1 қыркүйекте Атырау облысындағы мектептерге 118 мың оқушы келді, оның 15 мыңнан астамы білім ошағына алғаш рет қадам басушылар.
Оқу жылы жарқын жаңалықтармен және алғашқы қоңырау салтанатымен басталды. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев салтанатты шараға қатысып, тілегін арнады.
-Барлық ұстаздарды, ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Соның ішінде мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отырған балалар үшін бүгін мереке. Мектептен алған білімдеріңіз болашақ өмірлеріңізге жолдама береді. Өскелең ұрпақтың кәсіби, сапалы білім алуына қажет жағдайдың бәрін жасауға тиіспіз. Мемлекет басшысының саясаты біздің тәуелсіз еліміздің нығаюына бағытталып отыр, - деді Нұрлан Ноғаев. - Экономиканы дамыту, азаматтарымызды әлеуметтік жағынан қорғау, өмір сүру деңгейін көтеру қазақстандықтардың болашаққа деген сенімін арттырады.
Облыс әкімі жаңа оқу жылынан бастап мектептерге «Өлкетану» (Туған өлке тарихы) деген жаңа пән енгізіліп отырғанын айтты. Бұл - тәрбие мен жас ұрпақты дамыту жолындағы маңызды қадам. Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы қоғамның барлық салаларын қамтиды. Ең алдымен өскелең ұрпақтың бойында туған жеріне, шыққан тегіне деген құрметті қалыптастырады.
- Құрметті ұстаздар, оқушылардың білім деңгейі сіздерге байланысты. Сіздердің қамқорлықтарыңыз, білімдеріңіз шәкірттеріңіздің биік белестерді бағындыруларына жол ашады. Өткен оқу жылында 71 оқушы түрлі өнер, білім жарыстарында жүлдегер атанды. 20 атыраулық оқушы халықаралық байқауларда жүлделі орындарды алды, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев. – Заман талабына сай жаңа технологияларды дамытуға және оларды балалардың меңгеруіне көңіл бөліп келеміз. IT-сыныптар ашылып жатыр, оқу орындарының 90% астамы кең жолақты интернет жүйесіне қосылған. Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде 45 робот техника сыныптары жұмыс істейді. Бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Егер біз табысты, бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, балаларымызға қолжетімді кәсіби білім беруге тиіспіз.
1 қыркүйекте облыс бойынша жаңадан екі мектеп, үш балабақша, музыкалық колледждің жатақхана ғимараты пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін білім беру саласында тағы да жаңа нысандар ашылады. Бұл мемлекеттің білім беру саласын дамыту үшін қажет жағдайдың барлығымен қамтамасыз етіп отырғанының көрінісі, - деп атап өтті аймақ басшысы. -Барлық оқушыларға ата-аналарының, ұстаздары мен тәлімгерлерінің үміттерін ақтасын деген тілек айтамын. Елдің болашағы - сіздердің қолдарыңызда. Қазақстанның дамуы мен гүлденуі- сіздердің қолдарыңызда. Құтты қадам болсын!
Мерекелік шарадан кейін облыс әкімі бірінші сынып оқушыларымен бірге
«Менің Отаным - Қазақстан» тақырыбындағы алғашқы сабаққа қатысты.
Оқу жылының алғашқы күнінен бастап бірінші сынып оқушылары Қазақстан тарихы, еліміздегі белгілі тұлғалар жайлы танымдық мәліметтер алды.
Пікір қалдыру