәрістерін оқыды. Атап айтар болсақ: "Мобильдік журналистикадан әлеуметтік виртуалды шындыққа дейін", "Қауіпті аймақтан репортаж жасау", "Оқшау Бұқаралық медиа. Сандық дәуірдегі конвергенттік журналистика", "Жаңалықтар әлемінің келешегі", "БАҚ-тың гендерлік тепе-теңдігі", "Медиа эволюциясы: блог саласының өркендеуі қауіп пе, әлде прогресс пе?" секілді тақырыптарда дәрістер оқылды. Еліміздегі журналистика, медиа саласына қадам басып келе жатқан жастарымызға тегін дәрістерді әлемге белгілі Юсуф Омар, Тира Шубарт, Ивона Райхардт, Райан Смит, Гизем Йарбил Гүрол сынды тұлғалар оқыды.