ҚР ДСМ Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй мен орталық қызметкерлерінің кездесуі өтті.
Аталған мекеме директоры Динара Мырзахметованың айтуынша, Қытай консулдығы құны 2 миллион теңге болатын 10 компьютерді ғылыми орталыққа тарту еткен.
«Шілде айынан бастап қағазбастылықтан құтылып, бірыңғай цифрландыру жүйесіне көшеміз. Осы ретте бұл Қытайдың бас консулы атынан біздің орталыққа көрсетілген үлкен қайырымдылық болып отыр», - деді дөңгелек үстел басында сөз алған Динара Мырзахметова.
Орталық басшысы болашақта әріптестік байланысты одан әрі нығайта түсу жоспарда барын айта кетті.
«Алдағы уақытта білім, ғылым саласында Қытай консулдығымен келісімге келіп, екі жақ мамандарын алмастыру шараларын ойластырмақпыз. Біздің қызметкерлер Қытайға барып, олар жақтың мамандары бізге келіп тәжірибе алмасып жатсақ, жақсы болар еді. Бір-бірімізден үйренеріміз көп деп ойлаймын», - деді ҚР ДСМ Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы директоры Динара Мырзахметова.