Алматы музейінде географ Дьёрдь Алмашиге арналған мемориалдық тақта қойылды

/uploads/thumbnail/20180525105048685_small.jpg

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК филиалы Алматы музейінде Венгерлік шығыстанушы, географ Дьёрдь Алмашиге арналған мемориалдық белгі тақтасы қойылды.

Салтанатты шараға Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Венгрияның бас консулы Юдит Ланг және өлкетанушы, этнограф ғалымдар қатысты. Дьёрдь Алмаши - Орталық Азия халқын әлемге алғаш таныстырған Мажар саяхатшысы.

Ол осыдан 100 жыл бұрын Алатау, Тьянь-Шань сынды Қазақстанның бірқатар жерлерінде болып, этнографиялық зерттеулер жүргізген. Ал 1903 жылы  «Азия жүрегіне сапарым» атты еңбегі жарық көрген.

Жиында сөз алған түркітанушы, этнограф Давид Шомфаи Кара мажар ғалымы Дьёрдь Алмаши қалдырған құнды еңбектер өзінің этнографиялық зерттеуіне арқау болғандығы туралы айтты.

«Мен өзім зерттеуші ретінде XX ғасырдың аяғындағы Жетісу бейнесін білсем, Дьёрдь Алмашидің кітабынан XX ғасырдың басындағы Жетісу өңірін таныдым.  Жүз жыл ішінде көп нәрсе өтіп кеткен», - деді Давид Шомфаи Кара. 

Салтанатты шара аясында Дьёрдь Алмашидің мұрағатынан ежелгі Қазақстан өлкесінің суреттері көпшілік назарына ұсынылды. Түркітанушы ғалым Иштван Шанта мұндағы суреттер саяхатшының Орталық Азияға 1906 жылғы екінші рет сапары кезінде түсірілгенін мәлім етті.

«Суреттердің көбі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен. Ғалыммен бірге саяхаттаған ағылшын досының ұрпақтары тапсырған суреттерді көрмеге әкелдік. Онда да сапасы жақсы дегендерінен 30 шақты сурет қойлып отыр», - деді Иштван Шанта. 

Қатысты Мақалалар