Қаладағы №1 оқушылар үйінде өткен «Аталар мұрасы - халық қазынасы» атты қалалық байқауда көпбалалы әкелер жарысқа түсті.
Байқауға көпбалалы әкелермен қатар жас әрі белсенді, спортшы, ардагер әкелер қатысып, өнерлерін ортаға салды. Сайысқа қатысу үшін қаланың әр ауданынан келген жанұялардың ұлттық құндылықтар турасындағы білімі мен білігі сынға түсті.
«Қалалық әкелер слеті» осымен биыл 5-ші рет өткізілуде. Сайыстың басты мақсаты - бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейтіп, ұлт болашағы үшін ата-ананың жауапкершілігін арттыру, әкенің атқарар рөлі отбасын асырап, нан табумен ғана шектелген заманда оның тәрбиедегі негізгі орнын айқындау. Әке махаббаты мен қамқорлығы ұрпағының саналы болып өсуіне септігін тигізеді» -дейді №1 оқушылар үйінің директоры Дәуірхан Қожахметов.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. «Тағылым» кезеңінде қатысушылар төл тарихымызға, салт-дәстүрімізге, ұлттық мәдениетімізге қатысты сұрақтарға жылдам жауап беру сынынан өтті.
«Жұбайым, екі балам, келінім мен немерем - бүкіл отбасым мені қолдап келіп отыр. Біз Түрксіб ауданының намысын қорғаймыз әрі жеңістен дәмеліміз. Бабаларымыздың өмір салты жайындағы білген-түйгенім мені жерде қалдырмайды. Ал 4 жастағы немерем болса көрермендер құрметіне қазақ ұлтының биін билейді»,- дейді байқау қатысушысы Қарлығаш Сейітов.
Келесі айналымда қазылар алқасы ата-аналардың зеректігін бағаласа, сайыс соңында әр әке баласымен бірге ән салу, би орындау, түрлі аспаптарда ойнау қабілетін паш етті.