Алматыда халық қалаулылары ардагерлерді құттықтады.
Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 73 жыл толды. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн.
Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған тыл еңбеккерлері тойлайды. Осындай ардагер апа-аталарымызға сый-құрмет көрсету, қажет уақытында жандарынан табылу біздің парызымыз. Осы орайда Алматы қалалық мәслихат депутаттары Қ.Сәрсенбай, Ф.Мерхамитқызы, Н.Ниязова, З.Касанов «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалының қызметкерлерімен бірге «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында аудандағы бірнеше ардагерлерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Мәслихат депутаттары өз тараптарынан дайындаған сыйлықтарын табыстап, ардагерлердің хал-жағдайларын біліп қайтты. Ардагер апа-аталарымыздың сұрапыл соғыс жылдарында бастан кешкен қиын кезеңдері мен оқиғаларын тыңдап, олардың майдандағы ерліктері мен қайтпас қайсарлықтары ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Өз кезегінде ардагер апа-аталарымыз алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.