Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұражай түні өтті

/uploads/thumbnail/20180528141417168_small.jpg

Алматы қаласының мұражайларында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық музейлер күніне арналған «Мұражай түні» атты мерекелік шара өтті. Дәстүрге айналған мұражай мерекесі биыл да алматылықтарға көптеген тосын сыйларды тарту етті. «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» алты музейі – Алматы музейі, Д.А.Қонаев музейі, Н.Тілендиевтің мемориалдық музейі, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі мен Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы көрермендерге тақырыптық көрмелер, шеберлік сабақтар, квест ойындар, байқаулар, концерттік бағдарламалар, театрлан­дырылған қойылымдар, арнайы мәдени-танымдық бағдарламалар дайындады.

Алматы музейінің залдары тарихи оқиғаларды, сол дәуірдің киімдері мен тұрмыс-тіршілігін интерактивті түрде келушілер назарына ұсынды. Мерекелік шарада көрермендер «Жанды музей» экспозициясында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және Мемлекеттік қуыршақ театры әртістерінің та­рихи тұлғаларды сомдаған театрландырылған қойы­лымдарын тамашалады. Көрермендер «Алтын хан­шайым» және «ХХ ғасыр басындағы Жетісу өңірі: Дьёрдь Алмашидің мұрағатынан» атты мұражай көрмелерімен танысты. Бұл түні музей экспозициясы бойынша «Мұражай қазынасы» атты квест ұйымдас­тырылды.

***

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Халықаралық музейлер күніне орай «Ғасырлар үні» атты шара өтті. Мерекелік шара шеңберінде Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­ториясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының және Ж.Елебеков атындағы республи­калық эстрада және цирк кол­леджінің студенттері «Алтыбақан» аясында театр­ландырылған қойылымын сахналады. Әсем әнмен әрленген, күмбірлеген күймен көмкерілген «Ғасырлар үні» атты гала-концерт жұртшылықтың жүрегіне ғасырлар сазын жеткізді.

Мұражай түнінде «Ұлт руханиятын жасаушылар» атты деректі фильмнің көрсетілімі болды. Музейдің мемориалдық музыкалық аспаптар залында музыкалық аспаптары сақталған Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев, Жүсіпбек Елебеков, Дина Нұрпейісова, Мағауия Хамзин тәрізді өнер тұлғаларының көне хроникалық бейнетаспалары көрсетілді.

Сондай-ақ, бұл кеште музыкалық аспап жасаушы шеберлердің көрме-жәрмеңкесі өтті.

***

Д.А.Қонаев музейінде «Көшелер сыр шертеді» атты экскурсия, «Қонаевтарда шай ішу» акциясы, мұражай бойынша экскурсия сондай-ақ, «Экспонатты тап» атты квест-ойыны ұйымдастырылды.

***

Н.Тілендиевтің мемориалды мұражайында Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді қойды.

***

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориал­дық музей кешенінде өткен ізгі шара таудай тұлға­лардың ғибратты ғұмыры мен шығармашылық жолын насихаттау мақсатын көздеді. Жастар арасында өткен «Таныс һәм бейтаныс бейнелер» атты квест ойыны қазақтың ақын-жазушыларының өнегелі өмірі мен шығармашылық бай мұрасын насихаттауды мұрат тұтты.    «Асқақтай бер, ару қала Астана!» атты сұрақ-жау­ап сайысы жастардың дүние-танымын тереңдетіп, көңіл көкжиегін кеңейтті. «…Жақсы ән мен тәтті күй» сазды бағдарламасында Т.Жүргенев атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің және Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының  студенттері әсем ән мен тәтті күйден шашу шашты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар