ҚазҰУ-да «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мысырдағы Қазақстан елшілігі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен халықаралық мектеп өтті. Мемлекет басшысының Қазақстанды әлемге таныстыру тапсырмасын негізге алған бұл шараға Мысыр Араб республикасынан келген деллегацияда 27 адам, оның ішінде 12-сі кәсіби журналист және мысырлық ең үздік 15 студент бар.
Халықаралық мектеп барысында шетелдік қонақтарға түрлі экскурсиялар ұйымдастырылды. Жетісудың ең танымал туристік жерлері саналатын Шарын шатқалы мен Үлкен Алматы көлін тамашалап, Алмаарасанға барды. Көне тарихтан сыр шертетін тарихи мұражайларға сапарлар жүргізілді. Мысырдан келген деллегацияға қазақ тарихынан, мәдениеті мен салт-дәстүрінен, әдебиетінен дәрістер оқылды. Сондай-ақ, шара аясында мысырлықтарға Алматының көрікті жерлері таныстырылды..
Арнайы экскурсиядан кейін шетелдік қонақтармен бірге журналистика факультетінде қазақ-араб журналистикасының өзекті мәселелерін талқылауға арналған қорытынды дөңгелек үстел өтті. Жиынға еліміздің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен Мысыр Араб республикасының баспасөз журналистері мен студенттері қатысты. Дөңгелек үстелде журналистикаға да жаңашылдық керектігі, алайда жаңашылдық деп, өткен нәрсені ұмыт қалдыру емес, кешегі мен бүгінгіні сабақтастыру, кемшіліктерді толықтырып, барынша оқырман үшін жұмыс істеу, еңбектену қажет деген ойлар айтылды. Қазақ-араб журналистерінің бас қосуында осы және өзге де мәселелер талқыға түсті. Алғашқылардың бірі болып сөз алған ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы журналистика саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. «ҚазҰУ-дың әлемнің әйгілі 800 университетінің ішінде 220 орын алғандағы басты себептерінің бірі халықаралық байланыс орнату. Ай сайын шетелдік қонақтар келіп, университетпен танысуының ар жағында осы сіздер оқып, біз еңбек етіп жатқан университетіміздің беделі тұр. Бүгін сондай дәстүрдің сабақтастығы бізді Мысыр елінің журналистерімен байланыстырып жатыр. Осы он күнге жуық уақыт ішінде, Мысыр елінен келген делегация университетіміздің болмысымен танысып, ерекшеліктерін біліп, шеберлік сабақтарын өткізді. Ал бүгін қазақстандық журналистермен, журналистика факультетінің ұстаздары және студенттерімен арнайы жүздесу үшін келіп отыр», - деді журналистика факультетінің деканы.
Бұл сапар мысырлық журналистердің Қазақстанға бірінші рет келуі екен. Олар бұл сапарда Қазақстандағы әріптесерімен, жұмыс жүйесімен танысуды, білім беру саласындағы жаңалықтарды көріп қайтуды өздеріне мақсат еткен. Әрі осы салада жолдаған сұрақтары да көп болды. Өз сөздерінде қазақ елінің қонақжайлығын да тілге тиек етті.
Қазақстанды танып-білген Мысырдан келген қонақтар әсерлерін, қазақ елі жайлы ақпараттарын өз елдеріндегі БАҚ-та жариялауды жоспарлап отыр. Аталған делегация құрамында, Мысырдағы ең танымал «Әл-Жумһурияның» газетінің белді журналистері болды. Бұл басылымның құрамына төрт газет кіреді, оның екеуі арабша, қалғандары француз және ағылшын тілінде хабар таратады. Газеттің негізі 1956 жылы қаланған. Оның алғашқы санын шығарған Мысыр президенті Жамал Абдул-Наср. Басылымның тарылымы да жоғары, оның 600 мыңға жуық оқырманы бар. Осы алқалы жиында мысырлық журналистердің айтуынша, осы уақытқа дейін оларда журналистерді қорғайтын заң болмаған. Қазір тиісті заң жасалып, журналист құқығы қорғалып келеді екен. Сондай-ақ, журналистер одағы да жұмысын жасауда. Онда оң мыңға жуық журналист мүшелікте екен. Ал Мысыр Араб республикасында үш түрлі газет жұмыс жасайды. Оның біріншісі - үкіметтік, екіншісі - партиялық, үшіншісі - жеке компаниялардың газеттері. Дөңгелек үстелде сөз алған "Әл-Жумһурия" газетінің бас редакторы Мұхаммед Талаат мырза қазақстандықтарға алғыс білдіріп, өзі басқарып отырған басылым туралы тоқталды.
- Біз Қазақстандағы ең үздік, әрі әлемге танымал универсиеттердің қатарынан көрінген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тыныс-тіршілігімен танысқанымызға қуаныштымыз. Аталмыш жетекіші оқу орнын біз Мысырдағы жастарға, студенттерге таныстырамыз. Болашақта білім, ғылым, журналистика саласында бірігіп жобалар жасасақ деген ұсыныстарымыз бар. Дәл осындай іс сапарлар - 1958 жылдан бастап ұйымдастырлып келеді. Біздің үкімет студенттерді ынталандыру үшін мұндай тағылымды іс-сапарларды жалғастыруда. Сондай-ақ, біздің студенттер осының алдында Еуропа мен Азияның бірнше елдерін аралаған болатын. Соның ішінде, Қытай, Түркия, Индонезия, Малазия елдері бар. Бұл біздің Қазақстандағы ең алғашқы сәтіміз болып отыр. Біз бұрыннан Қазақстанға іс-сапар болса деп армандайтынбыз. Өйткені, біздің екі ел арасындағы байланысымыз тығыз болатын. Біз Мысырды билеген Сұлтан Бейбарысты құрмет тұтамыз. Ол Сұлтан туралы біздің де ақындарымыз өлең-жырларын жазған. Осындай жазиралы Қазақ жеріне келуімізді көптеген журналистеріміз бен студенттеріміз күткен болатын. Осы сапардан алған керемет әсерден кейін, біз әр кезде Қазақстанға қайтадан келуге асығамыз. Осы жердегі студенттер араб елдеріндегі және Қазақстандағы үлкен құрметті бір-бір елшілер болатынына сенімдіміз. Іс-сапарды ұйымдастырған Мысыр Араб Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиевке және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығына, журналистика және шығыстану факультеті декандарына алғысымды білдіргім келеді, - деді Мұхаммед Талаат мырза.
Жиын сұрақ-жауап түрінде жалғасты. Мәселен, "Әл-Жумһурия" газеті редакциясының бөлім басшысы Гамал Акл Салман мырза баспасөз журналистикасындағы мәселеге тоқталды. «Өздеріңіз білесіздер, газеттік журналистика үлкен бір қауіп-қатердің астында тұр. Өйткені барлық газеттер электрондық нұсқаға көшуде. Осы технологиялық төңкерістен кейін бізде әлеуметтік желілер бұл газеттердің орнын басып бара жатқандай сезіледі»- деген Гамал Акл Салман ортаға «Осындай сын-қатерлерде қазақстандық газет журналистикасы қалай жүріп жатыр, соны білгіміз келеді» деген сауал тастады. Мысыр журналистінің сауалына республикалық "Балдырған" журналының Бас редакторы, белгілі журналист-публицист Дүйсен Мағұлұмов жауап берді. Оләр басылым оқырманы үшін күресетіндігін жеткізді. Осы мәселені шешу жөнінде елімізде медиа-саласының мамандарымен әр түрлі жиындар өтіп жатқандығын, шешудің түрлі жолдары жасалып жатқанын айтты. «Біздер, балалар басылымы үшін, мектепке барып, оқушылармен кездесіп, журналымыздың жабылып қалмауына өзіміз жұмыс жасаймыз. Біз газеттерімізді жоғалтпауымыз керек, сақтап қалуымыз қажет. Сол жолда бәріміз жұмыс істеп жатырмыз, араб әріптестерімізге де соны тілейміз», - дейді Дүйсен Мағлұмов.
Жиын барысында өзге де көптеген сұрақ жауабын тауып, тәжірибелік диалог орын алды. Мысырлық журналистер Қазақстандағы сапары барысында еліміздің жетекіші оқу орны - ҚазҰУ туралы бірнеше ақпараттық мақала жариялап үлгерді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай халықаралық кездесулер отандық мамандарға мол тәжірибе беріп, еліміздің әлемге танылуына жол ашуда. ҚазҰУ-да мұндай келелі кездесулер өткізу дәстүрге айналған.