Кеше АҚШ-тың Оңтүстік Кореядағы елшісі Марк Липпертке қастандық шабуыл жасалды деп хабарлайды Qamshy.kz порталы CNN-ге сілтеме жасай отырып. АҚШ-тың Сеулдегі өкілетті елшісі Марк Липпертке маңызды іскерлік кездесу барысында белгісіз қаруланған еркек шабуыл жасаған. Қолына өткір алмас ұстаған күдікті елші мінберге шыға бергенде "Оңтүстік және Солтүстік Корея бірігуі керек" деп дауыс көтерген. Артынан белгілі болғандай көпшілік алдына беттей берген елшіге қарай тұра ұмтылып, қолындағы алмаспен дене жарақатын келтірген. Шабуылдан қатты дене жарақатын алған елші тез арада ауруханаға жатқызылды. Ал дәрігерлер "елші көп мөлшерде қан жоғалтқандықтан біраз уақыт дәрігерлердің бақылауында болады. Алайда оның денсаулығына келетін қауіп жоқ",-дейді. Қазіргі таңда Сеул полиция қызметкерлері күдікті адамды ұстап, тергеуге алуда. Елшіге шабуыл жасаған азаматтың жеке басына қатысты әзірге ешбір дерек айтылмаған. Тек оның есімінің "Ким" екендігі ғана мәлім. АҚШ мемлекеттік департаменті: "АҚШ-тың Сеулдегі елшісіне қастандық жасалғаны рас. Қазір біз мән-жайды толық тексеріп жатырмыз. Қастандықты ұйымдастырғандар міндетті түрде жазасын алады"деді. Марк Липперт АҚШ-тың Оңтүстік Кореядағы ешлісі қызметіне 2014 жылы тағайындалған. Бұған дейін ол АҚШ қорғаныс министрінің Азия елдері жөніндегі көмекшісі қызметінде болған. http://youtu.be/Zg5IiEIRd88