Алматы музейінде «Рухани жаңғыру» залы ашылды.
Бұл залда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген Алматы қаласы аумағында орналасқан нысандар - «Тәуелсіздік таңы» монументі, қазіргі Қазақ-Британ техникалық университеті орналасқан ғимарат, Вознесен Соборы, А. Байтұрсынұлының музей-үйі, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі, Райымбек батыр кесенесі туралы толық мәліметтермен танысуға болады.
Экспозицияның ауқымды бір бөлігі «100 жаңа есім» жобасына енген 20 жерлесімізге арналған. Көрме сөресіне Қазақстанның жүздігіне енген Алматылықтардың еңбектері мен марапаттары қойылған. Соның бірі - жас өнертапқыш Мәулен Бектұрғанның ойлап тапқан бионикалық протезі.
Сондай-ақ, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ақпарат, қазақ тілінде басылып шығатын 100 әлем оқулықтарының 18-і осы залдан өз орнын тапқан.
"Алматы қаласы музейлерінің бірлестігі" ҚМКК директорының орынбасары Қайрат Тарбаев: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төңірегінде іске асырылып жатқан жұмыстар қарапайым халыққа түсінікті болуы керек. Бұл көрме Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған істің есебі іспеттес. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек қана құжат, жоспар түрінде ғана жүзеге аспауы тиіс, қарапайым халыққа қолжетімді болуы керек», - дейді.
Пікір қалдыру