Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті

/uploads/thumbnail/20180606120950736_small.jpg

Кеше «Отбасы күні» мерекесіне орай еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті.

Осыған байланысты Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясында «Білімді ұлт – сапалы оқыту және отбасылық құндылықтар» тақырыбында ата-аналар кеңесінің мүшелері бас қосты. Жиыны 38 адам қатысқан жиналыста бірнеше мәселе күн тәртібіне қойылды. Мәселен, мектеп директоры Бағдан Қайыржанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы — білім берудің негізі», директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Қайырханова «Оқу жылының қорытындысы, оқушылардың білім сапасы»,ал Семей қалалық Тілдерді оқыту орталығының директоры Зәуреш Рамазанова болса қамқоршылар кеңесінің жұмысы жайлы жиналғандарды кеңірек ақпараттандырды. Бұдан бөлек, оқу үрдісін цифрлау жайлы аға инженер Айбек Керімбаев, оқулықтарды әзірлеу туралы информатика пәнінің мұғалімі Зоя Журбенко жан-жақты мағлұмат беріп, келелі ойларын ортаға салды.

Басқосуда сөз алған мектеп басшысы білім алушы әрбір оқушының өз еліне, жеріне жаны ашитын, елжанды азамат болып өсуіне мектеп пен ата-аналардың бірлесе атсалысуға шақырса, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова сынып сағаттары, «Шаңырақ» сағаттары, әлеуметтік жобалар арқылы оқушы бойына білім мен тәрбиенің негізі қатар сіңіріліп жатқанын жеткізді.

Қамқоршылық кеңесте өз тарапынан атқарылуға тиісті істердің еңсеріліп жатқанын жиналысқа келген ата-аналар естіп білді. Жиналыс соңында ұрпақ тәрбиесі жолындағы оңтайлы ұсыныстар мен орамды ойлар айтылып, алдағы уақытта осы бағытта бірлесе жұмыс атқару жоспарланды.

Қатысты Мақалалар