Ақтауда «Әминиада-2018» жеңіл атлетика турнирі өтті

/uploads/thumbnail/20181022160234487_small.jpg

Сайыс жасөспірімдер арасында 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Еуропа кубогының жеңімпазы, Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, 200 метрге жүгіруде Кеңес Одағының 5 дүркін чемпионы, жеңіл атлетикадан 100, 200, 400 метрге дейін жүгіруден Қазақстанның 3 дүркін чемпионы, әлем рекордтарының жаңартушысы – Әмин Елемесұлы Тұяқовтың құрметіне өткізілген сайысқа биыл да Маңғыстау облысының барлық қала, аудандарынан атлеттер келіп, бақ сынады.

Шараға Әмин Тұяқовтың өзі арнайы келіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Ардагер атлет пен оның жарына «Ақтау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгі мен сый-сияпат табысталды.

-Турнирге 2001-2002, 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер қатысты. Олар 100, 200, 400, 800 метрге жүгіру және эстафета сындарында бақ сынады. Эстафетаға 4 адам қатысып, әрқайсысы 200 метрден жүгірді. Бұдан бөлек қашықтыққа секіру сайыстары бар, — дейді жарыстың бас төрешісі Дмитрий Славнов.

Жарыс республикалық статусқа ие болғанымен қатысушылар тек облыс спортшылары. Дегенмен сала өкілдері алдағы уақытта түгел аумақты қамтымақ ниетте екенін жеткізді.

-Бүгінгі додаға 120-ға жуық спортшы қатысты. Келесі жылы аталмыш турнирге баса назар аударып, бүкіл Қазақстан көлеміндегі атлеттерді қатыстыруға тырысамыз, — дейді МО спорт басқармасы басшысының м.а. Нұрбек Қарабалаев.

Сайыстың нәтижесінде 100 метрге жүгіруден: Май Мария (г.Актау), Агафонова Екатерина (Ақтау), Алданазаров Нұрғиса (Түпқараған ауданы), Қуанышбек Дамир (Ақтау); 200 метрге жүгіруден: Агафонова Екатерина (Ақтау), Қуанышбек Дамир (Ақтау);

300 метрде: Акениева Алина (Ақтау), Горбачёв Богдан (Ақтау);

400 метрде: Герасимова Ксения (Ақтау), Митрохин Дмитрий (Ақтау);

800 метрде: Өтеулиева Мәншүк (Қарақия ауданы), Реймбаев Бауыржан (Ақтау);

1000 метрде: Орынбасар Медина (Ақтау), Горбачёв Богдан (Ақтау);

Қашықтыққа секіруде: Аманжанова Гүлназ (Қарақия ауданы), Рақымғалиева Мөлдір (Жаңаөзен), Мыжықов Диас (Мұнайлы ауданы), Лысенко Александр (Ақтау);

Эстафетадан Ақтау қаласының спортшылары үздік шықты. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлық табысталды.

Қатысты Мақалалар