Тәуелсіз Қазақстанда ұлттық спортты дамыту қолға алынып, бірқатар Халықаралық федерациялар құрылған. Солардың бірегейі – Қазақ күресі. Бүгінде Қазақ күресінен Әлем, Азия, халықаралық біріншіліктері өткізіліп тұрады. Елдегі Қазақ күресі додаларының беделі мен жүлде қоры бойынша биік шыңы – «Қазақстан Барысы» турнирі.
ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін дәстүрлі додаға елдің аудан, облыс, қалаларында іріктеу жарыстары өтеді.
Шаһар басшысы Б.Байбек федерация президенті болып табылатын Алматыда да жыл сайын «Алматы Барысы» турнирі өткізіліп, сегіз ауданның жеңімпаздары кілемге шығады.
Қазақ күресінен биылғы «Алматы Барысы – 2018» турнирі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 1 мамырда өтті.
Боз кілемде Алматының 8 ауданынан келген 24 балуан өзара бақ сынасты.
Айтулы доданың салтанатты ашылу рәсімінде Алматы қаласы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тіледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Қазақстан халқына арнаған мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу» деген болатын. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз әдеп-ғұрып, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту жолында қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасау үстінде. Бүгінде, Қазақ күресі еліміздегі спорт түрлерінің халқымызға кеңінен танымал, ел сүйсініп тамашалайтын, нағыз текті күрес түрі. Ал «Алматы Барысы» турнирі – қала тұрғындары мен қонақтарына, жалпы спорт сүйер қауымға тарту етілген ерекше сый, дәстүрлі спорттық мереке, – деп атап өтті.
Биыл Түрксіб ауданының өкілі Дәурен Нұралинов «Алматы Барысы-2018» атанды. Байрақты бәсекенің ақтық мәресінде ол Медеу ауданынан келген былтырғы чемпион Руслан Абдразақовты (132 келі) жеңді. Жеңімпаздың өзі 122 келі салмақпен боз кілемге шыққан. Финал шын мәнінде «алыптар айқасы» болды.
– Мен турнирді ұтып, алдағы «Қазақстан Барысында» Алматы намысын қорғайтыныма қуаныштымын. Президент жүлдесі – «Қазақстан Барысында» жеңіске ұмтылатын боламын, – дейді чемпион Дәурен Нұралинов.
Үшінші орын – Қола белбеуді Түрксіб ауданының балуаны Жайдар Сайлаубаев пен Елдар Насиев (Алатау ауданы) сарапқа салды. Бұл белдесуде жеңіске Жайдар Сайлаубаев жетті. Ол қола белбеу мен 100 мың теңгені қанжығасына байлады.
Турнир чемпионына «Лада приора» көлігінің кілті мен Алтын белбеу, екінші орын иегеріне 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен Күміс белбеу табысталды. Енді олар «Қазақстан Барысы–2018» турнирінде Алматының намысын қорғайтын болады.
«Алматы Барысы» — Алматы қаласының Денешынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтетін дәстүрге айналған боз кілем додасы. «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясындағы турнирдің басты мақсаты – қала тұрғындарының арасында қазақ күресін дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау.
Пікір қалдыру