Алматы қаласында он түрлі ұлт өкілдері қатысқан «Қазақстан ұлттары бірлігі» фестивалі өтті.
Қазақстандықтар мамырдың бірі күні «Қазақстан ұлттарының бірлігі» күнін тойлайды. Бұл - әртүрлі ұлттар арасындағы достастық, келісім мен үйлесімділік мейрамы.
Қазақстанда өмір сүретін ұлттардың достастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырған бүгінгі фестивальге диаспора санына орай ең ірі он ұлт өкілі сайысқа түсті. Алматы қаласындағы MEGA Park сауда ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған фестиваль байқауының бірінші бөлімінде қатысушылар өз ұлтының дәстүрі мен мәдениетін таныстырды. Сондай-ақ, дәстүрлі ән мен би көрермендерге ұсынылды. Ал байқаудың екінші бөлімінде төрешілермен қатар көрермендер де әр ұлттың дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, қолөнер заттарының көрмесін тамашалады.
«Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының қолдауымен қазіргі таңда алып қаламызда балалар мен жасөспірімдерге арналған 42 ойын-сауық ұйымдары жұмыс істейді. Осы ұйымдар бірігіп, бүгінгі фетивальді жоғары деңгейде өтуіне атсалысты», - дейді Қор директоры әрі фестиваль ұйымдастырушысы Алма Ауғанбаева.
Оның айтуынша, Қазақстан ұлттарының бірлігі күніне орай осындай фестивальдердің көптеп ұйымдастырылуы достастықтың одан әрі нығаюына септігін тигізеді.
Фестиваль соңында төрешілер көрермендердің бағалауын ескере отырып, жеңімпаздарды анықтады. Дәстүрлі би мен қолөнер өнімдерінің көрмесі арқылы ерекше көзге түскен украин ұлтының өкілдері жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды кәріс ұлтының өкілдері жеңіп алса, үшінші орын өзбек ағайындардың қанжығасына байланды.
Фестивальге қатысқан түрік, әзербайжан, орыс, грек, татар, неміс, грузин диаспораларының өкілдері мақтау қағаздары мен арнайы дайындалған сыйлықтарға ие болды.