Киелі мекендерді көргісі келетін шетелдік және отандық туристерге жол бастаушы болуды қалайтын оңтүстікқазақстандық жастар «Гид-волонтер» жобасы бойынша іске кіріскен еді. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қолдауымен қолға алынған бұл жобаға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Туризм» және «Тарих» мамандықтарының студенттері белсене қатысты. Гид болуға ниет білдірген еріктілер өңірдегі киелі және тарихи орындарда болып, өздерін қызықтырған мамандықтың қыр-сырын меңгерді.
Саяхат барысында студенттер Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи, Домалақ ана, Бәйдібек ата кесенелерінен бастап, өңірдегі барлық киелі нысандардың тарихы мен ерекшеліктеріне қанықты. Туризм саласының мамандары Ғани Назарбек пен Гүлнар Бекмұратова және жергілікті шырақшылардың тарапынан ерікті гидтерге ақыл-кеңестер айтылып, тәжірибе алмасылды. Жуырда «Оntustik Center» орталығында студенттер киелі орындар мен туристтік маршрутта белгіленген нысандарға жасаған, зерттеген жұмыстарын қорғады. Сондай-ақ, 72 сағаттық практикалық курстан өтті. Гид-волонтерлердің зеректігі тексеріліп, оларға сертификаттар тапсырылды.
* Жобаға қатысып, көп нәрсені үйрендік. Туған жердің тарихын оқумен қатар, көзбен көрудің өзі де бір ғанибет. Бойымыздағы Отанға деген сүйіспеншілік еселене түсті.Келешекте мектеп оқушыларының саяхатқа шықса таныстырылым жасауға дайынмын –дейді ПИК-16-3К тобының студенті Закир Антаров.