Семейге Тарбағатай ауданынан гуманитарлық көмек келіп жетті

/uploads/thumbnail/20180606153205152_small.jpg

Биыл Семейдің Түйемойнақ аралы, Бобровка саяжайы, Шығыс және Мирный кенттеріндегі халық су тасқыны салдарынан айтарлықтай үлкен зардап шекті. Осыған байланысты бүгінгі күнде үйлері жарамсыз күйге түсіп, қабырғасы қайысқан тұрғындарға материалдық және қаржылық көмек көрсетушілердің саны күннен-күнге артуда. Тіпті, Қазақстанның өзге аймақтары да белсенділік танытып, поезд арқылы болса да баспанасыз қалған азаматтарға қажет заттарды көптеп жіберуде.

Ал бүгін «Тарбағатай елі сіздермен бірге» деп жазылған автобусқа тиелген макарон, ұн, күріш және де тағы да басқа азық-түлік өнімдері Тарбағатай ауданынан келіп жетті. Қиын жағдайды бастан өткеріп отырған адамдар үшін арналған гуманитарлық көмек «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалының штабындағы қоймаға орналастырылды.

Тарбағатай ауданы Аягөз халқына да қол ұшын созып, 2 млн теңге көлемінде заттармен және азық-түлікпен көмек көрсеткен болатын.

— Игілікті істің бастамашысы болған Семей қаласының қайырымды жандарына, Алматы шаһары мен Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығына зор алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда біздің қоймада тұрған азық-түлік,киім-кешек сынды заттар алдағы уақытта арнайы құрылған комиссия мүшелері арқылы көпшілікке теңдей бөліп, тез арада таратып беретін боламыз, — дейді «Нұр Отан»партиясы Семей қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зульфия Жамалтдинова.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар