Ақын Төреғали Тәшеновтың өлеңдер жинағынан алуан тақырыптағы тамаша жырларды кездестіруге болады. Көпшіліктің ішіне кең таралған танымалы өлеңдерінен бозбала мен бойжеткенге арнаған «Қызыл етік» деген қып-қызыл шоқтай өрт өлеңі бар. Онан толыса, кемелдене келе, кейінгі кезде жазған «Түркістанды аңсау» деген асыл жыры бар. Біздер бас қосқанда, отырыс, жиын-тойларда, әдеби кештерде осы өлеңін оқытамыз. Ұзындау болғанына қарамай, өзі де ол өлеңді оқығанда, құбылып, құлшынып кіріседі. Ал енді, үшінші ылғи білекке іліп немесе қонышына сұғып қойып жүретін қуатты өлеңі «Қамшы тарту». Бұл өлеңнің өн бойынан ұлттың исі бұрқырайды. Қазіргі қазақтар қамшының не екенін білмеуі мүмкін, бірақ күні кеше көкпар тартып, қыз қуған, жүйрік мініп, шабандоз болған қазақтар үшін қамшының рөлі де, құны да қымбат. Қамшы мінген жылқының жылдамдығын өзгертетін скорость немесе газды басу секілді тетік. Ер жігіттің көмекші құралы. Бейбіт күнде сән үшін ұстап жүруге болатын әсем өнер бұйымы. Ал жаугершілікте найза, қылыш, шоқпар, қанжар, шалма арқан секілді қамшы да үлкен соғыс қаруы. Тек қана қамшымен жарақтанған «қамшыгер» батырлар болған. Бесті өгіздің терісін қақ бөлген, бураның тұмсығын турап түсірген қамшыгерлер туралы аңыз-әңгімелер қаншама! Алты тұтам тобылғы сапты, он екі өрім өр қамшылар жігіттің айбары, азаматтың сесі саналады. Қамшыны өзексіз өруге де болады. Алайда салмағын арттырып, өтімін өктемдету үшін жұмыр қайыстан, әлде қорғасыннан өзек салуға болады. Өрімі сабынан озық болмауға тиіс, сонда ол тиген жерін тіліп түсіреді. Қамшы - сес, қамшы – серт. Қайқаңдаған улы жыланның өзі қамшы сілтенген жерден сылқ ете қалады. Бүлдіргесінен білегіне ілген жігіттер қолдан тастамай; отырса, тізесінің астына басып, жүрсе, екі бүктеп алақанына қысып сығымдайды. Испанияның семсерлерін серт ұстаған серілері секілді қамшы деген ұлттық қару орнына жүрген. Міне сондай, өмірді көрген, ат ойнатқан батырлар қамшыны қастерлеген. Бұл өлеңде ұлттық мінез бар. Салт-сана, ғұрып-әдеттің көрінісі көсіледі. Оқушысын да, тыңдаушысын да тықыршытып құлшындырады. Арқаң шымырлап, қуатың өрлеп, күшің тасиды. Алшаңдай басып барып, мама ағаштан аттың шылбырын шешіп алып, үзеңгіге аяғың тиер-тимес қарғып мініп, қамшыңмен сауырлата бір сипап, тартып кеткің келеді. Бұл сезімді тудырған өлеңдегі құдірет. Осыны жазған Тәшенов бірде көп жігіттің ішінде отырса, біреулер «ДТ» боламыз, біреулер «ҚТ» боламыз, «ал, сіз кім боласыз?»-десе керек. Сонда Төкең біз «ТТ» боламыз деген екен... Мұны біреулер «Төреғали Тәшенов» дегені шығар десе, енді бәреулер «ТТ тапаншасы» ғой деп топшылапты. Негізі Төкең «мен рудан биік тұрамын, өзгеше «ТТ» боламын» дегенді меңзесе керек. Иә, шынында Төкең ұлттық ақын. Бұл «Қамшы» сайтының да ұраны мен ұстанымына сай келеді деп ойлаймын. Бұл өлеңді бөліп алып айтып отырғаным, болмыс-бітімі басқаша, аумаған он екі өрім өр қамшының өзіндей болғандығынан. Авторының дәл қазақтың баласы екеніне де шүбәң жоқ. Адасқан христиандар Исаны (ғ.с.) Құдайдың ұлы деп шатасады. Құранда «Алла тумаған, туылмаған, әкесі жоқ, әйелі жоқ, баласы жоқ» екендігін анық айтып берген. Сондай жүгенсіз жиеркенішті ойлар қазақ жазармандарының жазбаларынан да көріне бастады. Өзін аузы-мұрны қисаймай, «мен – құдайдың ұлымын» дегенін де естідік. Ал оның қасында аспай-таспай, қамшыны сілтеп, қарапайым қазақтың баласы екенін ұқтырудың өзі үлкен олжа! Шіркін, Төкеңнің қамшысымен әлгіндей әпербақандарды бір ұшықтап алар ма еді... Отыз екі жолдан тұратын өлеңді назарларыңызға ұсынайын. Талдап таразылауды өздеріңізге қалдырдым.
Өзегі бар өр қамшы, Он екі таспа ер қамшы, Шемен қатқан шер қамшы, Тобылғы сап тер қамшы, Жеті тұтам жар қамшы, Қара басы хан қамшы, Жылан бауыр сары қамшы, Жігіт болсаң, жанға алшы!
Сұр жыланға серт болған, Ер ұланға дерт болған, Екі бүктеу шарт болған, Екі тартпас мәрт болған, Сүйек сабы нарт болған, Сүйір ұшы шалт болған, Талмау тұстан таңдаған, Даулау тұстан аңдаған, Қоңсысы - қоныс наз қамшы, Туысы - тізе әз қамшы.
Бастықпаған асауын Баса тартып жіберген, Құдай қосқан қосағын Қоса тартып жіберген, Тіл алмаған тентегін Тіле тартып жіберген, Көңілі түссе, келгенін Күле тартып жіберген, Иесі болған дүр қамшы, Киесі болған пір қамшы, Қара бұрым қас қамшы, Сері бұрым сес қамшы, Мен салмадым, сен салшы...
Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, ҚЖО-ның мүшесі