Биыл Алматыда өтетін «Бала дауысы» ән байқауына 4 мыңға жуық бала қатысады. Наурыздың 15-і мен сәуір айының 15-і аралығында өтетін додаға 8 жастан 12 жасқа дейінгі балалардан 3 765 онлайн-өтінім келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып отыр.
«Алдын-ала іріктеу нәтижесі бойынша жанды дауыста тыңдаудан өту үшін 14 облыстан 80 бала Алматы және Астана қалаларына шақырту алды. Іріктеу кезеңінде кәсіби төрешілер Майра Мұхамедқызы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Мақпал Исабекова және Әсет Арыстанбек төрелік етеді. Екі күн ішінде балалар өздерінің жанкүйерлерін тек қана вокалдық қана емес, бишілік және әртістік қабілеттерімен таң қалдырады. Төрешілер 80 баланың ішінен әр облыстан 1 және Алматы, Астана қалаларынан 2 қатысушыдан іріктеп алады. Олар қыркүйек айында телевизиялық супер-финалға дайындық өтетін «Бала дауысы» жұлдызды үйіне баруға мүмкіндік алады. Жас өнерпаздар мұнда вокал, актерлік шеберлік, хореография, сән өнері және сахна тілі сабақтарын оқиды», - деді ұйымдастырушылар.
24-қыркүйектен бастап жас әншілердің өнерін телекөрермендер бағалайтын болады.
1 айдан аса уақыт аралығында телекөрермендер «Халық сүйіктісі» атты арнайы сыйдың иегерін анықтайды. Ал 8-желтоқсанда тікелей эфирде қазылар алқасы «Бала дауысы» III маусымының жеңімпазын атайды. Жеңімпаз Ұлттық өнер академиясының оқу грантын жеңіп алады және Диснейлендке жолдама алады.
Әр финалист байқау қорытындысына қарамастан арнайы жасалған сиқырлы нота және ұйымдастырушылардың арнайы сыйлықтарына ие болады.