Мәулен Әшімбаев саяси ұйымның жергілікті активімен кездесті

/uploads/thumbnail/20181004115758763_small.jpg

Атырау өңіріне жұмыс сапары аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев саяси ұйымның жергілікті активімен кездесті. «Рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларының мұнайлы өңірде жүзеге асырылу барысы талқыланған жиында Мәулен Әшімбаев партияның алдында жаңа міндеттер тұрғанын атап айтты.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы тарапынан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында орталық және өңірлік деңгейде Қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Қоғамдық кеңестің құрамында жетекші саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлерінің және өңірлік палаталарының, үшінші сектор өкілдері, танымал блогерлер, салалық сарапшылар мен ғалымдар бар. Бұл партияның жаңаша форматты қолға алғанын көрсетеді. Ендеше, партия мүшелері қандай міндеттер жолында бірігуі тиіс?

Біріншіден, партия қазіргі кезеңдегі стратегиялық миссияны нақтылауы керек. Яғни, партия мемлекеттің экономикалық, рухани, әлеуметтік саясатының орындалу барысын қадағалайды. «Үшінші өнеркәсіптік жаңғыру процесіне атсалысу – біздің басты міндетіміз. Осы ретте, партия тың идеялар ұсынысының өзегіне айналуы тиіс» деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Екіншіден, партияны нақты жұмыстар алаңына айналдыру. «Алдағы үш жылда ел көлемінде 1000 ІТ сынып ашу жоспарланып отыр. Партия тікелей мұрындық болып отырған бұл сыныптар дәстүрлі информатика пәнінің оқу бағдарламасына ұқсамауы тиіс. Қазіргі таңда елімізде 383 ІТ сынып ашылды. Оның 10-ы Атырау облысында. Республика бойынша 17 ІТ орталық жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға жасалған үлкен мүмкіндік» деген спикер Мәулен Әшімбаев партия филиалдарының жұмысы өткізілген шара санымен емес, халыққа тигізген нақты пайдасына қарай бағаланатынын айтты.

Үшіншіден, кәсіби кадрлар резервін жасақтау. Спикер Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жауапты саяси қызметке үміткерлер енді кәсіби кадрлар резервінен алынады. Бұл – партия құрамына өту енді күрделі іріктеу кезеңінен кейін ғана жүзеге асырылады деген сөз.

Төртіншіден, қоғамда орын алып жатқан жағдайларға мониторинг жүргізу, ахуалды саралау.Партия әлеуметтік желілердегі ақпараттарды саралай отырып, қоғамдық деңгейде алаңдаушылық туғызған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін болады. «Осындай мониторинг нәтижесінде партия диабет дертіне шалдыққан балаларды толықтай дәрі-дәрмекпен қамтуға, менингит дертімен күресуге тиісті шаралар қабылдауға қол жеткізді» деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Мұнайлы аймақтың басшысы, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалыныңтөрағасы Нұрлан Ноғаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. «Білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, қажетті мамандарға жергілікті бюджеттен грант бөлу дәстүрлі үрдіске айналды. Студенттерді жатақханамен қамту мәселесі шешілуде. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 98 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Ал, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр аймағына газ тарту жұмыстары жүруде. Келер жылдың бірінші тоқсанында Азғырға қарасты сегіз елді мекенге газ жеткізу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, табысы төмен 65 мың атыраулық салықты төмендету мүмкіндігін пайдалана алады» деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Атырауға сапары аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Атырау музыка колледжі «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының» жатақханасымен, «CaspiyLanaAtyrau» жеңіл өнеркәсібінің жұмысымен танысты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар