Алматыда Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты жиын өтті

/uploads/thumbnail/20180525122022155_small.jpg

Алматыда «Батыр» Президент полкінің 0111 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты жиын өтті.

Аталған полктің бірқатар жауынгері Отан алдында қалтқысыз қызмет еткен үшін «Мінсіз қызметі үшін» І-ІІ-ІІІ дәрежелі медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, сарбаздарға Медеу аудандық әкімі мен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі басшысының алғыс хаттары табыс етілді.

«Бүгінгі тәуелсіз еліміздің әскері - біздің ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы. Сондықтан да, қалыптасқан игі дәстүр бойынша жыл сайын Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні - Отан қорғаушылар күнін мерекелеп келеміз. Соған байланысты, Қарулы Күштеріміздің абыройын асқақтатар сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те, жарасары сөзсіз. Аспанымыздың ашық, ел бақытының баянды болуы - әскери жауынгерлеріміздің қолында әрі келер ұрпақтың еншісінде», - деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Майлыбаев Ғани.

Салтанатты шара отандық эстрада жұлдыздарының меркелік концертіне ұласты.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» президенттік полктері қазақстандық армияның элитасы болып есептеледі. Ең үздік әскери қызметшілерді бір арнаға тоғыстырған  қызметтің бұл құрылымдық бөліністеріне іріктеу әрі қатаң талаптарға сай жүргізіледі.

2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы»  Заңына сәйкес жылына екі рет республика бойынша бозбалаларды әскерге шақырту жұмыстары басталады.

Қызметтің офицерлерімен тілдесіп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы толыққанды ақпарат алғаннан кейін, әскерге шақырылушылардың көпшілігі дәл осы элиталы құрылымдарға, яғни «Айбын» және «Батыр» президенттік полктеріне шақырылуды қалайтындықтарын жасырмайды. Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес ең бастысы Отанға деген шексіз адалдығымен, шыншылдығымен, оқыс жағдайларда жалғыз әрі нақты шешім қабылдай білу қабілетімен, төзімді әрі денесі шымыр келген және зеректігімен ерекшеленген бозбалаларға басымдылық берілетіні сөзсіз.

Спорттық және өзге де салалардағы елеулі жетістіктері әскери борыштарын дәл осы президенттік полктерде өтеуге жолдама ретінде қарастырылатынын айта кеткен жөн.

Қатысты Мақалалар